Жаңалықтар

ЖАЛҒАН АҒЫМДАРДАН САҚТАНДЫРАДЫ

Жастарды жалған діни ағымдардың арбауынан сақтау мақсатында Астана қаласы әкімдігі мен Дін проблемаларын зерттеу орталығы экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын бастады.

07-1

Дін мәселелері жөніндегі ақ­параттық-түсіндірме топтарының алғашқы жиындарының бірі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қазақ технология және бизнес университетінде өтті. Мұнда Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Жүсіп Жұмағұлов, «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб-имамдары Нұрлан Рамазанов пен Марат

Бектазинов студенттерге адасқан топтардың сипаты мен мақсаттарын әңгімеледі. «Ислам – бейбітшілікті насихаттайтын таза дін. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Нағыз мұсылман өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді» деген. Қазіргі таңда исламның атын жамылған теріс ағымдар бар. Олар Құранның аяттары мен Расулаллаһтың хадистерін бұрмалап түсіндірген көсемдердің артынан соқыр еріп, саналары сан саққа жүгіріп, адасып жүр. Ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді өзгертуге, соған қарама-қайшы әрекет етуге шақырады. Олардан сақ болыңыздар. Негізгі діни мәліметті сенімді көздерден, яғни білімі бар арнайы орындардан алған жөн. Террорлық әрекеттерді жалаулататын адасушылар Құранның аяттарын бұрмалап, тура мағынасында қабылдайды. Мәселен, қасиетті Құран Кәрімде «Алланың жолында шынайы жиһад жасаңдар» деген аят бар. Соны сөзбе-сөз түсініп, арам пиғылдарына пайдаланады. Ал бұл аяттың тәпсірі – адам қанын төгу емес, құдай жолында жақсылыққа шақырып, ізгі амалдар арқылы зұлымдықпен күресу» дейді «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов.

Жастардың діни сауатын арттырып, экстремизм мен терроризмді алдын алуды көздейтін жиын барысында деректі фильм көр­сетіліп, келушілерге «Білгеніңіз маңызды» атты жадынамалар таратылды. Мұнда деструктивті культ пен жалған діни ағымдардың басты белгілері көрсетілген.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button