Рухани жаңғыру

Сәкен жинақтаған Ақансерінің өлеңдері

Биыл Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 175, дүниеден озғанына 105 жыл толып отыр. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың «Кітап мұражайында» ақын, халық композиторының шығармашылығына қатысты тың еңбек сақталған. Бұл – «Әдебиет мұраларынан» атты сериямен шыққан «Ақан серінің таңдамалы өлеңдері» кітабы.

Кітап Алматы қаласындағы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан 1935 жылы 5150 дана болып шыққан. Латын графикасында берілген. Жинап, баспаға дайындаған – Сәкен Сейфуллин. Жауапты редакторы – Фатима Ғабитова. Еңбекті жинақтаушы алғысөзінде Ақан сері туралы мәліметтер беріп, өлеңдерді қолжазба арқылы жинағанын және Бурабайдың бір қазағының аузынан жазып алғандығын қысқаша айтқан.


Сәкен алғысөзінде Ақанның 13 жасқа келгенше Бұқарадан оқып келген Көнтев деген молдадан оқып, ұстазына көнбей, оқуын тастап, «жігіттікке» беріліп, «сері» атанғанын жазады. Ескі әдет бойынша атастырумен алған әйелі 10 жылдан соң қайтыс болып, одан бір ұл екі қыз қалады. Ұлы мылқау болады. Әйелінің қазасынан соң серілікті үдетіп, сұлулықты жырлайды. Көкшетаудың жақсы жерлерін патша үкіметі жымқырып, ала бастаған соң кедейленеді. Ақанның қасіреті көбейеді. Бәрінен айырылып, сопылыққа бет бұрып, өзін бәрінен аулақ ұстауға тырысқан. Жаздың күні көл басында оңаша жалғыз үйде тұрған. Сондықтан түсінбеген жұрт «Ақаң перінің қызымен тұрады» деген сөз таратқан.
Сәкен Ақанның көп өлеңдері қолға түспегендігін, оның ірі дархан ақын екендігі өлеңдерінен байқалатынын, ақындығының үстіне ән шығарғанын, композиторлық қырының бар екендігін, «Сырымбет», «Ақкөйлек», «Үш тоты құс», «Құлагер», «Қара торғай» деген әндері қазақ әндерінің ішінде шоқтығы биік тұратынын айтқан.


Сәкен Сейфуллин жинаққа арнайы сын жазбағанын, «тек әдебиет тарихында дерек бола берсін» дей келіп, кейін Ақан шығармаларына толық сын жазылар деп топшылаған.
Мазмұны бойынша жинаққа бас-аяғы 38 өлең енген. Соның ішінде өлеңдерімен қатар Орынбай, руы Қаржас Нұрғожа ақындармен, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен айтыстары енгізілген.
Мәшһүр Жүсіппен айтысы қағазға түскен. Айтыста Көкшетаудағы Абылай хан ұрпақтарын және Сүйіндік-Қаржас Шорман ұрпағын мақтау болған. Сәкен бұлардың айтысқан заманы 1888-1896 жылдар дейді. Бұл өлеңді Махмет Құрманқұлұлы деген кісі 1912 жылы Ақанның өз аузынан жазып алған көрінеді. Бірақ ол жазба жоғалып, Махмет Сәкенге жадында қалғанын айтып берген.
Бұл кітаптың алғысөзі Сәкен Сейфуллиннің 2008 жылы шыққан көп томдық шығармалар жинағының 8-ші томына енгізілген. Құрастырушылар – Тұрсынбек Кәкішұлы және Күләш Ахмет.

Мөлдір
БАЙМАХАНБЕТОВА,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
«Кітап» 
мұражайының меңгерушісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button