Елорда тынысы

Зейнеткер белсенділік танытты

20 қараша, жексенбі күні барлық қазақстандықтар кезектен тыс президент сайлауына қатысып, ел болашағы үшін маңызды таңдау жасады. Осы саяси додадан кейін астана қаласындағы №76 сайлау учаскесінде комиссия төрағасының орынбасары­бақылаушы болған Әсел Жұмажанмен кездесіп, сайлаудың қалай өткені туралы аз­кем тілдескен едік.

– Әсел Шаймерденқызы, сайлау күні учаскеге дауыс беруге қанша адам келді?

– Астана қаласы Тәшенов көшесіндегі 25-үйде орналасқан №76 сайлау учаскесіне сол күні барлығы 626 адам дауыс беруге келді. Олардың басым бөлігі егде адамдар болды. Біз, бақылаушылар, сайлаудың барысын бастан-аяқ қадағалап, дауыс беру барысында сайлаудың заңға сәйкес өтіп жатқанын мұқият қарап отырдық.

– Сайлау барысында заң бұзушылықтар орын алды ма?

– Жоқ, біздің сайлау учаскеде ешбір заң бұзушылық не тәртіп бұзушылық тіркелмеді. Сайлаушылар өз таңдауларын ашық түрде жасады. Мұнда олардың еш кедергісіз дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Халықаралық бақылаушылар тарапынан да біздің учаскеде ешқандай сын-ескертпе болмады. Комиссия мүшелері сайлауға келушілермен өте сыпайы сөйлесті.

– Саяси додаға дауыс беруге келгендердің көңіл-күйінен нені аңғардыңыз?

– Жоғарыда айтқанымдай, сайлауға келгендердің көбі үлкен кісілер болғандықтан, олардың дені мерекелік көңіл-күймен бар тәуір киімдерін киіп, жасанып, жарқырап келді. Бізді де осынау айтулы мерекемен құттықтап жатты. Бір қызығы, көп сайлаушылар өздерінің кімді қолдайтындықтарын, ел болашағына сенетіндерін және дұрыс таңдау жасағандарын еш жасырмады. Біздің учаскеде алғаш рет дауыс берген бес адам болды. Оларға комиссия мүшелері естелік сыйлықтар табыстады.

– Сайлаушылар арасында үйде дауыс бергендер көп болды ма?

– Иә, ондай сайлаушылар да болды. Денсаулығына байланысты үйде дауыс бергендердің саны – 11. Олар да бұл сайлауға аса белсенді қатысты деп айта аламын. Оны бізді тағатсыздана күтіп отырған түрлерінен байқадым. Өздігінен жүре алмаса да, жарқын болашаққа деген үміт отын өшірмеген қариялардың көздерінен кемел келешекке деген зор сенімді сезгендей болдым.

 

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button