Әлеумет

«Ұйқыашар» ұмыт қалмасын!

Қазір біз халықаралық ауқымға ілесіп, қаңтарда қалшылдап жаңа жыл тойлағанымызбен, «Наурыз – қазақша жыл басы» деп Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазақтың жаңа жылы көне күнтізбе бойынша әз Наурызға тура келеді. Ол – халқымыздың бар жақсылықтың бастауына балаған төл мерекесі, мағыналы мейрамы.

Күн мен түн теңеліп, кемпіршуақ көбейген, шаруаның арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, Самарқанның көк тасы жібіген Ұлыстың ұлы күнін халқымыз жай ғана «жыл басы» деп тойлаған жоқ. Есесіне ұлттық болмысымызды, дүниетанымымызды, философиялық көзқарасымызды, бақытты тұрмыс кешудегі арман-мақсатымызды да өз бойына сіңірген бұл мерекеде қазақы жосын бойынша өтелетін ырым-жырымдар да аз болмаған. Соның бірі наурыз түнін думанға бөлеген жастардың тамаша дәстүрі – ұйқыашар.
Наурыз күні жеті бояудың, жеті дыбыс­тың, жеті қат көк пен жеті қат жердің баламасы іспетті жеті дәмнен дайындалған наурыз көже жасалады. Кәрі-жас демей үй-үйді аралап, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп тілеп, берекенің асы көп көжеден ішеді. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деп ренжіскендер бір-бірімен татуласып табысады. Сонымен қатар бұл күнді ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың алмасатын күні деп қараған халқымыз арайлап атқан ақ таңды, шуағын шашқан алтын күнді
ұйықтамай қарсы алуды үлкен жақсы­лыққа балайды. Сосын да үлкендер жағы жаңа жылдың жайлы, дастарқанның майлы болуын, ел-жұртының аман, заманының тыныш болуын түні бойы дұға-тілектеріне арқау етсе, ал жастар жағы ай астында алтыбақан құрып, көктемнің алғашқы түнін әнмен әлдилеп, күймен күмбірлетіп атырған.
Басынан қыран ұшпас құз болмайды,
Жалғанда желде ғана із болмайды.
Күзетіп Қыдыр түнін отырғанда,
Білемін «ұйқыашарсыз» қыз болмайды! – деп жігіттер жағы өлеңдетсе,
Ауылды қоршай өскен қайың болса,
Қайыңнан жол табатын жайың болса.
Ұйқыңды қыз ашпаса, кім ашады?
«Селт еткізер» сыбағаң дайын болса! – деп қыздар да есесін жібермейтін бұл түн қазақ жастары үшін романтикаға толы «ұйқыашар» мен «селт еткізер» ойынымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, осы бір көңілді де көрікті түнде жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға асықса, ал арулар жағы көңілі ауған серісіне өзінің ұяң сезімін білдіру үшін «ұйқыашар» ұсынады. Арулардан көрсетілген мұндай қошеметке жігіттер де бейжай қарамай, салт бойынша «селт еткізер» ырымын жасап, «ұйқыашар» берген аруға айна-тарақ, алқа-моншақ, шолпы-шашбау сыйлайды. Кейде тосын сый көрсетіп, «ұйқыашардан» бұрын «селт еткізер» ұсынған жігіттерге ибалы қазақ қыздары кестелі орамал сыйлап, ілтипат жасайтын кездері де кездеседі. Осылайша күн мен түннің теңелген шағында қыз бен жігіттің жүректері де табысып, болашақ отбасын құруға алғашқы қадам жасалады. Қазақ жастары үшін әз-Наурыз осы жосынмен қадірлі, осы салтпен өміршең.
«Ұйқыашардың» қалай жасалатыны туралы қалыптасқан өлшем жоқ. Зерттеу­шілердің кейбірі соғымнан қалған сүр етті немесе жас етті уызға салып пісіреді десе, кейбір зерттеушілер «ұйқыашар» ащы қатық қосып дайындалған бидай көже тәрізді қуатты тағам деп түсіндіреді. «Ұйқыашар ащы қымыздан немесе езген құрттан жасалады. Кейде сұйытылған айранға құрттың сары суын қосып та дайындайды деп түсіндіретіндер де бар. Бірақ дәл қалай жасалатыны жөнінде ортақ өлшем жоқ. Осыған қарағанда, «ұйқыашар» белгілі бір тағамның аты емес, керісінше, тағамды сылтау етіп, өзінің көңілін, іңкәр сезімін білдіретін дәстүрдің аты секілді.
Қоғам дамып, адамзат мәдениетінің тоғысуы тездеген бүгінгі таңда халқымыздың өсіп-өнуіне, жастарымыздың басына шаңырақ көтеріп, бауырына қазан асуына көп септігі тиген «ұйқыашар» мен «селт еткізер» де тұрмысымыздан алыстап, есімізден көтеріліп барады. Десе де, Валентин күні мен жаңа жылда бір-біріне сыйлықтар ұсынып, өзіндік кәделерін өтеп жататын жастар қазақтың төл мерекесі – Наурызда осы дәстүрді қайта жаңғыртып, қазақ жастарының романтикаға толы күні ретінде атап өтуді әдетке айналдырса, еш әбестігі жоқ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button