Қала тіршілігі

Үшкемпіровтің есімі ұлықталды

Бұл жаңалықты Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли көпшілік ­­­жұртқа жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен әрі қолдауымен елордадағы Жекпе-жек сарайына ресми түрде даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз­дың есімімен аталатын болды» деп жазды Б.Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Бұл шешім былай қабылданған еді… Осыдан бірнеше жыл бұрын осы Жекпе-жек орталығының іргетасы қаланып жатқанда Жақсылық ағамыз үлкен ұлы Жандоспен бірге құрылыс басталғалы жатқан жердің жанынан өтіп бара жатады. Енді ғана қазығы қағылып жатқан жерге қарап: «Осы қазаққа, қазақтың спортына, қазақтың күресіне бір кісідей-ақ еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Әсіресе, Одақтың даңқы дәуірлеп, біздің ұлттың өкілдерінің бәйге алмақ түгіл, өзгемен тең тұруының өзі мұң болып тұрған шақта Олимпиаданың жүлдесін жұлып алдым. Онымды бүгінгі қазаққа міндет қылмаймын, әрине. Ол кезде жастықтың буымен білінбеген де екен. Қазір ойлаймын, әлі күнге өзімнің ізімді басатын жігіттердің шықпағанына қарағанда, сол 80-дегі Олимпиада маған да оңайға соқпаған екен-ау деп. Енді бір арманым бар, шіркін, осы Жекпе-жек орталығының құрылысы бітіп, менің атымды берсе ғой, арманым жоқ еді-ау» деген екен. Жандос: «Ой әке-ай, бұл қай уақытта салынып бітеді дейсіз? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Қандай шешім қабылданады? Білмейміз ғой…» деп қоя салады. Жақсылық ағамыз бақилық болып кеткеннен кейін жоғарыдағы әңгіме Мемлекет басшысына жетеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бірден қолдайды. Тиісті орындарға тапсырма береді» деп жазды мәселені тарқатып баспасөз хатшысы.
Сөйтіп, жақында Үкіметтің ресми Қаулысы шығып, Жекпе-жек сарайы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың атымен аталатын болды. «Балуан ағамыздың әруағы разы болсын! «Ер есімі – ел есінде» деген осы! Айтпақшы, жоғарыдағы әңгімені айтып берген, осы үлкен шаруаға қозғау салған Үшкемпіров Жандос Жақсылықұлы, қазір осы Жекпе-жек сарайының директоры. Кеше Үкіметтің Қаулысы шыққаннан кейін Жандос құрдасым хабарласып, сүйінші сұрап, ақжолтай хабарын жеткізді. Мен де осы қуанышты өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім» дейді Берік Уәли.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button