Жаңалықтар

«ЖАС ҚАНАТ» ҮЗДІКТЕРДІ ҮКІЛЕЙДІ

AAJ_1973

Ертең елордада «Жас қанат-2015» республикалық байқауы кезекті рет шымылдығын түреді. Үш күнге созылатын музыкалық дода барысында 15 талапкер әнші өнер жарыстырады.

Кеше байқауды ұйымдастырушылар қатысушыларды қалыптасқан дәстүрге сай «Астана-Бәйтерек» монументінің ұшар басына жинап, жеребе тарту рәсімін өткізді. Соның нәтижесінде қызылжарлық Мирас Баянов байқаудың алғашқы кезеңінде сахнаға бірінші болып шығатыны, ал семейлік Мерхат Қанапьянов осы кезеңді қорытындылайтыны анықталды.
Айта кетейік, бұл жолы байқауға елордалық бес өрен – Сұлтан Ахмет, Сүлеймен Олжас, Нұрбол Сыдықов, Нұрлан Түкенов және Еркебұлан Тұрмұхамбетов қатысып отыр. Бастапқы жылдардан байқау тізгінін қолдан жібермей, ұстап келе жатқан Мұрат Ерғалиевтың айтуынша, жалпы биыл 80-нен астам әнші қатысуға өтінім беріпті. «Іріктеу кезеңінде біз 25 адамды таңдадық. Алайда, байқау жүгі көтермейтін болғаннан соң, 15 әншіні қалдырдық. Бірақ, іріктеуден өте алмағандар мойымасын. Оларға келесі жылдары қайтадан келіп, бақтары мен баптарын сынауға болады. Мәселен, қазіргі дарынды әншілердің қатарынан ойып тұрып өз орнын алған Димаш Құдайберген байқауға қатысуға үш мәрте өтінім берді. Алғашқы екі ретте шикілігін байқап, қатысушылардың арасына қоспадық. Үшінші рет келгенде ғана жолдама бердік» дейді ұйымдастырушы.
Биылғы байқауға қатысушылардың қатарында қыздарға қарағанда жігіттердің саны көп. Үш қыз ғана – қарағандылық Лаура Айтбаева, шымкенттік Әйгерім Тәжи және талдықорғандық Гүлнұр Рахимова іріктеуден өтіпті. Осылардың ішінде Лаураны сөзге тарттық. «Күнде кешкісін барлығымыз дайындық жасаймыз. Ұйымдастырушылар ән айту мәнерімізді, сахнадағы жүріс-тұрысымызды қатты қадағалауда. Жалпы, әншілерді қарсы алу мен дайындықты ұйымдастыру жағынан мін жоқ. Сол үшін байқауға жауаптыларға өз тарапымнан рахмет айтқым келеді. Жыл сайын талай әншіге үлкен өнерге жолдама беретін «Жас қанат» үзбей көруге тырысамын. Осы байқауға қатысу арманым болатын. Міне, сол арманым еді.
Байқау Бейбітшілік және келісім сарайында ашылады. Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен әншілер жартылай финалға жолдама алып, бас бәйге – «Алтын қанатқа» бір табан жақындайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button