Әлеумет

«Қатаркөл» кештері

Астана қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы» – елордалық зейнеткерлер мен басқа да жеңілдік иелеріне қызмет көрсететін әлеуметтік мекеме.

[smartslider3 slider=3532]

Бурабай аймағында жайғасқан осы орталық «Қатаркөл» шипажайы деп та аталады. Қысы-жазы түсін өзгертпейтін қылқан жапырақты – шырша, емен, балқарағай және аққайыңның бел ортасынан орын тепкен бұл мекемеде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын зейнеткерлер, Ауғанстан соғысы және басқа да әскери ұрыс-қақтығыс оқиғаларына қатысушылар, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар мен Семей  полигонынан зардап шеккендер, сонымен қатар мүгедек балалар ем-дом алады.

– Бүгінгі таңда біздің мекемеге бір ауысымда 260-280 адам қабылданады. Орталықтың қызметі жыл бойы үзіліссіз жүргізіледі.

Біздің мекеменің тұрақты келу­шілері – негізінен, зейнеткерлер, сонымен қатар соғыс ардагерлеріне, басқа да мемлекет тарапынан жеңілдік тағайындалған адамдар. Мүгедек балаларды оңалту да – өте жауапты міндетіміз. Әрине, мұнда тікелей медициналық емдеу шаралары өткізілмейді. Алайда қажет болған жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсету қарастырылған. Жалпы алғанда, біздің негізгі міндетіміз – денсаулықты оңалту болып табылады. Ал оны жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда көлге шомылуға, спортпен айналысуға, орманда қыдыруға, көркемөнерпаздар концертіне қатысуға мүмкіндік бар. Түптеп айтқанда, табиғат аясында денсаулықты шынықтыруға, оңалтуға, жалпы демалуға барлық жағдай бар, – дейді орталықтың бас дәрігері Роза Қалиева.

«Қатаркөл» шипажайында ұзақ жылдар жұмыс істеп келе жатқан қызметшілер де аз емес. Мәселен, физиотерапия білімшесінің медбикесі Людмила Стаценко, әкімші-психолог Роза Ағыбаева, жылумен емдеуші Клара Бегімбаева, бас медбике Айман Мырзахметова – тек қана орталықтың озат қызметкерлері болып қоймай, келушілердің де ыстық ықыласын арқалап жүрген абзал жандар.

Шипажайда демалыста жатқан зейнеткердің бірі Людмила Владимировна Дяченко өз пікірін айтып, ризашылығын білдіреді.

«Маған бұл жерде бәрі ұнайды. Ем алған да, дем алуға да барлық жағдай жасалған. Әсіресе, орталықтың қызметкерлеріне ризашылығым шексіз. Қай процедураға барсаң да, дәрігерлер мен медбикелер күлімдеп қарсы алады. Біз сияқты жасы ұлғайған адамға бұдан артық қандай қызмет, қандай көңіл керек. Күзде осында тағы келемін бе деп отырмын» дейді елордалық зейнеткер.

Жауынгер-интернационалист Мұратбек Утеев те өз ойын ортаға салғанды жөн көрді.

«Түрлі соғыс, экологиялық апат жағдайын бастан кешкен ардагерлер үшін «Қатаркөл» шипажайы – таптырмас орын. Мұнда тек қана денсаулықты оңалтып қоймай, жансарайыңды демалдырып алуға жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Күндіз ем-дом алып болған соң, балық аулау­ға барамыз, орман аралап тынысымызды ашамыз, кешке өнерпаздар концертін тамашалаймыз. Би кешіне жиналған зейнеткерлер ән шырқап, шыр көбелек айналып, билеп жатады. Бұл жердің тамағы да көңілден шығады. Бес мезгіл ауқаттанамыз. Жалпы айтсам, орталыққа келген адамдар тек қана емделіп қоймай, ой сергітіп, бой жазып қайтады. Сондықтан елорданың зейнеткерлері мен ардагерлеріне осындай жағдай жасап отырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, шипажайдың басшылығына алғысымды айтамын» дейді Ауғанстан соғысының ардагері.

Иә, қысы-жазы үзіліссіз елордалық ардагерлер мен зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға қыз­мет көрсететін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы» мекемесі қала тұрғындарының сүйікті мекеніне айналғандай. Ең бастысы, мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетудің шынайы көрінісі осы «Қатаркөл» шипажайынан айқын көрінеді.

Олай болса, Бурабайды бетке алыңдар, астаналық ардагерлер мен зейнеткерлер демекпіз.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button