Елорда тынысы

Тұрғындар түйткілдерін тыңдады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Алматы ауданы тұрғындарымен кездесіп, ауданды ары қарай дамыту мәселесін талқылады.

[smartslider3 slider=2955]

Аталмыш ауданның құрылғанына 24 жыл толды. Алматы ауданы құрылғаннан бері жергілікті тұрғындар саны 4 есе артты. Қазір мұнда 320 мыңға жуық адам тұрады. Қала басшысының тұрғындармен кездесуі 2,5 сағатқа созылды. Жүздесу барысында әкімге сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Қала тұрғындары апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүру, тұрғын үй кешендерін жөндеу, электрлік қосалқы станциялардың жұмысы, әлеуметтік нысандар, кәріз желілері, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, қосымша автобустар шығару, көгалдандыру, тығыз салынған құрылыс, интернет, су қысымы секілді түрлі мәселелерді көтерді.

– Елорданы дамыту мәселесі – Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Әлеуметтік нысандарды салудан бөлек, басты мәселелердің бірі – кәріз желісі мен шағын электр станцияларын салу. Былтыр 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешілді. Сол үшін 130 шақырымнан астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесі салынды. Олардың бір бөлігі Алматы ауданында орналасқан, – деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, ауданның ғана емес, қаланың ең проблемалы тұстарының бірі – Б.Момышұлы даңғылын су басу мәселесі шешілді. Бұл маңайда жаңбырлы күндері көліктер белшесінен суға бататын. Сол себептен қолданыстағы нөсер кәрізі желісінің өткізу қабілетін 1,5 есе арттыратын нөсер кәрізінің магистральдық коллекторы салынды. Сол сияқты Жастар шағын ауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторлар мен өзге де кәріздерді қайта салу арқылы тазарту қондырғысы орнатылды. Олар көшелер мен үйлерді су басудан сақтап қалды.

– Алматы ауданында газ тарату желісі салынды. Бұл ауданда 1700-ге жуық отбасы газға көшті. Көгілдір отын қала тұрғындарының өмірін экологиялық тұрғыдан жақсартады. Алматы ауданына қарасты кейбір елді мекендерде желді күндері электр желісі істен шығып жатады. Бұл проблеманы шешу үшін «Қазбек» қосалқы станциясының құрылысы және «Жұлдыз» қосалқы станциясын қайта жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Бұл нысандарды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді қала басшысы.

Әкімнің сөзінше, биыл Алматы ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар (мектеп, медициналық орталық, қолжетімді тұрғын үй), 80 аула мен қоғамдық кеңістік, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, басқа да халыққа қажет нысандар салынады.

Кездесу барысында қойылған сұрақтарды шешу мәселесі назарға алынды. Оларды орындау уақыты белгіленеді.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button