Сұхбат

ЖЕМІС-ЖИДЕКТІ КӨРІНГЕН ЖЕРДЕН САТЫП АЛУҒА БОЛМАЙДЫ

Елорданың биылғы жартыжылдықтағы санитариялық жағдайы қандай? Жеміс-жидектерді қай жерден сатып алған дұрыс? Бұл жөнінде Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің  директоры  Сархат БЕЙСЕНОВАМЕН әңгімелескен едік.

 
– Сархат Сағынтайқызы, биылғы жартыжылдықтағы Астана қаласының санита­риялық-эпидемиологиялық ахуалы қандай болды? Тағамнан жаппай улану, қандай да бір жұқпалы сырқаттың оқыстан таралуы секілді төтенше жағдай тіркелді ме?
– Ондай оқыс оқиғадан аманбыз. Келімді-кетімді кісілердің көптігіне қарамастан, Астанада санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дифтерия, қызыл­ша, қызамық, көкжөтел, құтырма, сіреспе, тырысқақ, сібір жарасы секілді жұқпалы сырқат түрлері тіркелген жоқ. Бұған алдын ала егілу жұмыстары да оң әсер еткені анық.
Былтырғы осы уақытпен са­лыс­тырғанда жіті ішек инфек­ция­сы(ЖІИ) 4,9 пайызға төмендеді. Таратып айтсақ, сальмонеллез – 5 пайызға, вирусты А гепатиті – 48,9 пайызға, вирусты В гепатиті – 7,5 пайызға кемігені байқалды. Бұл жұқпалардың ошағы қайдан таралғанын тексерген кезде, 54 пайызы тұрмыстық-байланыс жолымен, 47,5 пайызы вирустық факторлар арқылы, 33,6 пайызы тамақпен, 1,4 пайызы су арқылы жұққаны анықталды.
Биылғы сәуір айынан бүгінге дейін осы диагнозбен 8 тұрғын қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Біз емдеу мекемесіне түскен әр адаммен сөйлесіп, сыр­қатын немен байланыстыраты­нын, қандай тағам жегеннен кейін ауру белгілері байқалғанын тәп­тіштеп сұрап, содан кейін эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша ЖІИ ошақтарына мін­детті түрде тексеру жүргіземіз. Сондай тексеру кезінде азық-түліктен алынған 135 сынаманың төртеуі бактериологиялық көр­сеткішке сәйкес келмеді. Бұ­ған қоса, эпидемиологиялық ма­ңыз­ды азық-түлік өнімдерін де үнемі бақылауда ұстаймыз. Санита­рия­лық-химиялық көрсеткіштері бойынша талапқа сай келмеген азық-түліктің үлесі – 1,5 пайызды, микробиологиялық көрсеткіштері бойынша – 4,4 пайызды құрады.
Құс және сүт өнімдерінің сапасын тексеру үшін алынған 428 сынаманың 6-ауы қалыптағыдай болмай шықты. Соның ішінде құс етінен алынған 98 сынаманың екеуінде патогенді сальмонелла анықталды. Бұлар – АҚШ пен Украина елдерінің өнімі.
Ал сүт өнімінен 183 сынама зерттеліп, соның ішінде павло­дарлық «Молком» ЖШС өнімі микробиологиялық көрсет­кіш­терге сәйкес келмеді. Ақмола облысы Целиноград ауданы Софиевка ауылынан әкелінген шикі сүттің құрамынан бруцеллез қоз­дырғышының ДНК-сы табылды.
Мамандандырылған аудан­ара­лық экономикалық сотына 27 материал жіберіліп, 4 нысанның жұмысы тоқтатылды.
– Жіті ішек инфекциясын алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Әрине, ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда жақсы. Департамент мамандары алғашқы жартыжылдықта санитариялық-эпидемиологиялық ахуал мен ин­фекциялық сырқат­тардың алдын алу жөнінде жер­гілікті газеттерге 23 мақала жариялап, телеарна мен радиоға 28
