Жаңалықтар

ҚОҚЫС ТА ҚОРДАЛЫ МӘСЕЛЕ

Елордада күн сайын 1 мың тоннадан астам қалдық жиналады. «Абаттандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұмыстарын ұйым­дастыру және Астана қаласының аумағында тазалықты қамтамасыз ету қағидалары» талаптарына сәйкес, шаһардағы қоқыстың бәрі Алаш тас жолында орналасқан полигонға шығарылуы керек.

Бүгінде бұл ережені ескермей, бас қаланың кейпіне кері әсер ететін заңды және жеке тұлғалар бар. Мәселен, 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында жүргізілген экологиялық айлық аясында Астанадағы рұқсат етілмеген орындарға төгілген 10 мың тоннадай қалдық анықталып, жойылды. Осындай құқық бұзушылықтарды реттеу мақсатында шаһар әкімінің тапсырмасымен 3 ауданда жұмыс топтары құрылып, рейдтер өтті. Аудан әкімдіктері, Экология департаменті, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасы, Табиғатты қорғау поли­­ция­сы қызметі, «Астана Эко-Полигон НС» және «Астана Тазарту» кәсіп­орын­дары өкілдерімен бірге біз де қаланы ара­лап, тәртіп бұзушылық фактілерін тексердік.
Әуелі тізгінді Сығанақ және Бейсеков көшелерінің қиылысқан тұсына бұрдық. Мұнда «Құлагер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс нысанын салып жатыр. Объектінің жан-жағы қоршалмаған, оның үстіне, құрылыс қалдықтары тау болып үйілген. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қалдықтарды басқару және «Жасыл экономика» бөлімі басшысы Мирас Гайсиннің айтуынша, аталмыш компания жыл басынан бері полигонға 26 тоннаға жуық қоқыс апарыпты. Алайда әлі жөнелтілмеген қалдықтар да аз емес екен. Сол үшін Та­биғатты қорғау полициясы протокол толтырып, айыппұл құнын белгіледі.
– Әкімшілік кодекстегі 505-баптың 1-бөліміне сүйеніп, бұл фирмаға 100 ай­лық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салдық. Нысанның шетін қоршап, жинал­ған қоқысты төгуге 5 күн мерзім беріледі. Жалпы, осы жылдың басынан бері Есіл ауданы бойынша 88 құрылыс компаниясы құқық бұзған. Олар 4 миллион теңгеден аса әкімшілік жазаға тартылды, – деді Есіл аудандық Табиғатты қорғау полициясы бөлімінің басшысы, полиция майоры Ринат Жаңғылбаев.
Бұдан соң Сарыкөл көшесінің бойын­да сүріліп жатқан тұрғын үйлерге бардық. Алматы аудандық Табиғатты қорғау полициясының инспекторы «Арман құрылыс» мердігерлік ұйымына 30 АЕК, яғни, 63630 теңге көлемінде айыппұл тағайындады. Аталған компания айналасына қоршау қоймаған, арнайы белгілер орнатпаған, сонымен қоса, құрылыс қал­дықтарын тиісті жерге жеткізбеген.
– Біз биыл Алматы ауданы бойынша қоқыс төгілген 76 орынды таптық. Соның нәтижесінде қала шетіндегі полигонға шамамен 3 мың текше метр қалдық шығарттық. Осындай жайттарды есепке ала келе аудандағы 18 орынға экологиялық бекет орнаттық. Ондағылар таңнан түнге дейін айналаны бақылап, заң бұзушылықтардың алдын алады. Мысалы, кеше ғана сағат түнгі 23.00 кезінде шаруашылық-тұрмыстық қалдықты тыйым салынған жерге төгіп жатқан «Газель» көлігі ұсталды. Экологиялық полиция қызметкерлері әлгі азаматқа дереу шара қолданып, төккен қоқысын полигонға апарып тастатқызды. Сонда қараңыз, қалдықты полигонға тастағаны үшін жүргізуші небәрі 950 теңге төледі. Бірақ заңсыздыққа жол бергендіктен 20 АЕК көлемінде жазаға тартылып, 45 есе көп шығындалды. Осындай құлықсыздықтан барша тұрғындарды сақтануға шақырамыз, – деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Боранбай Болатбеков.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button