Қоғам

Жеңіс лентасы

Елордада Ұлы Отан соғысы жылдары туралы естеліктерді сақтауға бағытталған «Жеңіс лентасы» атты патриоттық шара жүріп жатыр. Көк аспан түстес 100 мыңнан аса ленталар 7-9 мамыр күндері қала тұрғындары мен қонақтарына тегін таратылады. Мұндай символдарды «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңнан, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алдындағы Ғашықтар саябағынан және Есілдің оң жағалауындағы орталық әмбебап дүкеннің алдындағы алаңнан алуға болады. Ұйымдастырушылар 9 мамырға арналған барлық іс-шараларда осындай лентаның таратылатынын хабарлады.


Көк байрағымыздың түсімен сәйкес келетін жеңіс лентасы Жеңіс күнін тойлау символының қазақша нұсқасын қалыптастыру үшін енгізілгені мәлім. 2015 жылдан бастап жеңіс лентасы жаңарған дизайнмен жасалатын болды. Жібек матадан тігілген лентаның ұзындығы – 30 сантиметр, ені – 3 сантиметр. Ол алтын түсті ұлттық оюлармен өрнектелген. Бірақ онда бес жұлдыз, орақ пен балға сақталды.
Осыдан 4-5 жыл бұрын елімізде георгиев лентасының қолданылып келгені рас. Алайда қоғамда оған қатысты дау-дамай өршіп кетті. Бір кездері Өскемен қаласының әкімдігі георгиев лентасына ұқсас ленталар шығарып, даудың отына май құйғандай болды. Кейбір белсенділер «Ресей империясы мен кеңестік әскердің символы болған» әулие Георгий лентасының орнына көк түсті лента тағып шығуды ұсынған. Георгий лентасына қарсылар бұрын бұл лента «Ресейде отарлау ісіне еңбегі сіңгендерге берілгендіктен» Қазақстанда оны тағудың жөні жоқ деген пікір білдірді.
Айтпақшы, бізге дейін бұ­рынғы одақтастарымыз – украин­дар мен беларустар да георгий лентасынан біржола бас тартты. Украина Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлаудың қарсаңында қызыл көкнәрді Ұлы Отан соғысындағы жеңімпаз-елдің символы етіп таңдады. Қазір Украина 8 мамырды Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алу күні, ал 9 мамырды соғыста тірі қалғандарды қадірлеу күні ретінде атап өтеді. Беларусь елі жеңістің символы етіп мемлекеттік тумен түстес қызыл-жасыл лентаны бекітті. Сондай-ақ, бұл лента фашистік Германия тізе бүккен мамыр айын білдіретін алма гүлімен безендірілген.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button