Қала тіршілігі

ЖЕТІСУДАН ЖЕТКЕН ДӘМ

 Астанада Қазақстан өңірлерінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі басталды. Қымбатшылық қысқан заманда қалтасы жұқалау халықтың азық-түлік қоржынын толтыруға мүмкіндік беретін осындай жәрмеңке елордада бесінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

Өткен сенбі күні Алматы облы­сының шаруақор жұрты бастап берген күз мезгілінің молшылық пен ырыс мерекесі қарашаның қара суығы түскенше жалғасады. Онда келген халық өз қалтасына сай ауылдан жеткен дәмді сатып ала алады. Жәрмеңкенің қарапайым тұтынушыға берер пайдасы да сол, яғни өңірлерден жеткізілген азық-түлік қаладағы базар бағасынан 10-20 пайыз төмен саудаланады. Қалалықтар мұндай мүмкіндікті қалт жіберсін бе, жәрмеңке өтетін орыннан табылуға тырысады.

Биылғы алғашқы жәрмеңке өткенде де қала әкімдігінің алдындағы алаңда жи­налған халықтың қарасы мол болды. Жетісу өңі­рінен елор­даға жеткен 450 тонна азық-түлікті сатып алам дегендер қаз-қатар тізілген сөрелердің маңына шоғырланып, қап-қаппен, дорба-дорбамен әкетіп жатты. Алма­тылықтар да былтырғыға қа­рағанда биыл 50 тоннаға артық өнім әкеліп, ет пен сүт өнімдерін, көкөніс пен жеміс-жидекті сөрелерге сықастыра қойыпты.

Алаң ортасында құрылған сахнадан облыс өнерпаздары ән-күйді төгілтіп жатты. Әсіресе, «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі базаршылаған жұрттың құлақ құрышын қандырды.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Алматы облы­сы­ның басшысы Амандық Баталов жәрмеңкені аралап, халықтың мере­келік көңіл-күйіне куә болды.

– Астана секілді үлкен қалаға Ал­маты облысынан жеткізілген 450 тонна өнімді көп деп айта алмаймын. Бірақ, мәселе үйіп-төгіп тастауда емес. Бастысы – ел мен елді, өңір мен өңірді жалғастыру. Арада қан­шама шақырымдар бар. Алайда, соған қарамай, алматылықтар үлкен ұйымшылдықпен, зор жауапкер­ші­лік­пен елордаға келіп жатыр, – де­ген Иманғали Нұрғалиұлы Алматы облысының әкіміне алғысын білдірді.

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Жәрмеңкеде 15 тонна қой еті, 16 тонна сиыр еті, 14 тонна жылқы еті, 4,2 тонна шошқа еті, 6 тонна құс еті, 12 тонна балық, 18,2 тонна сүт өнімдері, 52 тонна картоп, 194 тонна көкөніс, 12 тонна жеміс-жидек, 70 тонна т.б. тауарлар ұсынылды.  

Амандық Баталов өз тарапынан облыс потенциалы жоғары екенін атап өтті. Оның сөзін орынбасары Тынышбай Досымбеков растай түсті. «Биыл 447 мың гектар жерге дәнді дақылдар сеп­тік. Содан 1 млн 34 мың тон­на астық жинай­мыз деп жоспарлап отырмыз. Кө­көністеріміз суармалы жерде өседі. Осы жылы қырық­қабат, картоп, пияз, қызанақ, тағы басқа көкөністерден  былтырғымен салыс­тырғанда жоғары өнім күту­деміз. Жалпы алар болсақ, биыл 660 мың тоннаның төңірегінде сүт сауылады, 315 мың тоннадай ет бо­лады, 840 мың тонна шамасында көкөніс жи­налады. Барлығын есептегенде 429 млрд теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отырмыз» деді ол.

Әр өңірдің өзінің бренд өнімдері болады. Мәселен, еліміздің шығысы – балымен, батысы – балығымен, оңтүс­тігі – жеміс-жидегімен, Сыр бойы күрі­шімен әйгілі. Алматы дегенде ес­ке ең алдымен апорт алмасы тү­седі. Жәрмеңкеге келгендер оны да сөре­лерден іздеп тапты. Жетісу деп бекер аталмағандықтан, өңірдің өзен-көл­дерін мекендейтін жайын, табан, көк­серке, тұқы секілді балық түрлері де саудаға шығарылды. Астаналықтар, әсіресе, көкөністі молынан алып жатты.

«Жәрмеңкеге жылда келемін. Расында да мұнда азық-түлік жер­гілікті базарлармен салыс­тырғанда көп арзан. Мысалы, сәбіз бен картоптың келісін 39 теңгеден сатып алдым. Астананың базарларына барсаң, 60-80 теңгеден тұр» дейді елордаға Торғай өңірінен қоныс аударған Күлпара Апбазова.

Өзіміз де мақалаға материал жинап болған соң үйге керекті азық-түлік алайық деп шештік. Ол кезде түс уақыты жақындап қалған. Керегімізді «Жетісу» әлеуметтік-өндірістік коо­перативі белгісі тұрған жерден таптық. Байқағанымыздай, басқаларға қарағанда осы ұжым мол өнім әкеліпті.

Ұзын-сонар кезекте біраз тұрып, шыдамай кетіп қалып жатқандар да болды. Алар зат жетпей қалып, қынжылыс білдіргендер де табыл­ды. Оларға айтарымыз, бір апта ғана күтіңіздер. Алдағы сенбі күні өтетін Жамбыл және Павлодар облыстарының ауыл ша­руашылығы өнімдерінің жәрмең­кесінде есе­леріңізді қайтарасыздар.

ӨҢІРЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТЕТІН АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕЛЕРІНІҢ КЕСТЕСІ

Жамбыл және Павлодар облыстары  27-28 қыркүйек
Қарағанды және Ақтөбе облыстары  4-5 қазан
Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары 11-12 қазан
Батыс және Қазақстан Атырау облыстары  18-19 қазан
Солтүстік және Қазақстан Қызылорда облыстары 25-26 қазан
Ақмола облысы      1-2 қараша


 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button