Елорда тынысы

Қызықты көрме

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында Балалар жылына орай балалардың  шығармашылығы көрмесі өтті. Онда 2 жастағы сәбиден бастап колледж студентіне дейін қолымен жасалған дүниелер қойылды.

[smartslider3 slider=3855]

2 жастағы сәби мына суреттегі жапырақтарды өз қолымен жасаған, ал шыршаны 3 жастағы бүлдіршін жасаған, пластилинмен жұмыс істеген 4 жастағы бала. Даярлық тобындағы балалар пішіндерді (фигуралар) педагогтармен бірлесіп жасайды. Мұндай декорациялар барлық балабақшаларда бар, осы жұмыстардың негізінде мультипликациялық дүниелер жасауға әбден болады.

«Осындай декорация мен монтаждау негізінде балалардың өздерінің ойлап тапқан ертегілерін түсіріп, педагогтар экранға шығарып, бірге тамашалайды, балалар өзі жасаған дүниелерінің мультипликациялық өнімге айналғанын экраннан көріп мәз болады, яғни еңбегінің жемісін осылайша көру арқылы мотивация алады» дейді №84 балабақшаның меңгерушісі Балауса Төлеуғалиқызы.

Педагогтар өздерінің шығармашылық жұмысын қалалық, республикалық деңгейде қорғайды, балаға да өте пайдалы, тұлғалық өсуіне көмектеседі, әрі жетістіктерімен ата-анасын да қуанта түседі.

2012 жылдан бері балабақшаның үш тілде «Саябаққа саяхат», «Кірпінің орманға оралуы» ертегі мен мультипликациялық фильмі жарық көрді. Бұл ертегілер – баланы табиғатты аялауға, қоршаған ортаға қамқор болуға үндейтін, баланың ой-өрісін дамытатын әдістемелік кешен.

Ертегі – әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық ғажайыпқа толы, бала тіліне жатық, сәбидің жүрегіне жол тауып, баланы ойландыратын туынды. Сондай-ақ ол ертегінің мазмұнын байытып, баланың есте сақтау қабілетін дамыта түседі.

Жалпы, мультипликациялық фильмді шығару кезеңдері бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл балалардың шығармашылық қабілетін, креативті ойлау тактикасын, командалық жұмыс нәтижесін көру, қазіргі заман талабына сай дағдыларын қалыптастыру және өз әрекетін басқара білуге баулу: балалар сюжет ойлап тауып, әңгіме құрастырады, құрастырылған сюжет бойынша материалдар даярлайды, сюжет желісімен мультфильм түсіріледі.

Осы көрмеде конференция қатысушылары Б.Қайырғалиеваның авторлық жұмысымен танысып, шеберлік сабақты тамашалады.

– Көрмеде жасөспірім балалардың, колледж студенттерінің өздері жасаған бұйымдары қойылды. Қоғамдық тамақтандыру және сервиз колледжі мұнда киімдерді тігу және үлгілеу деген мамандық бар, сол бойынша технолог квалификациясына оқиды жастар, закружка модельер мамандығы бар. Биылдан бастап инклюзивті білім беруді қолға алып отырмыз, – деді колледждің өндірістік шебері Нұрсұлу Матова.

Ал орта арнаулы оқу орындарында электр жүйесіне қатысты техник-электрик мамандықтарына қатысты өндірістік оқу-жаттығу полигондарының үлгілік макеттерін көрмеге қойған «ENERGY EXPERT» компаниясы мына проблемаларға назар аударады: техникалық колледждер мен университеттер студенттерінің өндірістік практикасы жеткіліксіз, салалық ұйымдарда өндірістегі қауіпсіздікке кепілдік жоқ, ұйымдардың тәжірибесіз қызметкер үшін жауапкершілікті алғысы келмеуі және т.б. жағдайлардың болуы себепті өндірістік практикадан өту үшін нақты жағдайларға барынша жақындатылған өндірістік жабдықтары бар оқу полигонын құруды ұсынады.

«Бұл техникалық мамандықтағы студенттердің қауіпсіздігіне, өндірістік практикадан, ғылыми жұмыстар мен тәжірибеден, сынақтардан алаңсыз өтуіне жағдай жасайды. Оның ішінде жасыл энергетика бойынша жел, күн және су энергиясы секілді жаңартылатын көздерді пайдаланады» дейді компания эксперті Олжас Тұрманов.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Сервис және туризм колледжі де студенттерінің дайындаған тағамдары мен сусындарын келушілерге ұсынды.

«Astana Polytechnic» жоғары колледжі көрмеде келушілерге «Ақылды үй» жобасын ұсынды.

– Бұл «Жас маман» жобасы бойынша оқу орындарын материалдық техникамен жабдықтауға байланысты жүргізілген жұмыс екенін атап өткен жөн. Робототехника, мехатроника, ұшырылатын квадрокоптерлер де бар, – деді өндірістік оқыту шебері Сағындық Жантаев.

«Жас маман» жобасының артықшылығы – ең қажетті мамандықтарға басымдық берілуі. Яғни қазіргі сұраныстағы мамандықтарды сапалы етіп шығаруға күш жұмсалатын болады.

Балалар еңбек арқылы, өздерін тәрбиелейді, өйткені төзімділікке, шығармашылыққа үйренеді. Осы ретте қаламызда қосымша білім алатын балалардың шығармашылығын дамытуға барлық жағдай жасалғанын, Оқушылар сарайында көптеген жеңілдіктер де қарастырылғанын айтуымыз қажет. Көпбалалы, аз қамтылған т.б. отбасылар балаларын тегін оқыта алады. Оқушылар сарайы тек Нұр-Сұлтан қаласының балалары үшін ғана емес, Қазақстанның барлық балаларының шығармашылық қабілеттерін шыңдауға жол ашуда.

Бұл көрмелерден балалар ғана емес, педагогтар де өзіне қажеттісін алады. Алған тәжірибесін, үйренгенін, түйгендерін өздерінің шәкірттерінің  бойына сіңіреді. Өнерде, білімде тоқтап қалмау керек, өзгерістерден қорықпаған дұрыс. Болашағымыз жарқын болып, осы балалардың, жастардың өскенін қалаймыз.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button