Қала мен Сала

Даулы үйдің құрылысы тоқтатылды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жарты жылдан бері басынан дау-дамай арылмай келе жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысына берген келісімді кері қайтарып алды.

Атышулы үй елорданың сол жағалауында Сығанақ көшесі мен Қабанбай даңғылының қиылысында бой көтерген. Ал аудан халқы ол тұста кезекті көпқабатты тұрғын үй кешенінің тұрғанын емес, Балалар сарайының немесе мектептің, әйтпесе адамдар демалатын саябақтың қанат жайғанын қалайды. Өйткені бұл өңірде халық тығыз орналасқан, зәулім үйлер көп, бірақ тұрғындарға қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар жетіспейді. Орамда тек бір ғана орта мектеп бар, ондағы оқушылар саны шамадан әлдеқайда асып кеткен.
Рас, жазда тұрғын үй кешенінің алғашқы қазығы қағыла бастағанда Есіл ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Қайыржанов тұрғын үй кешенімен бірге мектеп те салынатынын айтқан. Оны құрылыс салушы компания BI Group та растады. Ал Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасында тұрғын үй кешенінің құрылысы 17 шілде күні бекітіліп кеткенін айтты. Ондағылар да жобада мектептің қарастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ жобаның тұжырымдамасы қала құрылысы кеңесінде мақұлданған. Жоба сызбасы үйдің нақтыланған жоспарына және барлық құрылыс нормаларына сай жасалған» дейді басқармадағылар. Оның үстіне бұл үйді салар алдында әкімдік аудан тұрғындарымен үш рет кездесу өткізген.
Алайда аталған құрылысқа қарсы бастамашыл топтың белсендісі Олжас Біләловтың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспары бойынша қаланың 50 пайыз аумағы жасыл аймақпен қамтылуы тиіс. Ал даулы үй бас жоспарда көрсетілген нақ осы «жасыл учаскеге» түсіпті. «Мектеп саламыз дегендері – халықтың наразылығын басудың айласы. BI Group компаниясы тұрғын үй кешенімен бірге білім ошағын саламыз десе, тұрғындар қарсы болмайды деп ойласа керек» дейді ол.
Бірақ бұл істің арты насырға шапты. Аудан халқы қол жинап, әртүрлі инстанцияларға шағымданды. Тіпті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Премьер-министр Асқар Маминнің атына сауал жолдаған. Осыған байланысты қала әкімдігі аталған тұрғын үй кешенінің қала құрылысы заңдылығына қайшы келетін-келмейтіндігін тексерді. Тексеріс нәтижесі бойынша үй құрылысынан кемшіліктердің анықталуына байланысты құрылыс жүргізуге рұқсат берілген құжаттар – сәулет-жобалау тапсырысы мен сызба жобасының келісімі кері қайтарып алынды. Сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жоюдың жоспары жасалды. Енді елорда әкімдігі тұрғын үй кешеннің салынып қойған құрылысын ескере отырып, қала құрылысы құжатына тиісінше өзгертулер енгізбекші. Сондай-ақ құрылысты жалғастыр­ғанда міндетті түрде қоғамның сұранысы ескерілетін болады.
Бір айта кететін жайт, қолданыстағы заң бойынша облыс­тардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне өздеріне қарасты өңірлерде өздігінен құрылыс жұмыстарын жоспарлауға рұқсат етілген. Бірақ қазіргі кезде мемлекеттік қала салу экспертизасы институтын енгізу, сондай-ақ жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен келісу мәселесі қызу талқыланып жатыр.
Бұл енді алдағы күннің еншісінде. Егер мұндай институт қолданысқа енсе, онда сапасыз әзірленген және қоғаммен келісілмеген қала құрылысы құжаттары бекітіліп кетпеген болар еді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button