Білім

Заманға бейімделген ұйымшыл ұжым

 

Арман арқалап ауылдан ел жүрегі – Нұр-Сұлтанға жыл сайын қаншама жас келіп жатыр. Бірі бақытын осы мекеннен тауып, шабыт биігіне қанат қақса, бірі білім алып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Иә, астана – жастардың қаласы, астана – білім ордасы. Мұндағы қай оқу орнын алып қарасаңыз да, маман даярлауда бәсекеге қабілетті, озық тәжірибеге ие. Сондай іргелі шаңырақтың бірі – биыл мерейлі 65 жылдығын тойлайтын Қазтұтыну одағының жоғары сауда-экономикалық колледжі.

[smartslider3 slider=660]

Тарихы терең білім ордасы

Қазтұтынуодағының жоғары сауда-экономикалық колледжі ғасырға жуық уақыт аралығында, білім беру жүйесінің қарқынды өзгеруіне қарамастан, мәртебе биігінен түскен жоқ. Бүгінде жаһандық бәсекеге қабілетті, креативті оқу орны еліміздегі бірден-бір көшбасшы колледждер қатарында.

Білім ордасының тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдары Ақмола кооперативтік техникумы болып құрылған оқу орны бүкіл ел үшін бухгалтерлік есеп және тауартану саласында мамандар даярлаған. Алғашқы техникум пешпен жылытылатын және кішкентай аудиториялары бар шағын ғимаратта орналасты. Бірінші оқу жылында техникумда 120 студент оқыған. Ал оқу ордасының тұңғыш директоры Александр Королченко еді. Ол оқытушылармен бірге көптеген жұмыстарды жүзеге асырды. Жаңа оқу ғимараты мен жатақхана ғимаратын салды, білікті педагогикалық ұжым құрды, оқу орнын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге бүкіл Кеңес Одағында үздіктер қатарына қосу үшін көп күш жұмсады.

– Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында біздің колледжге 65 жыл толды. Тәуелсіздік жылдарында көп нәрсе өзгерді, оның ішінде білім беру жүйесі де бар. Бүгінгі таңда білікті мамандарды даярлау әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілердің белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Біз еңбек нарығының өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеу­деміз. Бұл сапалы мамандарды даярлауға және оларды нақты еңбек жағдайларында қажетті еңбек функцияларына, дағдыларына үйретуге мүмкіндік береді. ТжКБ бар кадрларды даярлауда икемділікті қамтамасыз ету үшін осы оқу жылында колледждерге техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары арқылы академиялық дербестік берілді. Яғни білім беру мекемелеріне жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттар негізінде және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға, оқыту мерзімдері мен траектория­сын айқындауға мүмкіндік бар. Колледждерге оқу уақытының көлемін және оқу бағдарламаларының мазмұнын өзгерту, жұмыс берушілердің талабы бойынша қосымша пәндерді (кәсіптік модульдерді) енгізу құқығы берілді. Білім беру жүйесіндегі осындай тың бастамалар көңілге қуаныш орнатуда. Біздің колледж қалыптасу мен дамудың даңқты жолынан өтті. Елдің инновациялық дамуы мүддесінде сапалы білім беруге бағдарланған колледж Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, жалпы республикада да сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды жүзеге асырады, – дейді колледж директоры Мырзабек Күжімов.

[smartslider3 slider=661]

Халықаралық грант иеленді

Бірнеше жыл бұрын Қазтұтынуодағының жоғары сауда-экономикалық колледжі Дүниежүзілік банктің «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасы бойынша өткізілген конкурсқа қатысып, 380 мың долларлық грантты жеңіп алды. Бұл байқауға еліміздің 137-ге жуық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қатысқан болатын. Соның ішінде астаналық осы колледждің білікті маман даярлаудағы институционалдық даму жоспары озық деп танылды.

Оқытудың тың жүйесі бойынша грантты ұтып алу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше табыс. Бұл – Мырзабек Күжімов басқаратын ұжымның еселі еңбегі.

Еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даяр­лауды басты нысанасына алған ұжым 65 жыл ішінде 40 мыңға жуық маман даярлап шығарған. Олардың бәрі де шағын және орта бизнесте, коммерциялық мекемелерде, банктерде, сауда үйлерінде, министрліктерде, оқу орындарында абыройлы еңбек етіп жүр.

