Руханият

Қара сөздің құлагері

Қазақтың қабырғалы қаламгері, қара сөздің өрен жүйрігі, дарынды драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев 62-ге қараған шағында дүниеден озды.

Отарбаев

Бұл қайғы қазақ руханиятына ауыр тиді. Қарымды қаламгер нағыз кемеліне келіп, шоқтығы биік шығармалар туғызар дер шағында өмірден өтіп отыр. Әрине, өте өкінішті. Осы екі-үш күннен бері қалың ел жазушының қазасына орай бір-біріне көңіл айтып, қайғыдан көкіректері қарс айырылуда.
Жазушы Атырау облысының Құрман­ғазы ауданында дүние есігін ашқан. Орал педагогика институтын бітірген. Әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі болып еңбек етті. Одан кейін Маңғыстау облыстық радио-телевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі, елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры секілді лауазымды қызмет атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Атырау облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі болды.
Рахымжан ағамыз әдебиетке өзіне тән соқпағымен, өз үнімен келді. Ардақты азаматтың болмысы да бекзаттық пен тектіліктің ерен үлгісіндей еді… Оның қайсар қаламынан «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды ес­тідім», «Біздің ауылдың амазонкалары» атты прозалық кітаптары мен «Бейбарыс Сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» деген драмалық шығармалар туды. Бұлардың бәрі әдеби қауымның оң бағасын алды.
Осы 2-нші ақпанда бас қаладағы №54 мектеп-лицейінің оқушылары Рахымжан ағамен кездесу өткізді. Сонда абзал азамат жас жеткіншектердің алдында ақтарылып сөйледі. Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев секілді ағалары туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Шығармашылығы туралы айтты. Сол ғибратты кездесуге мен де қатысқан едім. Бірақ жазушыны ақырғы рет көріп тұрмын деп еш ойлаған жоқпын. Ағаның көпшілікпен соңғы кездесуі де сол болар деп топшылаймын.
Міне, содан кейінгі аз күн ішінде қабырғалы қаламгер өзі де аузынан тас­тамай айтып жүрген асқар ағалары бет түзеген сапарға көш тартты. Бақұл болыңыз, қара сөздің құлагері, ардақты азамат!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

                 АҚАЛТЕКЕ

Ажал жетсе астыңдағы жар құлап,
Арқарың да асқар шыңнан қарғымақ.
Айырылып сендей ақалтекеден,
Азынаған мен – арабы арғымақ.

Жазамын, – деп жамиғаттың жан күйін,
Жүрегіңді жұлмалады сан құйын.
«Жан азасы» Мұқағали ағаңның
Саған да алып жеткен екен әлдиін.

Жүрген жері қалың өрт пен қоз қасы,
Мүмкін емес текежаумыт тозбасы.
Сен кетті, – деп тамып-тамып кеткені-ай,
Қорғасындай «Шыңғыс ханның көз жасы».

Өзгеше еді өнердегі өр үнің,
Өр үніңнен неге, қалқам, жерідің?!
Сен жұмаққа кіріп кеттің.
Мұндағы екі-үш жанға енші болып орының.

Қош, Рахым!
Ажал, шіркін, мергенше
атқанымен, аласармас сенде еңсе.
Дүниенің жалғандығын тағы ұқтық,
Тағы ұмытып, тағы біреу өлгенше…
Абзал БӨКЕН,
ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button