Sport

Супер «Астана»

Ел чемпионы «Астана» футбол клубы Қазақстан Суперкубогында Алматының «Қайратымен» кездесіп, 3:0 есебімен басым түсті.

Жылдағы дәстүр бойынша жаңа маусымның алдында еліміздің ең күшті екі командасы Суперкубокты сарапқа салды. Ол командалардың «Астана» мен «Қайрат» екендері де дәстүрге айналды. Өйткені ел аузында «Ел классикосы» атанып кеткен бұл текетіреске лайық деп басқа тағы бір команданы атай алмаймыз.
Бұл матчтың тағы бір ерекшелігі, ҚПЛ-дың төрт дүркін чемпионы «Астананы» Станимир Стойлов емес, Григорий Бабаян бастап шықты. Бабаян бас бапкердің жұмысын жеңіспен ғана бастап қоймай, алғашқы трофейін де иеленді. Бірақ бұны осы команда үшін қанша жыл тер төккен Стойловтың еңбегі деп бағалады.


Сонымен, ойынға келсек, алғашқы тайм адымын абайлап басқан қос команданың аңдысуымен өтті. Екінші таймда елордалық команданың екпіні күшейді. Орталық шабуылшының орны ойсырап тұрғанымен, оны дер кезінде керек жерінен табылатын орталық қорғаушылар жоқтатпады. Твумаси сол қапталдан келіп, алыс бұрышқа көздеп еді, Плотников бұған тойтарыс берді. Бірақ серпілген допқа бұрын келген Иван Маевский дегеніне жетті. Есеп 59-минутта ашылды. Осыдан соң ойыны жанданған «Астана» үстемдігін арттыра түсті. Шомконың өзінің үйреншікті әдетімен сол қапталдан қақпа алдына асырған добын Марин Томасов басымен торға топ еткізді. Есеп – 2:0. Есеңгіреп қалған алматылықтарға дәл осындай сценариймен соғылған үшінші гол жығылғанға жұдырық болды. Тағы да сол – Шомко мен Томасов жұбы. Бұл жерде команда сапына былтыр ғана қосылған хорват Томасовтың жарқын ойынын ерекше атап өту керек. Ол Еуропа лигасы аясында «Спортингпен» болған қос ойынның екеуінде де бір-бір голдан соқты.
Осылайша «Астана» үшінші рет Суперкубоктың иегері атанды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button