Білікті маманға сұраныс жоғары

Басқа салалар секілді техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де тың технологияларды енгізуге үлкен мән беріліп жатыр. Оқу процесінде жеке тұлғаның білікті маман етуге бағытталған оқыту тәсілдерін озық тәжірибемен сабақтастыру бүгінде күн тәртібіне шықты. Өйткені белгілі бір оқу орнын бітіріп шыққан түлектің алған білімі жұмыс берушінің талабымен сәйкес келе бермейді. Ақыры, сол маманға мұқтаж болып отырған жұмыс беруші жас кадрды қайтадан даярлап, оқытуға мәжбүр. Ал оқу орнын жаңадан бітірген түлектің біліктілігі жұмыс берушінің талабына дөп келу үшін не істеу керек? Әрине, алдымен дәстүрлі оқыту жүйесіне өзгерістер енгізу қажет. Соның бірі – оқытудың модульдік технологиясы. Бұл – белгілі бір кәсіпті жан-жақты меңгеруге икемделген оқытудың жаңа жүйесі. Онда студенттер нақты бір мамандықтың шегінде шығармашылығын жетілдіреді, теориядан гөрі тәжірибеге ден қояды. Оқу қабырғасында жүріп-ақ болашақ мамандығының қыр-сырына қаныққан жастар ертең жұмысқа дайын маман болып барады. Еуропалық білім беру жүйесінің тәжірибесі көрсеткендей, оқытудың бұл тәсілі студенттердің таңдаған мамандығы бойынша терең білім алып қана қоймай, оқу орны мен жұмыс берушінің қоян-қолтық жұмыс істеуіне дәнекер болатыны дәлелденген. Оқытудың модульдік технологиясын Нұр-Сұлтандағы Қазтұтынуодағының жоғары сауда-экономикалық колледжі 2009 жылдан бастап тәжірибесіне енгізе бастады. «Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім жүйесіндегі әлеуметтік серіктестігі» халықаралық Еуроодақ жобасы бойынша қолға алынған модульдік оқыту барысында эксперимент ретінде «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы таңдалып алыныпты. Енді осы жүйе бойынша оқығандар үш мамандық алып шығады. Біріншісі – екінші курстан кейін ЭЕМ операторы, үшінші курстан кейін – техник, үшіншісі – техник-бағдарламашы. Бұл дегеніңіз – екінші курстан кейін-ақ жас маман ЭЕМ операторы болып жұмыс істей алады деген сөз. Модульдік оқытудың дәстүрлі білім беру жүйесінен артықшылығы сол, мұнда еңбек нарығында қандай мамандыққа сұраныс көп екендігі қатаң ескеріледі. Кезекті модульдік оқудан өткеннен кейін бірнеше мамандықты игеруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істеген жұмыс беруші болашақ маманға өз талабын қоя алады. Студент өз кезегінде теориядан гөрі практикаға көбірек жүгініп, таңдаған мамандығына бейімделе бастайды.

Колледж студенттері модульдік оқыту бойынша «Республикалық техникалық және кәсіптік білімді дамыту және біліктілік беру ғылыми-әдістемелік орталығы» АҚ-та өткен емтиханнан сүрінбей өтіп, мұның мықты кадрлар даярлауға тиімді жүйе екенін дәлелдеп келеді.

[smartslider3 slider=663]

Дуальді оқыту қарқын берді

Сонымен қатар колледж жұмысының басым бағыттарының бірі – дуальді оқыту білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды даярлау. Түлектерге қойылатын біліктілік талаптары жаһандану мен қоғамдағы үздіксіз құрылымдық өзгерістерге байланысты үнемі кеңейіп, артып келеді.

