Қала мен Сала

Реновация барысы қалай?

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, сонымен қатар құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында реновация мәселелері талқыланып, аталмыш жұмысқа қаржы бөлу мәселесі қаралды.

[smartslider3 slider=2832]

Бұған дейін қалалық мәслихат депутаттары реновация жұмысына озық технологияларды енгізу бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу мәселесін көтерген еді. Оны еске алған мәслихат депутаты Владислав Сергеев бас қала өсіп жатқандықтан ескі үйлер сүріліп, жаңа баспана салынатын аумақтарды басқа елдер үлгісімен сараптау керектігін айтып өтті.

Осыған орай, өңірлерде тұрғын үй қорын реновациялауға қатысу тәжірибесі бар «Samruk-Kazyna Construction» АҚ құрылыс департаментінің директоры Нияз Мұсатаев Алматы, Шымкент қалаларының және Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерімен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен бұл тарапта ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылғанын баяндады.

Өз кезегінде елорданың Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында елордада тұрғын үй қорын реновациялау жобасы іске асырылып жатқанын хабарлады. Бірінші кезең шеңберінде, 2013-2017 жылдар аралығында 228 апатты үй немесе 3444 пәтер сүрілді. 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі мерзімге есептелген екінші кезеңді іске асыру бо­йынша апатты жағдайдағы 56 үйдің (1082 пәтер) тұрғындарын көшіру жоспарланған. Қазіргі уақытта үйлерді сүру жұмыстарына конкурс жариялау үшін құжаттама дайындалуда. Осы жылы 18 апатты үйдің (333 пәтер) тұрғындарын көшіру жоспарланған. Соның ішінде келесі жылдың жоспарынан биылға екі апатты үйді – Ы.Дүкенұлы көшесі, 21 мекенжа­йындағы жатақхананы және әл-Фараби даңғылы, 27-үйдегі 208 пәтерлік тұрғын үйді қосу қарастырылып отыр.

Әнуар Саиповтың айтуынша, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тозуы 61 пайыздан асатын 200-ге жуық тұрғын үй бар. Ведомство­аралық комиссия 138 тұрғын үйді апатты деп танып, тиісті шешім шығарды. Болашақта оларды сүру жұмыстарын жүргізу қажет. Азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2022-2024 жылдары инвестиция­ларды тарта отырып, «Елорда даму» ЖШС-ке қосымша қаржы бөлу керек.

Қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Батыр Котырев 60-70-жылдары салынған жатақханалар мәселесін көтерді. Мәселен, Луи Пастер көшесі, 73 мекенжайында орналасқан жатақхана апатты деп танылды. Депутат Нұрдәулет Оразханов «Заречный» тұрғын алабындағы үйлер қашан сүрілетінін, сол үйлердің тұрғындарына қай ауданда баспана берілетінін сұрады. Ол Асан қайғы көшесіндегі ескі үйлердің жағдайымен бірнеше рет танысып, шынымен де, тозығы жеткеніне көз жеткізгенін, сол себептен олардың сүрілуін қолдайтынын айтты.

Қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынас­тары басқармасы басшысының орынбасары Ғаббас Берғалиев елорданы көшірген сәттен бастап саяжайлар ауданында, Кенесары көшесіндегі (Слободка), «Комсомольский» тұрғын алабында тұрғын үйлерді сүру жүргізілгенін айтты. Осыған дейін барлығы 2280 гектар аумақтағы құрылыс сүріліп, 5,5 млн шаршы метр тұрғын үй қайта салынды. Бұл реновацияның бірінші кезеңі болды. Елорданың бас жоспарына сәйкес, реновацияны ­кезең-кезеңімен іске асыру үшін ауданы 1350 гектар болатын аумақ 14 учаскеге бөлінді. Асан қайғы, Иманов, Сейфуллин көшелері және Бөгенбай батыр даңғылы шекарасында реновацияның бірінші кезегі белгіленді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button