Қала мен Сала

Тұрғындарды тонаған монополистер енді айылын жия ма екен?

«Бір жағынан, монополияға қарсы ведомствоның үнсіз келісуімен өз қызметкерлеріне сыйақылар мен бонустар қосылып, несие бойынша ақы төленіпті. Екінші жағынан, шығындарды көбейту мақсатында қымбат бағамен жөндеу жүргізу және жабдықтар сатып алу үшін қызмет көрсететін арнайы кәсіпорындар құрылған. Құйтырқы жолмен тапқан табыс «қолма-қол ақшаға айналдыратын» компаниялардың көмегімен шығарылып отырған» деп мәлімдеді Бас прокуратурадағы басқосуда ведомство басшысы.

Бас прокурор тұрғындарды тонаған монополистердің заңсыз әрекетіне құзырлы қос министрліктің (Ұлттық экономика және Энергетика министрлігі) тиісті бақылау жасамағанын ашық айтты. Бөлек бекітілген тарифтер, өзара және салық органдарымен келісімнің жоқтығы қарашаны тонауға мүмкіндік берген. «Егер үш жылда уәкілетті органдар тұтынушыларға 3,7 млрд теңгеге шығынның орнын толтырса, ал прокурорлар бір ғана тексерістен кейін 8 есеге артық заң бұзушылықтарды анықтады. Тексеріс нәтижесінде
15 лауазымды тұлға жазаға тарты­лып, монополистерден 159 млн теңге айыппұл өндірілді. 10 қылмыстық іс қозғалды» деген дерек келтірді Қайрат Қожамжаров.
Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин «Астанаэнерготұтыну» ЖШС электр қуатын 11,8 теңгеге сатып алатынын қағазда ғана көрсеткенін әшкереледі. Аранын апандай ашқан компания жылуды бұдан арзанға алып, астаналықтарға қымбатқа сатып келіпті. Сөйтіп елордалықтардан 2,6 млрд (!) теңге артық ақша жинапты. «Қарағандыжарық», «Жамбыл электр желісі», «Талдықорғанжылу», «Көкшетау», «Қапшағайжылу» компаниялары дәл осындай әдіспен аңқау елді алдаған көрінеді.
«Қайтқан малда қайыр бар». Жылу мен жарықтың бағасын әдейі өсірген монополистер прокурорлардың тексеруінен кейін 5 млн тұтынушыға 13 млрд теңгесін қайтарып беруге мәжбүр болған. Бас прокурор Қайрат Қожамжаров қалған қаражаттың халыққа көп ұзамай қайтарылатынын мәлімдеді. Бір қуанарлығы, құзырлы мекеменің басшысы еліміздегі 14 өңірде электр қуаты мен жылудың құны арзандағанын айтты.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button