Жаңалықтар

ТАТУЛЫҚ – ТАУСЫЛМАС ҚАЗЫНА

image-19-03-15-18_17-2

Бүгінгі таңда Астана қаласында жиырма төрт ұлттық-мәдени орталық қойын-қолтық жұмыс істеуде. Олардың барлығына да өздерінің ана тілін, тарихын оқып-үйреніп, ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін дамытуға жан-жақты жағдайлар жасалған. 

Қазақстан халқының бірлігі ме­рекесі қарсаңында түбі бір, тамыры ортақ түрік ағайындардың «Ахыска» этно-мәдени орталығының жұмысымен таныстық.
Этно-мәдени орталық төрағасы Аскер Пириевтің айтуынша, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап құрылған мәдени орталықтың қазір тәжірибесі молайып, басқа да қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасы нығайған. Биыл Елбасының Жарлығымен Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы мерекеленеді. Осыған байланысты олар халықты бірлікке, татулыққа, достыққа үндейтін іс-шаралар өткізіп, Жеңіс күні мерекесіне дайындық жүргізіп жатқан көрінеді.
Елімізде түрік диаспорасы өкіл­дерінің басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлесе, елордада да қазақ мектебінде оқитын түрік бала­ларының қатары жылдан-жылға артып келеді.
– Біз қазақ тілін – өзіміздің екінші ана тіліміз санап, құрметтейміз. «Ахыска» этно-мәдени орталы­ғының елу мүшесінің көбі мемле­кеттік тілді еркін меңгерген. Жас­тар жағы арнаулы курстарға барып үйреніп те жүр. Шетелден Қазақстанға жұмыс сапарымен келетін түрік кәсіпкерлері арасында да қазақша сөйлейтіндер өте көп. Расы керек, Қазақстан ешкімге қазақ тілін үйрен деп, зорлап талап қоймайды. Дегенмен, осы елдің суын ішіп, дәмін татып жүргесін тілін де білу міндет деп санаймыз. Жерінің кеңдігі сияқты қазақ халқының жүрегі де кең. Қандай ұлт өкілі болмасын мұнда өзін еркін сезінеді, бұған бәріміз куәміз, – дейді Аскер Аллабердіұлы.
«Ахыска» этно-мәдени орталығы Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан. Олар қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысады. «Қазақстан халқы – біртұтас отбасында», «Қазақстаным – қара шаңырағым» сияқты түрлі фестивальдер өткізіп, қарттар мен балалар үйлеріне барып концерттер беріп тұрады. Халықаралық турнирлер мен қоғамдық-саяси акциялардан да тыс қалмайды. Сондағы негізгі мақсат – елдегі сүттей ұйыған береке мен бірлікті насихаттау, халықтың таусылмас қазынасы – татулықты үлгі ету.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button