Жаңалықтар

ТАЙҚАЗАН – ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ

ERA_0727

Осыдан екі жарым ай бұрын «Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына – 20 ізгі іс» эстафетасы аясында елордадан еліміздің аймақтарына аттандырылған эстафета символы – тайқазан Астанаға қайтып оралды. Бейбітшілік және келісім сарайының алдында театрландырылған қойылым түрінде өткен ұлтымыздың қасиетті бұйымын салтанатты қарсы алу рәсіміне Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Парламент депутаттары, қала басшылығы, өнер ұжымдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері жиналды.

– Еліміздің барлық облыстарын аралап шыққан тайқазан Астана қаласына қайтып оралып отыр. Астана – бейбітшіліктің қаласы, елдіктің шаһары. Ал тайқазан – біртұтас шаңырағымыздың жылуын жоғалтпайтын, елдің басын қосатын, бірлікке жол салатын символ, – деді Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов.

Жиналған қауымды бұл тамаша уақиғамен құттықтаған қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев «Тайқазан – молшылықтың, береке-бірлік пен ырыстың белгісі» деп атап өтті.

Салтанатты шара ортасынан табылған атақты балуан, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков тайқазан Қазақстан халқы ассамблеясының эстафетасының символы ретінде бекерден-бекер таңдалмағанын, оны таңдағанда бүтін халқымыздың аузынан дәм кетпесін, ұртынан май кетпесін деген ырым есте болғанын жеткізді.

Театрландырылған қойылымды «Наз» мемлекеттік би театрының ұжымы  ашты. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі Болат Керейбаев абыз бейнесінде көрінді. Мерекелік көңіл-күйді «Томирис» бишілер ұжымы мен Қорғаныс министрлігі мен этномәдени бірлестіктердің өнерпаздары қыздыра түсті.

Айта кетейік, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде тұрған тайқазанның эстафета барысында ел аралаған шағын көшірмесі шебер Носир Хомрақұловтың қолынан шыққан. Ал, жалпы акция аясында еліміздің 35 мыңнан астам көмекке мұқтаж тұрғынына жәрдем берілген. Өткізілген 2500 шараның барлығы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған. Қайырымдылық акциялары барысында әлеуметтік маңызы бар нысандар да іске қосылған. Сондай-ақ, мыңнан артық жас көшеттер егіліп, аулалар мен көшелер абаттандырылды. Жалпы, акцияға 620 мыңнан астам адам қатысқан.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button