сұх­бат берді. Осы тақырыпта қала­­дағы бейнетерминалдарда ро­ликтер тұрақты түрде жүреді. Ірі бизнес орталықтары мен сау­да
орын­дарында жіті ішек инфек­циясынан сақтану жолдары жа­зыл­ған баннерлер орнаттық. Қо­ғамдық тамақтандыру орында­рында, сән салондарында, бюд­жеттік ұйымдарда 40-тан астам семинар да өткізіп үлгердік.
– Жіті ішек инфекцияларының таралуына кейде жеміс-жидек­тердің сапасы да әсер етіп жатады. Астанада сатылатын бақша өнімдерінің қауіпсіздігі жөнінде не айтар едіңіз?
– Астана қаласына сырттан әкелінетін жемістер мен кө­көніс­тердің сапасы да үнемі бақы­лауы­мызда. Өткен алты ай ішінде біз жеміс-жидектердің құрамындағы нитрат мөлшерін тексеруге 529 сынама алдық. Соның ішінде 17 сынамада көрсеткіш қалыптағыдан жоғары екені анықталды. Оның 11-і Қытайдан әкелінген кәді (баклажан) және шалғам, қауыннан табылды. Осылайша, барлығы 80 келі жеміс-жидек сатылымнан алынды. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз, жеміс, көкөністерді көрінген жерден сатып алудан аулақ болыңыздар. Оларды тек сау­да орталықтарынан, ірі дүкендер мен базарлардан алған жөн. Жол бойында, палаткаларда және машинамен әкеліп сатып тұрған өнімдерге жоламағандарыңыз абзал. Кез келген жемісті мұқият жуу керек. Өндірушілер бақша өнімдері ұзақ сақталуы үшін оны өндірістік балауызбен өңдейді. Соның салдарынан өнімдердің сыртында адам денсауығына зиян улы химикаттар мен бактериялар қалып қояды. Сондықтан, жемістерді үй жағдайында дезинфекциялап алған жөн. Ол үшін «Микрохлор» препаратын қолдануға болады. Бұл пестицидтерді, бактерияларды жойып, жемістерді тазалап қана қоймай, олардың балғындығын сақтауға да оң әсер етеді.
– Қазір жағажай маусымының қызған шағы. Қалалық сая­бақтың аумағындағы Есіл өзе­нінің жағалауында елорда­лық­тар демалып, суға шомылып жүреді. Жалпы, өзен мен оның айналасындағы құмды жағажай қаншалықты талапқа сай келеді?
– Біз мамыр айынан қазан айына дейін Есіл өзені мен Ақбұ­лақ суының сапасын ай сайын тексеріп отырамыз. Жалпы, елор­дадағы жалғыз шомылатын су айдыны өзіңіз айтқан орталық саябақтағы Есілдің жағалауы еке­нін баса айтқым келеді. Оның санитариялық-химиялық және мик­робиологиялық көрсеткіштері талапқа сай. Ал Ақбұлақ суына шомылуға тыйым салынған. Оның тұсына бұл туралы ескерту жазып та қойдық. Бірақ кейбір тұрғындар оған қарамай, шомылып жүретінін байқаймыз. Лай су әртүрлі тері және жұқпалы ауруларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, абай болыңыздар дегім келеді.

Әңгімелескен
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Аз-кем анықтама

Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық депар­та­ментi алты айдың ішінде жоспарлы – 890, жоспардан тыс – 647, басқа да 2305 тексеру жүргізіп, анықталған заң бұзушылықтар бойынша 800-ден аса санитарлық ұйғарым берді. Жалпы сомасы 10416929 теңгені құрайтын 750 айыппұл салынып, 624 адам жұмыстан шығарылды.
Тексерудің нәтижесінде талапқа сай келмеген 878 келі азық-түлік саудадан алынып тасталды.
 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button