ӘлеуметЖаңалықтар

ЖЫЛАҒАН ЖҮРЕКТІ ЖҰБАТҚАН МЕКЕН

Астана қаласының әкімдігі жанында зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы бар. 2013 жылдың қараша айында ашылған бұл мекеме бүгінде өз үйінде қорлық көретін әйелдер мен балалардың бас сауғалар панасына айналған.

ERM_9367

Қолдау – барлық тараптан
Аталмыш ұйымның директоры Нұрбол Зұлқарнаевтың айтуынша, ғимарат 50 орынға есептелген. Көмек сұрап келген келіншектер мұнда бір айдан жарты жылға дейін, тіпті, кейде комиссияның шешімімен бір жылға дейін тұрақтайды. Олар орталыққа құқық қорғау органдарының қаулылары бойынша және Астана қаласы Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының жолдамасы арқылы қабылданады.
– Ғимарат тұрғындары үшін барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Әр бөл­ме душпен жабдықталған, 50 адам­дық асханада күніне бес мезгіл тамақ беріледі. Бұдан бөлек, әр кісі таза төсек-орынмен және жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, әйелдер аспаз, шаштараз, массажист секілді мамандықтардың курсына жіберіліп, кейін сол бойынша жұмысқа тұрғызылады , – деді мекеме басшысы.
Үш жылдан бері ұйымға 362 кісі араша іздеп келген. Дәлірек айтсақ, 2013 жылдың қарашасынан 2014 жылға дейін – 9 адам (2 әйел, 7 бала), 2014 жылы – 110 адам (35 әйел, 75 бала), 2015 жылы – 148 адам (48 әйел, 100 бала), ал биыл 95 адам (35 әйел, 60 бала) орталыққа орналастырылыпты. Бүгінде ғимаратта 9 әйел мен 17 бала-шаға тұрып жатыр.

ERM_9470

Шыдамның да шегі бар
Орайы түскенде, біз мекеменің әлеуметтік қызметкері Гүлнәр Әлібаеваны әңгімеге тарттық.
– Бізге күн сайын 2-3 әйел қоңырау соғып, үйден уақытша кеткісі келетінін, барар жері, басар тауы жоқтығын айтып, мұңын шағады. Мұндай қадамға қорлық әбден шегіне жеткенде ғана баратынын түсінеміз. Өйткені, көп жағдайда әйелдер шыдайды. Бір рет таяқ жегеннен безіп кететіндер өте аз. Негізінен отбасын сақтап қалуға тырысады. Құқық қорғау органдарына арыз жазатындар да сирек. Біріншіден, проблемасының шешілетініне сенбейді. Екіншіден, өзін ренжіткен адамды ашуландырудан қорқады, кейін кек ала ма деп тайсалады. Зардап құрбандарының жартысынан астамы – өзге өңірлерден көшіп келгендер. Пәтерден-пәтерге қаңғып, шиеттей балаларын жетілдіре алмай зар илеп жүрген әйелдерге күйеулерінің қоқан-лоқы жасауы жығылған үстіне жұдырық емей немене?! Енді бір еркектер көзсіз қызғаныштың кесірінен жұбайын төпелеп, көк ала қойдай қылып ұрады. Жәрдемімізге жүгінген келіншектердің әрқайсысымен әуелі психолог сөйлесіп, депрессия мен стрестен арылтады. Тиісті тұста заңгерлеріміз құжаттарын қайта қалпына келтіріп, заңдық салада қол ұшын береді. Жалпы, орталықтағы жандарға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-медициналық жағынан көмек көрсетіледі, – деді ол.

ERM_9466

Психолог – жан «хирургі»
Бұдан соң мекемедегі психологтармен жолықтық. Оның бірі – Гүлбарам Мұсаева. «Мұндағы әйелдердің жан жарасын қалай емдейсіздер?» деп сұрағанымызда жылы жүзді маман өз қызметтерін егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Әдетте отбасындағы кикілжіңдердің бастауы адамның бұрынғы тәжірибесімен байланысты. Мысалы, үйлі-баранды еркек бір күні жұбайының өзіне адал еместігін байқады делік. Одан кейін айқай-шу шығарып, ажырасады. Алайда келесі отау құрғанында алдыңғы әйелінің жасаған ісі санасында сақталып қалады да, екінші әйеліне күдікпен қарайтын болады. Сенімсіздік үдегенде, оның соңы дау-дамайға ұласады. Ақыры жазықсыз келіншегін өкпелетеді. Алдыма келген әйелдермен сөйлескенде «Менде бәрі жақсы. Көңілімдегі кірбіңді түгел ұмыттым» деп бой бермейді. Артынша алғашқы сеанс басталғанда ағыл-тегіл ақтарылып, іште жиналған ыза мен ашуды шығарады. Жан жарасы да тән жарасына ұқсас. Мысалы, бір жерің сыздап ауырса көніп, мән бермей жүруің мүмкін. Дерт асқынып, тесіп ауырғанда хирургке барасың. Дәрігер әлгі жараны суырып алғанда жаның көзіңе көрініп, қиналасың. Бірақ бұдан кейін жараның орны жазыла бастайды. Психолог та – тура сондай хирург. Арнайы методикамен жаныңды сауықтырғаннан кейін өзегіңді өртеген өкініштің беті қайтып, жағымсыз естеліктерің мазаламайтын болады.
Әріптесінің сөзін балалар психологы Анжелика Айтпақова жалғады.
– Әке мен шеше айырыласқанда, ең ауыр соққы балаға тиеді. Не әкесінің, не анасының жағына шыға алмай, сәби әрі-сәрі күйге түседі. Осындайда «сенің әкең жаман, ол бізді жақсы көрмейді» деп балаларды өз әкелеріне қарсы қою дұрыс емес, – деді.

P.S. Әйел құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік дәрежесін жоғарылату, қиын жағдайға тап болғанда тығырықтан құтқарып, демеу болатын дағдарыс орталығының қызметі шынында да ризашылықпен айтуға тұрады. Әйткенмен, жағдаяттың келесі қырынан келгенде, екі адамның, әрі кетсе әулеттің ортасында шешілетін түйіннің мемлекет араласатын кеселге айналғаны қынжылтады екен.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button