Қала мен Сала

Су тасқынының алдын алу

Астанада биыл қар жылдағыдан көп жауды. Осыған байланысты қалада су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізіліп жатыр.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, өткен жылдың осы кезеңінде бас шаһар аумағынан 3 млн 800 мың текше метр қар шығарылса, биылғы қыс маусымында 6 млн 200 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қала аумағын қардан тазарту ісінде іркіліс жоқ.

Қазгидромет болжамы бойынша, наурыз бен сәуір айларында да жауын-шашын мол жауатынын, жалпы, жыл басынан бері жауын-шашын мөлшері нормадан 2 есе көп болғанын айта келе, шаһар басшысы осыған байланысты қалада су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізіліп жатқанын жеткізген болатын.

– Өткен жылдармен салыс­тырғанда су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны 20-ға дейін азайды. Олар – Алматы ауданындағы 5 учаске, Байқоңырдағы 4 учаске, Нұрадағы 6 учаске, Сарыарқадағы 3 учаске, Есіл ауданындағы 2 учаске. Қазіргі уақытта шамамен 45 мың қума метрден астам арық-науа желісі, 2 мыңға жуық бақылау және жаңбыр қабылдайтын құдық тазартылды, 8 мың қума метр­ге жуық коллектор жуылды, – деді әкім.

Айтуынша, бүгінгі таңда елордада «Нұра-Есіл» каналы мен «Майбалық» көлі арасында орналасқан каналды қардан тазарту жұмысы, нөсерлі кәріз жүйелеріне заңсыз кірме жолдарды анықтау және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері Астанада 15,5 мың текше метрге жуық арық-науа желісі, 600-ге жуық бақылау және жаңбыр қабылдау құдығы тазартылып, 160 текше метр коллекторлар және т.б. жуылды. Коммуналдық қызметтер қала аумағынан шамамен 4,3 млн текше метр қар шығарды. Қалада су тасқыны қаупі бар учаскелер саны өткен жылдармен салыстырғанда 20-ға дейін азайып, азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер су тасқынының алдын алу бағытында ауқымды шаралар ұйымдастыруда. Бұл ретте елді мекендер мен су тасқыны қаупі бар учаскелерге ерекше көңіл бөлініп, аулаларда жиналған қарды уақытылы күреу бақылауға алынды. Су өткізгіш құбырларды тазалау мен нөсер кәрізінің жүйесін салу да қатаң бақылауда.

Сарыарқа ауданында су тасқынына қарсы іс-шаралар 15 ақпанда басталған болатын. Осыған орай, аулалардағы қар жаппай шығарылып, тұрғын алаптардағы арық-науа желілері тазартылуда.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғанға дейін алдын алу шаралары бойынша кеңес өткізіліп, комиссия құрылды. Сондай-ақ кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Аудан әкімі Ералы Бауыржан барлық басқармалар мен коммуналдық кәсіпорындар, Төтенше жағдайлар департаменті басқармаларының қатысуымен өткен жиын барысында тұрғын алаптарды су басудың алдын алу мақсатында былтыр аудан­да 19 аумаққа су өткізгіш құбырлар орнатылып, бетон науалар арқылы қолданыстағы арықтар абаттандырылғанын атап өтті. Бұл бағытта биыл да жұмыс жалғасуда.

Алматы ауданында «Казгидромет» РМК, ПИК қауымдас­тығы, сондай-ақ қалалық басқармалардың қатысуымен су тасқынынан қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Су тасқыны кезеңінде жұмыстардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін қар шығару және арық-науа желісін тазарту жөніндегі іс-шаралар жоспары мен жұмыс кестесі бекітілді.

Су тасқыны кезеңінде сор­ғыға 79 бірлік техника, соның ішінде мотопомпалар, АС көліктері, экскаваторлар, МТЗ сорғылары және ПНС пайдаланылады. Аудан аумағындағы қарды шығару және су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыс­тарын жүргізу үшін бүгінде 70-тен астам самосвал мен 300 қап құм дайындалып, 174 мамандандырылған техника, оның ішінде самосвалдар, жүк тиегіштер және автогрейдерлер жұмылдырылды.

Бекітілген кестеге сәйкес қазіргі кезде жеке сектордағы қарды шығару жұмыстары басталды. Тазартылған қардың жалпы көлемі қазірдің өзінде 1 088 284 текше метрді құрайды.

Байқоңыр ауданы бойынша көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу мақсатында арық-науа желісін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс-шара шеңберінде  112 көше тазартылып, жұмыс барысына 30 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Нәтижесінде шамамен 5000 қума метр арық-науа желісі тазартылды, 500 текше метр аумаққа арнайы қоспа және 1000 қап құм дайындалды.

Сондай-ақ қалалық Төтенше жағдайлар департаменті «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізді. Оқу-жаттығу шеңберінде барлық 20 су тасқыны қаупі бар учаскелер қамтылды. Онда қаланың бес ауданында қойылған міндеттердің орындалуын үйлестіру үшін шағын штабтар орналастырылды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button