Әлеумет

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының барысын қалай бағалайсыз?

Олжас ОМАРОВ,
Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары:

– Жыл басынан берi Астана қаласы бойынша бағдарламаға қатысуға 468 адам ниет бiлдiрдi.
Бас қалада жұмыспен қамту бағдарламасы сәттi жүргiзiлiп жатыр деп айтуға негiз бар.
Мәселен, мамандығы жоқ жандарға тегiн бiлiм беру бағыты бойынша биыл 150 адамды 36 айлық мерзiмдегi оқуға жiберу жоспарланып отыр.
Ал, дипломы болса да, екi қолға бiр күрек таба алмай жүрген 163 адамды қайта даярлаудан өткiзбекшiмiз.  Бүгiнде есепшi, шаштараз, тiгiншi, дәнекерлеушi және электршi  мамандықтарына сұраныс өте жоғары. Мамандарды қайта даярлауда бұл жәйт мiндеттi түрде ескерiлетiн болады.
Ал, бiлiктiлiгiн арттыруға арналған 1 айлық оқу курстарына 170 жан жiберiлмекшi.
Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында 271 әлеуметтiк жұмыс орнын ашу қарастырылған.
Жыл басынан берi 88 адам әлеуметтiк жұмыспен қамтылды.
Сөз арасында дәл бүгiнгi күнi қаламызда жалақысы 40-50 мың теңгенi құрайтын тәрбиешi, аспазшы, фельдшер, күзетшi, электрик мамандарына сұраныс бар екенiн айтқым келедi. Егер, осы жұмыстарды атқаруға құлықты жандар болса, сұраныс иелерi жайындағы бүкiл мәлiметтi бiздiң басқармадан алуларына болады.
Егер, бұған сәйкес бiлiмдерi болмаса, жұмыспен қамту орталығына хабарласып, осы аталған мамандықтар бойынша тегiн оқыту мен қайта даярлаудан өтуге мүмкiндiктерi бар. Бұл үшiн Астана қаласы, Брусиловский көшесi 17/1-үйге немесе 57-88-88 телефондарына хабарласуларына болады.

Иса ПЕРНЕБЕКОВ,
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысушы:

– Халық бұл бағдарламаны – уақытында бастау алған бағдарлама деп бағалап жатыр. Бұл ойға мен де қосыламын. Өйткенi, бағдарламаға қатысып, нәтижесiн көрген жандардың бiрi менмiн. Орта мектептi тәмамдаған соң, белгiлi бiр себептерге байланысты жоғары оқу орнына түсуiмнiң ретi келмедi. Жалпы, электрмен жабдықтау жұмыстарына қолымның аздап ебi бар. Бiрақ, дипломы жоқ маманды кiм керек қылсын? Орта мектептi бiтiргелi әр iстiң басын бiр шалып жүрдiм. Бағыма орай, былтыр «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасы қабылданып, бағдарламаның алғашқы бағыттарына сәйкес даярлаудан өттiм. Кәсiби бiлiм алып, маман болдым. Қолымда мұны дәлелдейтiн құжатым да бар. Құрылыс қарқынды жүрiп жатқан қалада электршi дегенiң қаны жерге тамбай тұрған мамандық емес пе?! Аз-ақ уақыттың iшiнде құрылыс компанияларының бiрiне тұрақты жұмысқа орналастым. Осы жұмысымның арқасында нәпақамды тауып, барға қанағат етiп жүрген жайым бар.

Жансая ОРМАНОВА,
аспаз:

– Негiзгi мамандығым – экономист. Жоғары оқу орнын тәмамдағаныма 3 жыл болды.  Шыны керек, бес жыл оқып диплом алды деген атым болмаса, экономика саласында жұмыс iстемек түгiлi, «есiгiнен» де сығалай алмадым. Өйткенi, тәжiрибесiз экономистердi қажет ететiн мекеме аз екен. Жұмыссыз жүруге тағы болмайды. Осы тұста «Жұмыспен қамту-2020»  пилоттық жобасының жүзеге асырылуы мен секiлдi бiраз жасқа нақты бағыт-бағдар көрсетiп бердi.
Бағдарламаның арқасында аспаз мамандығын игерiп шықтым. Мен оқыту орталығына ақша төлеген жоқпын. Керiсiнше, маған ай сайын шәкiртақы берiп отырды. Қазiр элиталық мейрамханалардың бiрiнде жұмыс iстеймiн. Жалақымды тұрақты алып отырамын.
Бағдарламаның жұмыссыздарды жаңа кәсiпке оқытуда,  жұмысқа орналастырып,  тұрғылықты жерiне қарай өз iсiн ашуда маңызы зор.
Бағдарлама жұмысқа деген талабы бар, қолынан iс келетiн әр адамның елiмiзге пайдасын тигiзiп, дамуына үлес қосуына мүмкiндiк берiп отыр.

Сауалнаманы жүргiзген
Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button