Жаңалықтар

ТІЛ ЫРҒАҒЫ БҰЗЫЛМАСЫН

ERA_6302

Кеше Астанада ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық кеңес өтті. Жиынға Парламент депутаттары мен осы салаға жауапты мамандар қатысты.

Кеңес барысында «Тілдердің үш­тұ­ғыр­лығы», Тіл­дерді дамыту мен қол­дану­дың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасының  жүзеге асырылуы, еліміздегі Тілдерді оқыту орталықтарының атқарып отырған жұмыс­тарының нәтижелері сарапқа салынды.

– Адам баласы үшін тілдің орны бәрінен бөлек. Тіл – достықтың, бей­бітшіліктің, болашақтың кепілі. Әрбір мемлекет басты рухани байлық ретінде тілді да­мытуға айрықша маңыз береді. Біздің елімізде тіл мәселесінің қалай шешіліп жатқандығын бәріңіз білесіздер. 1998 жылы ҚР Тіл туралы заңы қабылданды. Сол заң аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Әр аймақта тілдерді дамыту басқармасы құ­рылды. Бүгінгі таңда елімізде 8 мыңға жуық орта мектеп болса, оның 5 мыңға жуығы мемлекеттік тілде, 1 жарым мыңы орыс тілінде, 2 мыңға жуығы аралас орта білім беретін оқу орындары. Сондай-ақ, отандық телеарналарда мемлекеттік тілдің 50 пайыздық үлесі қатаң ескерілуі керек. Қазіргі таңда елімізде үштұғырлық тіл саясаты қолға алынды. Осы бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынды. Егер біздің азаматтарымыз үш тілде еркін сөйлейтін болса, онда біз дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болатынымыз анық, – деді Бердібек Сапарбаев.

Одан кейін сөз алған халық қалаулылары да тіл туралы тағылымды ойларын білдірсе, осы саланың лауазымды тұлғалары өздерінің атқарып отырған жұмыстары жайлы айтып берді. Әсіресе, жиналған қауымға «Егемен Қазақстан» АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахмановтың нығыздап айтқан бір өрелі сөзі ерекше әсер етті.

– Бүгінгі таңда біздің қазақ тілінің өзіндік әуен ырғағының бұзылып бара жатқандығы мені қатты алаңдатады. Соңғы10-15 жыл ішін­де алдымен телеарналар бастап, оны кө­рер­мен қауым қостап, үлкен дерт келді. Ол дерт­тің аты – орфография. Әлемде барлық халық орфографиялық заңдылыққа сүйеніп жазады, сөй­­лейді. Ал бізде осы талап мүлде еске­­рілмей барады. Сондықтан, қазақ тілінің орфо­гра­фия­лық сөздігін қайта бастырып, көп данамен шығарып, міндетті түрде телеарналарға тарат­­пасақ, олардан талап етпесек, таяудағы 20-30 жылдың ішінде жазу бойынша сөйлейтін халыққа айналуымыз кәдік, – деді белгілі қаламгер.

Жиын соңында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев барлық айтылған келелі мәселелерді қорытып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

 Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button