Руханият

Жастар Абайды жатқа оқиды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұлы Абайдың туған күнін елеусіз қалдырмады. Жастардың оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыру мақсатында әлеуметтік желілерде «ІІ Абай оқулары» жыл сайынғы әдеби сайыс жарияланған болатын. Бұл мәдени ошақта аталмыш байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

– «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, Абай мұрасы – ха­лықтың ең қасиетті қазы­насы» деп Елбасымыз айт­қандай, қазақ халқы Абайды өзінің рухани ұстазы, ұлттық жаңғыруымыздың қайнар көзі деп қабылдайды. Ұлы ақын еңбектерінің уақыт өткен са­йын өзектілігі артып, қоғамдық, рухани әрі мәдени өмірдегі бағыты айқындала түсуде. Бүгінгі күні еліміздің елдігін ұлы Абайдың асыл сөздерінсіз елестету мүмкін емес, – деді салтанатты рәсімді ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов.
Қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген ғалым Ақселеу Сейдімбек кезінде «қазақтарды Абайды оқығандар және оқымағандар деп екі топқа бөлемін» деген болатын. Осыны еске алған белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы адамның ең асыл қасиеттерін жырлаған ұлы ойшылдың бай шығармашылық мұрасы қазақ елін мәңгілік рухтандыратынын айтып өтті.
Бұл жолғы «Абай оқулары» сайысына Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 70 өтінім келіп түсті. Бұған қоса, фейсбук және инстаграм желілерінің қолданушылары сайысқа ақ тілектері мен ізгі лебіздерін білдіріп, қатысушылар оқыған өлеңдерді желі ішінде таратуға атсалысты.
Байқаудың «Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттау­шы» аталымының жеңімпазы Польшадағы Жешув ақпараттық технологиялар және менеджмент университетінің студенті Гүлназ Қалиева Абайдың тағылымы мол өсиеттері ешқашанда өзектілігін жоғалт­пайды деп есептейді.
Әдеби сайыстың ең тәжірибелі қатысушысы Ақмола облысы Шортанды ауданы Қараадыр ауылының 7-сынып оқушысы Арай Архарова болды. Ол 1-сыныптан бастап әдеби сайыстарға қатысып қана қоймай, осы жылы аудандық Абай оқуларының «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында бірінші орынды иеленген. Арай Абайдың 102 өлеңін жатқа оқиды екен. Ал байқаудың ең кішкентай қатысушысы Астана қаласы №5 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Ақмоншақ Серікбай болды.
Филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, айтыскер ақын, әдебиеттанушы ғалым Серікзат Дүйсенғазы, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, Астана қаласының педагогикалық қауымдас­тығының өкілдері қатысқан сайыста қазылар алқасының шешімімен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері Меруерт Тоқмолдаеваға бірінші және Дана Мұхаметілдаға үшінші орындар берілді. Екінші орын Алматыдағы №81 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Ақтоты Асановаға тиді.
Сондай-ақ, «Ең кішкентай үміткер», «Бір әулеттің өнерпаздары», «Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттау­шы», «Үш тілдің дәнекері»,
«Ең алғашқы оқырман» аталымдарында топ жарғандар марапатталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button