– Қазір бір маманды дайындау үшін колледж, жұмыс беруші, студент, ата-ана бірігіп жұмыс істейді. Колледж өз мойнына «мен білікті маман даярлаймын» деп жеке жауапкершілік ала алмайды. Қазіргі талап бойынша білікті маман даярлау үшін жаңағы айт­қан төрт бірлестік бірігуі керек. Бұрын жұмыс берушілер білім мекемесіне келіп, маман таңдауға қызықпайтын. Ал қазіргі өзгерістерге байланысты жұмыс берушілер өздеріне керекті маманды іздеп, сұрай бастады. Соның арқасында түлектеріміз өз саласын «білемін» деп емес, «қолымнан келеді» деп шығып жатыр. Оқытушылар оқитын дәрістерінің тақырыбын жұмыс берушілердің мақұлдауымен шешеді. Мұндай сырттай бақылау біреуге ұнамауы мүмкін. Бұл менеджер ретінде маған, ата-анаға, студентке өте пайдалы. Себебі біз 3-4 жыл баланың уақытын, Үкіметтің ақшасын, ақылы болса ата-ананың ақшасын аламыз. Сондықтан бізге сапасыз, біліктіліксіз маман даярлауға болмайды. Осы тұрғыда дуальді оқыту өте маңыз­ды. Дуальді оқу кезінде студенттеріміз практикадан өтіп жүріп те жұмысқа тұра алады. Биылғы жаңалық бойынша студенттің өткен практикасы жалпы еңбек өтіліне кіретін болды. Енді жұмыс беруші студентке «сенің тәжірибең жоқ» деп айта алмайды. Сонымен қатар жаңа ережеге сәйкес колледжге түсуші талапкерлер енді емтихан тапсырмай, мектептегі бағасының орташа көрсеткішімен оқуға қабылданатын болды. Бұған дейін мемлекеттік гранттар оқу орындарына бөлініп келсе, енді грант талапкерлерге бөлінетін болды. Бала грантымен қай колледжге баратынын өзі таңдайды. Талапкерлердің 4 колледж, 4 мамандық таңдауға құқығы бар. Бұл министрліктің атқарған ең бір жақсы шешімі екенін айта кетуіміз керек. Осы өзгерістерді балалар ғана емес, ата-аналар да, жұмыс берушілер де жақсы қабылдады. Тағы бір айта кететін тың өзгеріс – Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының білім саласына да келіп жатқаны. Нұр-Сұлтан қаласында 35 колледж бар болса, соның 24-інің ғана мемлекеттік тапсырыс алуға құқығы бар. Қазір білім сапасы мен мемлекеттік тапсырыс беруді бұрынғыдай комиссия шешпейді, жұмыс берушілер де қоса араласады. Олар колледждерге арнайы талаптар қоя отырып, материалдық базасына, әлеуметтік серіктестеріне, білім бағдарламаларына қарайды, – дейді Мырзабек Күжімов.

Оқумен бір мезгілде білім алушылар таңдаған мамандығын тікелей өндірісте меңгереді, яғни бірден екі жерде: 5-6 апта колледжде, қалған уақыт кәсіпорында оқиды. Колледждің әлеуметтік серіктестері кәсіпорындардың қатысуынсыз дуальді оқытуды ұйымдастыру мүмкін еместігін атап өту қажет. Дуальді білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлауды жүргізе отырып, колледж көптеген жылдар бойы «Беркат» консорциумы, «КенМарт» ЖШС, «Жеті аспан» ЖШС, «Метро Кэш энд Керри» ЖШС, «Магнум» ЖШС, «Инком Астана» ЖШС және т. б. әлеуметтік әріптестермен белсенді ынтымақтастық жасайды. Сонымен қатар қос тарапты білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру аясында Қазтұтынуодағының жоғары сауда-экономикалық колледжі халықаралық ынтымақ­тастықты да дамытуда. 2018 жылы Ресей Федерациясы Екатеринбург сауда-экономикалық техникумымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Осы ынтымақтастық шеңберінде көптеген іс-шаралар өткізілді, сондай-ақ «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының оқытушылары мен студенттері үшін халықаралық екіжақты тағылымдамалар ұйымдастырылды.

[smartslider3 slider=662]

Мерейлі белес – жаңа мақсат

Білім ордасының 65 жылдық мерейтойына орай колледжде жаңа оқу жылы басталғалы рухани, танымдық кештер мен концерттер, интеллектуалдық сайыстар өтуде. Студент жастар мұндай шараларды асыға күтіп, белсенділік танытып жүр. Сондай шаралардың бірі – өткен аптада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын мерекелеу аясында «Қажымұқан елінен – Қажымұқан еліне!» атты салтанатты концерт. Шараның мақсаты – күш атасы Қажымұқанның жүріп өткен жолын, даңқты жеңісін жас ұрпаққа үлгі ету.

Оқу ордасы студенттердің тәрбие жұмыстарына көп көңіл бөледі. Колледж жанынан «Мирас» студенттік театры құрылған.

Жалпы былтырдан бері кәсіптік білімге жастар жаппай келіп жатыр. Зерделеп қарайтын болсақ, осыдан 10 жыл бұрын Елбасы жүктеген тапсырма өз деңгейінде жүзеге асуда.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button