Руханият

Түркі халықтарындағы Наурыз тойы

Наурыз мейрамы – түркі халықтарына ортақ той. Мысалы, Қырғызстанда салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа ерекше мән беріліп тойланады. Жаңа жылдың басталуы мен көктемнің келуін білдіретін бұл мейрам – қырғыз халқының ежелгі және қастерлі мерекесінің бірі.

Қырғыз елінде Наурыз мейрамын тойлаудың ерекшелігі – жақсылық пен молшылықтың нышаны саналатын наурыз­дағы қардың нышаны. Халық ауызбіршілікті, қарыздан құтылуды білдіретін сары май, қант, бидай ұнынан жасалған суман, көже сияқты дәстүрлі тағамдарды әзірлеп, мерекеге алдын ала дайындалады. Бұл күні әр отбасы бір-біріне қуаныш сыйлап, мерекені тойлауға бас қосады. Адамдар бір-біріне жаңа жылда бақыт пен береке тілеп, өзара сыйлық алмасып, түрлі тәттіден дәм татады. Сонымен қатар ат жарысы, ұлттық спорт ойындары дәстүрлі ойын-сауықтармен қатар жүреді.

Әзербайжанда Наурыз мейрамы күн мен түннің теңелетін күні және көктем мезгілінің басталуы ретінде тойланады. Әзербайжан халқы мерекені ерекше сән-салтанатпен тойлайды. Бұл күні әзербайжандар молшылық пен берекені білдіретін түрлі тағам дайындайды. Ең танымалы – асқан шеберлікпен дайындалған жарты ай тәрізді тәтті бәліш шекербура. Дастарқанның сәнін келтіріп, үйді хош иіс пен жылуға толтыратын палаудың да алуан түрі дайындалады. Наурыз мейрамын тойлаудың тағы бір ерекшелігі – «тонгал» деп аталатын от жағу дәстүрі. Бұл рәсім тазару мен жаңаруды білдіреді, үйлесім мен келісімді шақырады. Адамдар араласып, ән айтып, би билеу үшін оттың айналасына жиналады. Бұл күні әзербайжандар бір-бірін құттықтап, бақыт пен молшылық тілейді.

Өзбекстанда Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатпен тойланады. Бұл – өзбектердің мерекелік шараларға айрықша ықыласпен дайындала бастаған кезі. Қалалар мен ауылдардың көшелерін жәрмеңкелер, ұлттық шерулер, ит пен әтеш, ат жарысы толтырады. Осының бәрі думанға ұласып, айналаны шаттыққа бөлейді. Өзбек ұлтының дастарқанында бидайдан жасалған, тіршілік пен молшылықты бейнелейтін тағам – сумаляк міндетті түрде болады. Сонымен қатар, тәтті нишалда бәліші, палау, халим және көк шөптер дайындалады. Көршілес мемлекеттің тағы бір әдет-ғұрпы – қыз-келіншектерге түрлі жеміс-жидек, көкөніс тағамдарын жасау. Бұл салт отбасының береке мен молшылыққа ұмтылуын білдіреді.

Түрікменстанда Наурыз мерекесін тойлау ұрпақтан-ұрпақ­қа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыпқа толы. Жаңа маусымның басталуы мен табынды қорғауды бейнелейтін қасқырға шабуыл жасайтын шопандар мен алабайдың шайқасы түрікмен халқының ежелгі өмір салтын көрсетеді. Сонымен қатар бұл күні түрікмендер Наурыз мейрамын тойлауға байланысты түрлі дәстүрді сақтаған. Мысалы, наурыз айында жаңбыр немесе қар жауса, жыл егін жинауға қолайлы және өнімді болады деп есептеген.

Түркияда жағдай басқаша. Бұл жөнінде Түркия университеттеріне оқуға қабылдау жөніндегі кеңесші Мәншүк Жәлелқызы былай дейді:

– Наурыз Түркияда тойланбайды, бұл мемлекеттік немесе ұлттық мереке емес. Тек Түркияның оңтүстік жағында күрд халқының арасында ғана танымал. Оның орнына оларда діни және ұлттық дәстүрлермен байланысты Рамазан және Ораза айт сияқты маңызды мерекелер бар. Алайда Түркиядағы қазақ қауымы боп Наурызды өздігінше тойлаймыз. Мысалы, наурыздың 22-сі күні ән айтып, би билеп, тойлауға жиналамыз.

Қорыта айтқанда, Наурыз қазіргі әлемдегі түркі халықтары үшін бірліктің, жаңару мен үміттің символы болып қала береді. Көне мереке түркі халықтарының өмірі мен мәдениетіне, олардың ата-­баба тарихымен, салт-дәстүрімен байланысын нығайта түсуге зор ықпалын тигізуде.

Гүлжанат АСЫЛБЕКОВА,

Л.Гумилев ­атындағы ­Еуразия ұлттық ­университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button