Руханият

Таба нан

Радиодан құлағыма жағымды тамаша әуен естілді, көңіл қойып тыңдасам, Қуандық Рақымның орындауында «Таба нан» әні екен:

Шаттықта жиі қонатын,

Сөнбейді мәңгі санадан.

Керемет дәмді болатын,

Анашым жапқан таба нан.

Осы бір өлең жолдары, тамаша әуенмен шарықтап мені – зейнеткер жасындағы кісіні, сонау өтіп кеткен балауса балалық шағыма жетелей жөнелді. Шіркін, бізге білінбей өтіп жатқан өмір-ай?!.

Біздер, Алланың әмірі­мен кешегі, таяудағы нәрсені ұмытып қаламыз да, ал сонау алыстағы балалық шағымыздағы оқиғалар жаңа ғана болғандай көз алдымызда. Өнердің құдіреті керемет қой, менің де есіме аруағыңнан айналайын, Айман апам келеді.

Смағұл атамның тұңғыш баласы Айман апам, таза­лықты жақсы көретін, тамақ дайындауда алдына жан салмайтын, бес аспап жан болатын. Көктемнің жайма-шуақ күндерінде, көкпеңбек майса шөптің ортасында жер ошақ пеші болатын, соған қойдың қи тезегін толтырып жағып тамақ дайындайтын, қалған күл-шоғына табаға салып, таба нан пісіретін.

Ойын баласы кезіміз, апамның пешінің қасынан шыққан дәмді иіс мұрынды жаратын, шыдай алмай сілекейіміз шұбырып, ойынымызды тастап, ошақ басына жиналатынбыз. Айман апам, үзілмейтін табадағы піскен ыстық нанды қолымен ұсақтап, үлкен шараға салып, сары май қосып, «мыжғыма» нан істеп беретін.

Қазір, ойлансам, табадан шыққан ыстық нанға апамның қолдары қалай күймеген, ғажап дүние, иә, бұл алтын Айман апамның ұрпақтарына деген сый-құрметі деп білемін.

Апам пісірген таба нан кеуіп, қатып қалмайтын, нан керемет дәмді болатын, қол орақпен шөп шауып жұмыс істегенде, апамның таба наны бізге күш-қуат беретін. Қаншама жыл өтсе де, Алланың әмірімен, апамның пісірген таба нанының дәмі аузымнан кетпейді. Алаңсыз, аңғал балалық шағымды үлкен сағынышпен еске аламын.

Менің студенттік жолдастарым Омаров Серікпен Бапишев Күнтуар Айман апамның балықтың ішек-қарнынан дайындаған дәмін, міне, жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де, сағынышпен жиі естеріне алады.

Ең қызығы, жолдастарымның айтқанына көп адам сенімсіздікпен қарап күледі, ол жағдайды түсінуге де болады, себебі балықты қойып, өкінішке қарай, сойған малдыңі шек-қарнын аршымайтын заманға жеттік.

Айман апам жаздың күндері ұстаған балығымызды тұздап қақтайтын, сосын көлеңке жерде сорғытып кептіретін, әбден кепкен соң, ыдысқа салып, қысқа дейін сақтайтын. Қыстың күні мұз қалыңдап балық аулау қиындаған кезде апам кепкен балықты суға салып, тұзын азайтып, қаймақ-май қосып бізге пісіріп беретін. Ол тамақтың дәмін айтып жеткізу мүмкін емес деп ойлаймын.

Мамыр айында, апам бие байлап қымыз дайындайтын, саумал құйған күбіні бізге «пістіретін», шаршаған кезде қашып кетеміз, шіркін, ол уақыт алаңсыз балалық шағымыз еді ғой.

Біздің үйден қонақ қазіргідей аста-төк заман емес, бірақ апамның дастарқаны жайнап тұратын. Қонақты күтуде апам алдына жан салдырмайтын, адал асын алдарына қойып маза таппайтын еді. Ауылдастарының алдында Айман апамның беделі өте жоғары еді, жас босанған келіншектерге көмектесіп, шақалақ нәрестелерді өз емдей беретін.

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ,

еңбек ардагері

 Астана

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button