Жаңалықтар

Жастарға жалға берілетін үйге қалай өтінім береді?

Бас қалада жастарға жалға берілетін баспанаға алғашқы күні 1300-ден астам өтініш келіп түсті. Өтініш беру жалғасуда.

Өтініш беру үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет, өйткені өтінімдер тек онлайн тәртіппен qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы қабылданады.
Өтініш берушілер барлық құжаттар мен анықтамаларды сканерлеп, бір файлмен тіркеуі керек. Өтініш бергеннен кейін өтініш берушілер өз мәртебесі туралы SMS хабарлама алады. Егер өтініш беруші бағдарламаның шарттарына сәйкес келсе және құжаттарды толығымен ұсынса, онда өтініші қабылданады.
Бағдарлама бойынша 350 пәтер беріледі, пәтерлер Қордай – Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында және Абылай хан мен Момышұлы даңғылдарының қиылысында орналасқан. Тұрғын үйдің ауданы 31-ден 47 шаршы метрге дейін. Ай сайынғы жалдау құны 5000-нан 15000 теңгеге дейін болады. Іріктеу отбасы мүшелерінің санына қарай жүргізіледі. Яғни отбасындағы адам санына қарай үлкендеу пәтер беріледі. Өтініш берушілердің ресми кірісі 40 АЕК немесе соңғы алты айда 111 120 теңгені құрауы керек.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді алушылардың тізімдері zhilfond.kz сайтында жарияланады.

Құжаттар тізімі:
– Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің куәліктері;
– Дипломның сканерленген көшірмесі;
– Неке қию туралы куәлігі;
– Балалардың туу туралы куәлігі;
– Қазақстанда сіздің, жұбайыңыздың және балаларыңыздың атында мүлік жоқ екені туралы анықтама;
– Жұмыс орнынан анықтама;
– Егер сіз мемлекеттік органда жұмыс істейтін болсаңыз, сол мекеменің бланкінде берілген анықтама болу керек;
– Еңбек қызметінің бүкіл уақыты үшін зейнетақы аударымдары туралы анықтама;
– Мемлекеттік кәсіпорын, мемлекеттік қызметкерлердің тізімін ұсыну керек;
– Банкте шоттың бар болуы және сондағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы анықтама керек;
– Өтініш берушінің жетістіктері бар болған жағдайда онда жетістіктері жайлы грамота, сертификат т.б. салуға болады;
– Егер сіз соңғы алты айда демалыста немесе ауырып қалған болсаңыз, сол туралы анықтама керек;
Сонымен қатар бұған дейін төтенше жағдай және карантин режимі кезінде өтініш берушілердің табысы азайып, 42 500 теңге алған болса, бұл мәселенің ескерілетіні хабарланған еді. Ол үшін осы жәрдемақы есептелген картаның шотынан үзінді-көшірмені ұсыну қажет.
Іріктеу балдық жүйеге негізделеді. Ұпайлар отбасы, балалары, жеке кәсіптері, мемлекеттік қыз­метте немесе бюджеттік ұйымда жұмыс істегені үшін беріледі. Сертификаттар, марапаттар секілді жеке жетістіктер де ескеріледі.
2019 жылдан бастап Елбасының тапсырмасымен жастарды қолдау мақсатында Нұр-Сұлтанда 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға 5 жылға жалға пәтер беріледі. Олар осы уақытта өз үйі үшін ақша жинау керек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button