Қала мен Сала

Тазалықты жаны сүйеді

Таза қала – жайлылық пен өркениеттің белгісі. Алайда айналамыздың тазалығын сақтауда әлі де дамыған елдер көшіне ілесе алмай келеміз. Сондықтан әзірге қала тазалығына жауапты «Астана тазалық» ЖШС сынды мекемелер жұмысшыларына жүктеме көп түсіп тұр. Осы ұжымда үш жылдан бері қолмен жинау жөніндегі бригадирі болып еңбек ететін Гүлшат Жанпейісованың бір күнгі жұмысын көріп, соған көз жеткіздік.

Есіл ауданындағы көшелерді қоқыс пен арам шөптен тазалайтын Гүлшаттың бригадасында 10-15 жұмысшы бар. Олардың біразы ғана қалада тұрса, көбі елорда маңындағы алыс ауылдардан қатынайды. Гүлшаттың өзі елордадан 120 км жердегі Қарағанды облысы Нұра ауданы Байтуған ауылынан күн сайын келіп жұмыс істейді. Бұған себеп – ауылда жұмыстың жоғы, болса да 50-60 мың теңге ғана айлық беретіні. Ал мұнда тұрақты жұмыс, ауқымды жалақы беріледі. Тек таңғы 2.00-де тұрып, мекеменің көлігімен қалаға жетуі керек, сосын таңғы 6.00-де көше тазалау жұмысына кірісуі тиіс.

– Жұмыс 7 сағатқа созылып, 15.00-де бітеді. Сосын келесі ауысым жұмысы басталады. Жұма күні жарты жұмыс күнін істеп, сенбі демаламыз. Қалған күндері ауыл мен Астана арасын таңнан бастап жол қыламыз. Мұнда жұмыс істейтін әйелдердің жасы 38-57 жас аралығында. Бір күнде Есіл ауданы бойынша көше тазалығына 10 бригада шықса, соның ішінде біздің бригада сол жағалау­дағы Сығанақ, Түркістан, Ақмешіт, Керей мен Жәнібек хандар, Сауран көшелерінің және көпір астының тазалығына жауаптымыз. Кейде бұл мекенжайлар ауысып тұрады. Осы көшелерге бригададағы жұмыскерлерді бөлемін. Таңертең жинап кеткен жер түстен кейін қайта шашылып жатады. Әсіресе жазда қиын. Қай көшеде қоқыс көп, арам шөпті мотокоса құралымен жұлу керек болса сонда бөледі. Жұмысшыларға форма, қолғап, қоқыс салатын қап, қоқыс­тарды қыстырып алатын арнайы құрал беріледі. Қыста қоқыс көрінбеуі мүмкін, ол кезде, негізінен, қар тазалау техникалары ала алмайтын жерлерді күрекпен тазалау жұмыстарына кірісеміз. 10 бригадаға 5-6 КАМАЗ көлігі бөлінеді. Күніне бір бригададан 50 қаптай қоқыс жиналады. Адамдар суын ішіп болып, баклажка, пакет, қағаз, салфетка, иттің нәжісін тастай салады, біреулер көлікте кетіп бара жатып, біреулер үй терезесінен лақтыра салуы мүмкін. Оның бәрі ұшып, көшелерге таралады. Кейбір тұрғындар қоқыс жәшігіне жетпей тастап кетеді. Әрине, соның бәрін жинау – біздің міндетіміз, бірақ елорда халқының астаналық деген атқа лайық болып, айналасын мейлінше таза ұстағанын да қалайсың, – дейді Гүлшат бригадир.

Алыс ауылдан күн сайын ат арылтып келіп, нәпақасын тауып жүрген бригадир Гүлшаттың жолдасы мал шаруашылығымен айналысады. Басында бұл жұмысты уақытша істеп кетермін деп келген ол қазір бұған үйреніп кетіпті. Қарапайым жұмысшылар үшін бастысы – ауылда бос жүргеннен гөрі қалада көлемділеу жалақы беретін тұрақты жұмысының болуы. Жалпы қала бойынша күніне екі ауысымдағы тазалау жұмыстарына аталған серіктестіктің 200-ден астам жұмысшысы жұмылдырылады. Олар қаланы тазалау жұмыстарының 42,9 пайызын атқарса, қалғанын өзге де мердігер мекемелер істейді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button