Жаңалықтар

«Жол картасын» жүзеге асыру жолдары

Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының кеңейтілген жиыны өтті. Елорда әкімі, партияның қалалық филиалының төрағасы Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен басқосуда «Өзгерістер жолы: әрбір азаматқа лайықты өмір!» Жол картасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

[smartslider3 slider=2745]

Ең алдымен Жол картасын жүзеге асыру бойынша Құрылыс басқармасының басшысы Арсен Жанғасқанов баяндама жасады. Ол қаладағы көрнекті құрылыс нысандарының бірі – Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионның орнына жаңа спорт кешені салынатынын мәлім етті. «Бұған қоса, биыл 22 мың орындық 16 мектеп және дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлеріне арналған 2 жатақхананың құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланды. «Ильинка» және «Железнодорожный» тұрғын үй алаптарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мердігерлердің ауысуына байланысты қайта жанданды» деді басқарма басшысы.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев иппотерапия әдісі арқылы ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға арналған ат спорты кешенінің құрылысы бойынша есеп берді. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев «Железнодорожный», «Достық» және «Интернациональный» тұрғын алаптарындағы жолдар мен инженерлік желілерді салу туралы баяндады. Аталған құрылыс нысандарына Ұлттық қордан қажетті мөлшерде қаражат бөлінгенін, ресурс­тармен қамтамасыз етілген соң, құрылыс жұмыстарының бірден бастау алатынын жеткізді.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева 2023 жылға дейін елордада 123 шақырымдық велосипед жолы салынатынын мәлімдеді. Білім беру басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы инклюзивтік білім беру тақырыбына ерекше назар аударды. «Елордамызда арнайы қорлардың көмегімен, білім ордаларының ұсыныстарымен ашылған 5 ресурстық орталық, аутистік спектрі бұзылған балаларға арналған 20 инклюзияны қолдау кабинеті және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 12 логопункт бар. Жыл сайын мектеп базасындағы кабинеттер саны көбеюде. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы барлығы 15 кабинет болған. Яғни жылдан-жылға ерекше қажеттілігі балаларға арналған білім сапасы мен қолдау деңгейі ұлғайып келеді. Қазіргі таңда қала мектептерінде 49 арнайы педагог, 169 ассистент жұмыс істейді. Инклюзивті білім беруді дамыту жоспары құрылды» деп түсіндірді ол өз сөзінде.

Басқосудың соңында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов фракция депутаттарына Жол картасы бағдарламасының әрбір тармағын ерекше бақылауға алуды жүктеп, тексеріс жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді, істің нәтижесін БАҚ-тарда жариялау арқылы халыққа жеткізіп отыруды тапсырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button