Қала тіршілігі

Қуатты бизнес – экономика тірегі

 Қалалық әкімдікте «Бәсекеге қабілетті бизнес – бәсекеге қабілетті экономика» атты жиын өтті. Жиында жергілікті билік және министрліктер өкілдері, мемлекеттік органдар қызметкерлері және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен шағын және орта кәсіп иелері бас қосты. 

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың төрағалық етуімен өткен жиында алғашқы болып сөз алған Стратегиялық бастамалар орталығының жобалау жөніндегі директоры Бақытжан Сәркеев бизнестің бәсекеге қабілеттілігі туралы айтты.
– Астана – еліміз бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің көшбасшысы. Елордада жеңіл өнеркәсіп ілгері басып келеді. Сонымен қатар, бас қаланың құрылыс индустриясы да қарқынды. Сондықтан құрылыс материалдарын өз елімізде көптеп шығаруымыз керек. Жалпы, Астананың әлеуеті зор. Дегенмен, ел экономикасын одан әрі көтеру үшін шағын және орта бизнесті әлі де дамыту қажет. Елімізде өнім өндіруші компаниялар аз болғандықтан, отандық тауарлар экспортқа аса көп шығарылмайды. Кәсіпкерлер үшін кредит алуда да мәселелер жоқ емес. Ал АҚШ, Германия, Сингапур сияқты экономикасы дамыған елдерде бәрі басқаша. Елдегі өндірушілер санын көбейтіп, экспортқа шығатын отандық тауарларды ұлғайтып, экономикамызды көтеру үшін кәсіпкерлер күш біріктіріп жұмыс істеуі керек, – деді Б.Сәркеев.
Одан кейін сөз алған «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ стратегиялық зерттеулер орталығының жобалау жөніндегі директоры Бақытгүл Қам­барова IMD рейтингісіндегі бизнес бәсекелестігіне тоқталды.
– Рейтинг – үлкен бәйге. Осыған қарап-ақ әр елдің стратегиялық қабілеттілігін байқауға болады. Ал IMD рейтингісіне әлемнің 60-тан аса елі қатысады. Қазақстан – бұл рейтинг бойынша былтыр 32-орында болса, биыл 38-орында. Бірқатар мемлекетпен салыстырғанда, бұл – еліміз үшін үлкен жетістік. Айта кету керек, осы әлемдік бәсекеде 27 тіл ресми түрде тіркелді. Соның бірі – қазақ тілі. Бұл да қуанарлық жағдай, – деген Б.Қамбарова барша кәсіпкерлерді аталмыш бәйгеге қатысуға шақырды.
Ал өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Бауыржан Тұрлыбеков Қазақстандағы қолайлы бизнес ортаны қалыптастыру тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 24 мамырында Президент Кәсіпкерлікті реттеу туралы Заңға қол қойғаннан кейін көлеңкелі бизнеске тыйым салынып, айыппұлдар көлемі төмендетілген. Жиын барысында кәсіпкерлер спикерлерге көкейлеріндегі сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
– Қазақстанда зергерлердің 95 пайызы көлеңкелі бизнеспен айналысады. Өйткені бізде бұл кәсіпке жағдай жасалмаған. Ашық түрде тіркелу үшін міндеттелетін құжат саны өте көп. Қосымша құн салығы тағы бар. Сонымен қатар шикізат материалдары да қымбат. Отандық материалдарды сатып алғаннан гөрі Түркиядан әкелінетін әшекей бұйымдарды ерітіп, содан қайта жасап шығару тиімдірек. Ұлттық ою-өрнекпен безендірілген әшекей-бұйымдарды брендке айналдырсақ деп жоспарлағанбыз. Бірақ осындай түрлі мәселелердің салдарынан жобаларды жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Осы мәселені біржақты етіп берсеңіздер, – деді кәсіпкер Таймас Мұқашев.
Егер әшекей-бұйымдар экспортқа шығарылса, қосымша құн салығы алынып тасталатынын тілге тиек еткен Бауыржан Тұрлыбеков бұл мәселені жоғарғы жаққа жеткізетінін айтты. Спикерлер кәсіпкерлердің осы жиында көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button