Жаңалықтар

Қоғамдық көлік қызметі жақсарады

Астана қаласының қоғамдық кеңесі атқарушы органдардың қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту, көше-жол желісін және тұрақ инфрақұрылымы объектілерін дамыту жөніндегі жұмысы бойынша қоғамдық тыңдалым өткізді.

Басқарма басшылары елордадағы жолаушылар тасымалын жақсарту, автобустар мен қалалық таксилердің жұмысы, жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізу, орынтұрақ инфрақұрылымын дамыту, ақылы орынтұрақтар енгізу, бір бағытты қозғалысты ұйымдастыру, қалалық көше-жол желісін дамыту сияқты маңызды мәселелер бо­йынша баяндама жасап, жиналған көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.
Қаладағы қоғамдық көліктің даму перспективасына шолу жасаған Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун алдағы уақытта осы қызметті пайдаланатын тұрғындар санының үлесін 33 па­йыздан 45 пайызға арттыруды көздеп отырғанын жеткізді. Қазіргі ахуалды сараптай келе, бірқатар елдердің тәжірибесі мен қоғамдық көлікті пайдалану көрсеткішіне тоқталды. Венада қоғамдық көлік қызметін пайдаланушылар – 35 пайыз, Сингапурда 63 пайыз болса, Мәскеуде халықтың 66 пайызы, Нью-Йоркте 54,3 пайызы осы қызметті пайдаланады екен. «Сондай-ақ, біз көше-жол желісінің өткізу қабілеттігін 37,5 мың кқ/сағаттан 43 мың кқ/сағатқа дейін жоғарылатуға ұмтыламыз» деді С.М. Хорошун.

«Біржақты қозғалыс» жобасының екі кезеңінің жүзеге асқанына көп бола қойған жоқ. Халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында «Bus Lane» автобус жолақтары қаламыздың он бір көшесінде белгіленді. Жалпы ұзындығы 38,4 шақырымды алып жатқан тиімді әдіс автобустардың орташа жылдамдығын 12-15 пайызға арттырды.
Қоғамдық көлік қызметінің оң нәтижесін Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов баяндап өтті. Қалада қоғамдық көлік саласының 9 операторы бар. Барлық бағдарлар саны – 85 бірлікті құрайды, оның ішінде 67 бірлік – қала ішінде, 4 экспресс-маршрут, ал қала маңына 14 бағдар бойынша қатынайды. Көліктерді жаңғырту 1025 бірлікке жетіп, көрсеткіш 40 пайызға артқан. Жолаушылар ағыны тәулігіне 850 мың жолаушы болса, қоғамдық көлік қызметін пайдаланушылар көлемі 33 пайызға жетіп отыр.
Келелі жиынның келесі тыңдалымы орынтұрақ инфрақұрылымын дамыту, ақылы орынтұрақтар енгізу мәселерін қамтыды.
Айта кету керек, бас қаламыздағы көлік құралдары санының артуы жылына 10 пайызға жетіп, мың астаналыққа 340 көліктен келіп тұр. Бұл қаланың көліктік жүйесіне әсер етеді. Қоғамдық көліктің тартымдылығын арттырудың маңызы зор екеніне тоқталған жиынға қатысушылар қызмет сапасына қатысты ұсыныс-пікірлерімен де бөлісті.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button