Қала тіршілігі

Қоғамдық тәртіп сақшысы

АСТАНА ТАҢДАУЫ – 2012

Астана тұрғындары арасында үздік мамандық иелерін таңдау жалғасуда. Өз саласының білгірі ретінде «Учаскелік инспектор» номинациясына ұсынылғандардың бірі – Нұрлан Өмірбеков.

Елорда тек қоғамдық-саяси орталық қана емес, тәртіптің де биік үлгісін көрсетуі тиіс. Осы ретте туындайтын ең басты мәселе – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік. Ал, оны қадағалайтын – тәртіп сақшылары. Нұрлан Үсіпбекұлы – №17 полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы. Астана таңдауы байқауына ұсынылған небәрі үш үміткердің бірі. 2004 жылдан бері ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатқан азамат соңғы үш жылдан бері осы бөлімшеде қызмет етеді. Оның айтуынша, инспекторларға құқықбұзушылықтың алдын алу, оны болдырмау, түрлі қылмыстардың жолын кесу жүктелген. Азаматтар күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайлармен(ұрлық, төбелес, жанжал, алаяқтық) құқық қорғау органдарына хабарласады. Бұл мәселелер бойынша, ең алдымен, оқиға орнына учаскелік инспектор аттанады. Мереке күндері астаналықтар той тойлап жүргенде, полиция қызметкерлері сол мерекенің көңілді өтуінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. «Полиция бөлімшесінде құқықбұзушылықпен айналысатын адамдар тіркеуде тұрады. Олардың көбі –бұрын сотталғандар мен отбасы шырқын бұзатындар, нашақорлар, жүйке жүйесі ауруларымен ауыратындар. Тіпті, кәмелеттік жасқа толмағандар да бар. Бөлімшеге күніне орташа есеппен 20-дан аса шағым түседі» дейді Нұрлан Өмірбеков бізбен әңгіме барысында.

Астана таңдауы байқауына өзін кім ұсынғанынан мүлдем бейхабар Нұрлан қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлерінің жұмысы өте ауыр екенін алға тартты.

Маған қарасты аумақта он мыңдай адам тұрады. Қала үлкейген сайын, менің аумағымдағы халық саны да көбеюде. Мәселен, Сейфуллин көшесі бойында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көптеген үйлер пайдаланылуға берілді. Бізде тәртіп сақшылары аз болғанына қарамастан, ауқымды жұмысты көтеріп келеміз. Өйткені, бізге тиісті аумақтағы халық саны ережеде көрсетілген шамадан әлдеқайда артық, – дейді ол.

Нұрлан Өмірбековті «Астана таңдауы – 2012» байқауына ұсынған адам ол туралы қала әкімдігінің сайтына мынадай мәлімет қалдырыпты:

«Ол үш жылдан бері ПИК пен жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, өз міндетін мінсіз орындап келе жатыр. Күнделікті ерінбей, тәртіптің сақталуына бар күшін салады. Жуырда тұрғындармен бірге үлкен жиналыс жасап, онда әкімшілік заң бұзушылықтар жайлы кеңірек түсініктеме беріп өтті. Нұрлан астаналық учаскелік инспекторлар арасынан үздік деп танылып, басқа жас жігіттерге үлгі болады деп сенеміз».

Оның айтуынша, өзі бақылайтын аумақ бүгінде қалыпты. Ондағы үйсіз жүрген жандар мен қайыр сұрайтын өзге ұлт адамдарын оңалту орталығына жеткізген. Уақыты тым аз Нұрлан келген бойда өзіне қарасты аумақта екі мәшиненің терезесін белгісіз біреулер сындырып кеткенін айтты. Сол жерде куәгерлердің бәрінен сұрау алып, істі жалғастыру үшін тергеу тобынан келген қызметкерлерге тапсырғанын жеткізді.

«Нұрлан үш жылдан бері бізде қызмет етіп келеді. Оны бұл конкурсқа ұсынған – халықтың өзі. Халықпен етене жұмыс істеп, олардың алғысына бөленген жандардың бірі. Жалпы, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтауда еңбек етіп жүрген инспекторлар күн болсын, түн болсын өз жұмыстарының жауапкершілігін сезіне біліп, әрі қалың жұрттың сенімінен шығуға тырысады» дейді №17 полиция бөлімшесінің бастығы Сырымбет Серкебаев.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button