Әлеумет

Әлем шуағы әркімге қолжетімді

Айнала, әлемдегі құбылыс, тіршілік, қоғамдағы өмір аяқ-қолы сау, құлағы мен көзі көріп-сезетін жандарға қолжетімді. Ал жазмыштың жазуымен жарық дүниені жарқыраған жанарымен көру мүмкіндігінен шектелген зағип жандар ше? Қазіргі технология дамыған заманда зағиптарға да қолжетімді бола алады. Осындай мүмкіншілікті қамтамасыз етуге тырысатын бірден-бір ұйым – бұл арнайы кітапханалар.

Солдан оңға қарай: Астана қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы Ғалым Адайұлы. Өзбекстан Мәдениет министрлігі жанындағы Республикалық орталық зағиптар ­кітапханасының директоры Фархад Уктамович

Кітапхана – жанары суалған ерекше жандардың рухани талап-тілегін қанағаттандырып, әлемдік ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші. Өмірдің ағысында кетіп бара жатып, қиындыққа мойымай, дүниеден мол махаббат пен жарық сәуленің шуағын сезіндіріп, жан-жақты қызмет көрсететін осындай кітапхананың бірі – Астана қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана.

Бүгінде 50 жылдан астам тарихы бар бұл кітапхана барлық санаттағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды және олардың отбасыларын терең білім қорымен сусындататын, іздегендерге ізгілік пен қажетті ақпараттарды тегін қамтамасыз ететін, заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеруіне атсалысатын орталыққа айналып отыр. Көз жанарынан айырылған азаматтар үшін бұл кітапхананың маңызы – Брайль жүйесі бойынша оқу-жазуға үйрету. Тағы бір артықшылық кітап­ханада зағиптар үшін шахмат, шашки ойындарынан турнирлер өткізіліп тұрады. Осы қызметтердің нәтижесінде кітапхана өз бағасын да алды. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдас­тырылған мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына-2021» фестивалінде «Үздік қалалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мемлекеттік кітапхана» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған.

Арнайы кітапхананың ақпарат беретін негізгі екі қуат көзі бар. Соның бірі – бедерлі-нүктелі қаріптегі (Брайль жүйесіндегі) кітаптар болса, екіншісі – дыбысталған аудиокітаптар. Бұл дегеніңіз – дыбыс арқылы зағип жандарды небір ғажап көркем әлемге жетелеу.

Кітапхананың «Дыбыстандырылған әлем» жобасы аясында «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен кітапханада дыбыс жазу студиясы ашылған. Осы студияда ескі кассеталарда жазылған классикалық шығармаларды аудио форматқа көшіру жұмысы жүргізіліп, еліміздегі басқа қаладағы арнайы кітапханаларға тегін таратылды. Бұл үрдіс арнайы кітапханаларға үлкен көмек болып отыр. Кітап­хананың дыбыс жазу студиясында «Қазақ радиосының» 100 жылдығы аясында «Kitap_kala» радиоканалы ашылды. Қазақ радиосының ардагері Күләш Молдахметова мен ақын, қоғам қайраткері Мақпал Тәжмағанбетова жаңа тәй-тәй басқан радионың тұсауын кесті. Сонымен қатар кітапхана оқырмандары мен басқа да кез келген адам бұл радионы ғаламтордағы «Kitap_kala» You Tube арнасынан тыңдай алады. Бұл арнада кітап авторлары, белгілі қаламгерлермен сұхбаттар өткізілуде.

«Дыбыстандырылған әлем» жобасы аясында әлемдік канал саналатын You Tube арнасынан жеке дара «Kitap qala аудиокітап» арнасы ашылды. Негізгі мақсаты – кітапхана қызметін насихаттай отырып, зағип жандар мен кез келген басқа да тыңдармандар үшін небір танымдық, деректі, көркем шығармалардың дыбысталған, арнайы хабар ретінде жасалған аудио нұсқасын тыңдарманға ұсыну, аудиокітап платформасының сапалы контентін жасақтау.

Зағип оқырмандардың ақпарат көзінің тағы бір құралы – бедерлі қаріптегі кітаптар. Өкінішке қарай, елімізде бұл мәселе оңды шешімін таппай келеді. Себебі бедерлі қаріптегі қазақ тіліндегі оқулық, кітап дегеніңіз жоқтың қасы. Жылдар бойы осы мәселені шешу туралы сұраныстың болуына қарамастан, нәтижесі тек биыл ғана жемісін беріп отыр. Арнайы кітапханаға қажетті шығарылымдар мен ақпарат көздерін Брайль жүйесінде басып шығару үшін арнайы тифлотехникалар алынды. Олар: Everest-D V5 принтері, электронды лупалар, қағаздағыны дыбыстап беретін құрылғы, арнайы Брайль қағаздары, арнайы бағдарламалар. Енді осы құрылғылармен өзіміздің арнайы кітапхананың зағип оқырмандар сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндігіміз туып отыр.

Арнайы кітапхананың тағы бір қызметі – қоғамдық, танымдық, көпшілік бағыттағы мәдени шаралар ұйымдастыру. Мысалы, өткен жылғы шаралар ішінде ерекше атап өтеріміз – Мәде­ниет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы Өзбекстан мәдениет күндеріне орай ұйымдастырылған жиын еді. Екі ел арнайы кітапханаларының бірлескен тұңғыш жобасын көрсетті. Бұл Канн фестивалінде мүмкіндігі шектеулі жандар туралы қысқаметражды фильмдер арасынан гран-при иеленген «Шәй» фильмінің көрсетілімі еді. Дыбыссыз фильм арнайы кітапханамыздың дыбыс жазу студиясында дыбысталып, өңделді. Бұл фильмнен алған әсерімен бөліскен жандар, әсіресе зағип жандардың өзі «осы күнімізге шүкір» деген ойда қалды. Себебі 16 минуттық фильмде өмірдің үлкен мектебі жатқандай еді.

Өзбекстан арнайы кітапхана­сының Брайль кітаптарын шығаратын баспасынан А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай және Ы.Алтынсариннің шығармалары бедерлі қаріпте басылып шықты. Осы шарада кітапхана оқырмандарына тарту етілді. Екі ел кітапханаларының ынтымақтастығы мен бірлескен жобаларының меморандумына келісім қойылып, шара жақсы көңілде аяқталды.

Кітапхана тынысы – бір мақалаға сыя алмайтын құбылыс. Әсіресе ерекше жандарға арналған кітапхана тіршілігі. Әр оқырманның эмоциясын сезіне білу, қарым-қатынас жасай алу, көңіліне шаңның тозаңындай кірбің қалдырмауға тырысу – бұл арнайы кітапхана қызметкерлерінің негізгі миссиясы.

Ғалым АДАЙҰЛЫ, Астана қаласындағы

көзі көрмейтін және нашар көретін

азаматтарға ­арналған арнайы кітапхана басшысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button