Қала мен Сала

Газдандыру жұмыстары жалғасуда

Алдағы жылы 300 мыңға жуық астаналық газбен қамтамасыз етілетін болады. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов мәлімдеді.

Елорданы газдандыру үш кезекке бөлінген. Тұрғын үйлерді газға қосудың бірінші кезеңнің бір бөлігі, сондай-ақ ішінара екінші кезектің жұмысы 2021 жылдың соңында толығымен аяқталды. Газдандырудың екінші және үшінші кезектерінің қалған бөліктерін  республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен салу жоспарланған болатын.

– Қалада жалпы жеке сектордағы тұрғын үй алаптарында 20 мың үй бар. Газға 200 мыңға жуық тұрғыны бар 14 мың абонент қол жеткізді. Бүгінгі күнге дейін қаланың Көктал-1 және Агроқалашық, Железнодорожный, Промышленный тұрғын алаптары мен оңтүстік-шығыс ауданының оң және сол жағы, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный, сондай-ақ Потанин, Мәскеу көшелерінің аудандары және Нұр-бесік, Ақбидай, Қазақ ауылы шағын аудандары толығымен газдандырылды, – деді бөлім басшысы.

Газға 8205 жеке тұтынушы, 1 газоблокты бұйымдар шығаратын зауыт, сондай-ақ 8 көппәтерлі тұрғын үй қосылған.

Газ желілеріне қосылу құнын төмендету мақсатында әкімдік тұрғындарға көмектесуде. Мысалы, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, атап айтсақ, жасы бойынша зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектер мен ерекше қажеттілігі бар және көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған. «Халық Банкімен» азаматтардың газға қосылуы үшін несие беру туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, жыл сайынғы инфляцияны ескере отырып, қала тұрғындары үйлеріне өте арзан бағаға газ өткізе алады. Сондай-ақ құны 100 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін тұратын газды есепке алу аспаптары халыққа тегін таратылуда.

– Қала бойынша №1 ЖЭО және №2 ЖЭО-дағы 16 қазандық газға ауыстырылды. Сонымен бірге 17 әлеуметтік нысан газға қосылған, қалған 3 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда қала бойынша 8 743-тен астам тұрғынға техникалық шарт берілді және 20 мыңнан астам адамға газға қосылу мәселелері жөнінде қызмет көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда.

Ағымдағы жылы «Тұран», «Тельман» аудандық қазандықтарына, Ильинка, Тельман, Пригородный, Family Village, Өндіріс тұрғын алаптарына жоғары қысымды газбен жабдықтаудың 80 км желісі жүргізілді. Осылайша, 2024 жылы 300 мыңға жуық адам газға қосылатын болады. Жалпы тұрғын үй алаптарын газдандыру және энергия көздерін газға ауыстырудағы басты мақсат – қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту, атмосфераға, әсіресе, жеке секторда көмірді пайдаланудан түсетін зиянды қалдықтарды азайту. Күннен-күнге қалада газға қосылған абоненттер саны артып келеді, – деді Мақсат Есмағұлов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button