Әлеумет

Зейнетке жақындағандар жұмыспен қамтылуда

«Күміс жас» жобасы зейнет жасына жақындаған жұмыссыз адамдар үшін арнайы әзірленген. Осыған орай, Астана қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы елу жастан асқан азаматтарды жоба аясында жұмысқа шақыруда.

Қалалық Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Сәбит Жаманбаевтың айтуынша, бұл жобаға жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істеп тұрған салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізетін барлық меншік нысанындағы жұмыс берушілер қатыса алады.

– Жобаның мәні Астана қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы бюджет қаражаты есебінен зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін жалақының бір бөлігін субсидиялайтын болады. Ай сайынғы жалақыға субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды, бірақ салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есептемегенде банктік қызметтерді ескере отырып, ол 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды, – деді С.Жаманбаев.

Астанада Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп жүгінетін елуден асқан адамдар аз емес. Солардың бірі – Айсұлтан Болатхан. Ол «Күміс жас» жобасы бойынша «BILIMALL» жеке кәсіпкерлігінде жұмыс істеуге жолдама алып, өткен жылдың мамыр айында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа қабылданды.

«Жұмыспен қамту орталығына бармас бұрын олар маған ыңғайлы жұмыс тауып бере алар ма екен деп көп ойландым. Қанша дегенмен, бұрынғыдай жас емеспін. Соған қарамастан, бәрі мен ойлағаннан да жақсы болды. «Күміс жас» жобасының арқасында жұмысқа орналастым. Бүгінде сұранысқа ие мамандардың бірімін» деді А.Болатхан.

Елордада «Күміс жас» жобасының игілігін көргендер көп. Айжан Сайлаубекқызы да өткен жылы қалалық Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп жүгінді. Бір айдан кейін ол «AMANAT SERVISE» ЖШС-не жұмысқа тұруға жолдама алып, артынша сол мекемеге іс жүргізуші болып жұмысқа орналасты.

«Күміс жас» жобасын ойлап тапқандарға алғысым шексіз. Егде тартқанда жұмыссыз қалған қиын екен. Қол қусырып қарап отыру – біздің жасымыздағылар үшін мүлде жат қылық. Жұмысқа орналасқаныма өте қуаныштымын, жобаны ұйымдастырушыларға рахмет, – деді ол.

Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары атап өткендей, жобаның қатысушылары зейнеткерлікке дейінгі жастағы жұмыссыз адамдар, яғни құрметті демалысқа шығуына кемінде екі жыл қалғандар болып табылады.

– Қаржыландыруды жұмыспен қамту орталығы жасалған шарттар негізінде жүзеге асырады. «Күміс жас» жобасы кейіннен субсидиялау мерзімі аяқталғаннан кейін тұлға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасумен ұйымдастырылады, – деді С.Жаманбаев.

Бастапқыда елордалық Жұмыспен қамту орталығының жоспарында 15 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда 20 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды. Жобаға 33 жұмыс беруші қатысады және күн сайын кәсіпкерлер тарапынан да, жобаның тікелей қатысушылары тарапынан да тілек білдірушілер саны артып келеді.

2022 жылдың басынан бері елордалық Жұмыспен қамту орталығына 959 адам, оның ішінде 128 жас жұмыс іздеп келген. Барлығы 855 жұмыс іздеуші жұмыспен қамту шараларымен қамтылды.

Оқу орындарының түлектерін қолдау мақсатында Қазақстанда 2020 жылдан бастап «Бірінші жұмыс орны» және «Жастар практикасы» жобалары да іске асырылуда, олар бойынша өткен жылы 20 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен шарттық негізде құратын жұмыс орындарына жұмыссыздарды жалақысын субсидиялай отырып 7 елордалық, алдын ала кәсіптік даярлауды талап етпейтін қоғамдық жұмыстарға – 291 азамат және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетуге бағытталған «Күміс жас» жобасы бойынша 1 егде адам жұмысқа орналастырылды.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 19 астаналық өз ісін ашуға 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде гранттар алды.

Сонымен бірге 9 адам кәсіптік оқудан өтіп, түрлі мамандықтарды игеріп, одан әрі жұмысқа орналастырылды. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан 200 адам өтті.

Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту шараларымен 547 қала тұрғыны қамтылды. Тұрақты орынға 308 адам жұмысқа орналастырылды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button