Тұлға

Алаштың ұстазы

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай атқарылуы тиіс өзекті мәселелер туралы ой-толғам һәм ұсыныстар

[smartslider3 slider=1842]

1994 жылы құрылған ­Ахмет Байтұрсынов атындағы қордың ресми атауы Алматы қаласы әкімінің 1993 жылғы шешімінде нақты көрсетілген: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар құжат негізінде мұражай маңдайшасына мекеме атауын жаздыртып ілдіртуге, ал құзырлы органдарға заңды тіркетіп алуына әбден болатын еді. Өкініштісі, аталған қор тарапынан мұны жүзеге асыратын ықыласты адам болмады, қор 1999 жылы қайта тіркелгенде атауын «қоғамдық қор» деп толықтырғанмен, меншігіне алған музей-үйдің қажеттілігін өтеуге қауқарсыз болды.

Жоғарыдағы жанды жеген жегіқұрт сауалдардың жауабын ұстаз ғибратынан тапқандай боламын. «…Не пайда, өнерің мен біліміңнен, Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?» дейтұғын қазақ оқығандарына жолдаған насихаты өреліні оятары анық қой деп жұбанатынмын. Сосын рухты деген жандарды жағалап жүріп, мүмкіншілігі бар, сөзі өтімді, қолы ұзындардан Ахмет Байтұрсынұлы музейіне араша болуларын сұраумен мезі еткеніме БАҚ беттеріндегі мақалалар мен телеарналардағы хабарлар дәлел. Лауазымды тұлғаларға мән-жайды айтып: «Қазақтың ұлттық ғылымын негіздеуші Ахмет Байтұрсынұлының үзеңгілестерінен несі кем, әдебиет алыптары: Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов және басқа да тарихи тұлғалардың музейлеріндей мемлекеттік мәртебесі бар, әрі Үкімет қаулысымен қаржыландырылатын мекеме жасап беріңіздерші» деп жүріп қаулыға да жеттік. Бірақ нақты аталуы, яғни жазылуы тиіс «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» деген атаумен рәсімделгенін көрмеген соң, тағы тоқырап жүрген жайым бар. «Баяғы жартас сол жартас» болмаса екен, тұлға атындағы қорға «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» деп заңдастырыңыз деп айқасқан жылдарым есіме түссе, аза бойым қаза болады.

Ахметтей тұлғаның, шын мәнінде, кіндігінен бала болмағаны, асырап алған қызы Шолпан Байтұрсынова-Байсалова ғана заңды мұрагері екені тайға таңба басқандай құзыретті ұйымдармен расталғанын алаштанушылар жақсы біледі. Кезінде шындық үшін шырылдап Шолпан Ахмет­қызы мен Гүлнәр Міржақыпқызы аяулы әкелерінің тұрған үйін азып-тозып тұрған жерінен алғашқы болып табушылар еді ғой! Тіпті Алаш арыстарының қазақ қоғамына қайта оралуына, ресми ақталуына жансебіл жұмыс жасаған Гүлнәр Міржақып­қызы екенін бұл күні біреу білсе, біреу білмес. Гүлнәр апайдың Мәскеуге әкесі Міржақып пен атаекесі Ахметтің ісін қайта қарауын сұрап, ауық-ауық өтініш хат түсіруінің арқасында тарих бетінің ақтаңдағы аршылды. Мұны қос кейуананың құмығып, күңірене айтқандарынан өз құлағыммен естіген едім. Бұл шындықты Міржақыптың жиендері: Жаннат Әбенқызы, Нұрлан Сатыбалдиев, Ахметтің жиені Айман Қабиденқызы біледі. Сонымен қатар Ахмет тұрған үйді табуға атсалысқан Аманқос Мектептегі куә! Алаш арыстарының алғашқы шоғыры – Мағжан Жұмабай, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлының 1988 жылы 4 қарашада ақталуын Гүлнәр апайдың: «…тағдырдың менің туған күніме жасаған сыйы» деп ерекше толқығанын көзіміз көрді. Сөйткен аналарымыз тағылым үйінің мемлекеттік болғанын көре алмай бұл өмірден озды… Десе де Гүлнәр Міржақыпқызының артынан Алаш қайраткерлеріне қатысты құнды деректер қамтылған маңызы зор естелік кітаптар қалғаны – көңілге жұбаныш.

Алаш арыстары мен олардың шындық үшін шырылдаған аяулы ұрпақтары – Шолпан мен Гүлнәрдың ақиқат деген арғымағының ізімен келемін. Ізгі жолдың адастырмасы хақ!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қазақ қоғамына жарты ғасырдан соң оралған Ахмет Байтұрсынұлының аяулы да ардақты есімін насихаттап жүргенімізге 34 жыл болды. Ендеше оның артында көзіндей болып қалған жәдігері – тағылым мектебінің дербес өмір сүруге толық хақысы бар деп білемін. 1993 жылы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі болуы тиіс мекеме белгісіз себептермен 1994 жылы құрылған қорға қарап, өзінің заңды атауы тасада қалып, жекенің меншігі болып келген-ді. Енді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына оралымды басқару құқығына бекітіп берсе, оның атауы – Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі деп жазылғанмен (әлі ресімделмеген – Р.И.), дербес жарғысы, дербес мөрі болмайтыны анық. Ұлт мүддесі үшін құрбан болған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы ­жеке-дара құрметке, дербес мекеме болуға әлі де лайық болмағаны ма?! Осыдан 25 жыл бұрын да осындай қаулы болған, бірақ көп жұмыстың аяқсыз қалғанын әрі бұрмаланғанын оның зардабын тартқан біз білеміз һәм тірі куәміз!

Ресми құжаттар мен БАҚ-та «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» деп жазылғанмен, осы атауы әлі күнге заңды тіркелмеген ұлт ұстазы тағылым мектебінің зарын естір Үкімет болса деген үмітпен жазып отырмыз. Жоғарыдағы бекітілген жоспардың мүлтіксіз орындалуына Үкімет қана кепілдік бере алады деп сенеміз.

(Соңы. Басы газетіміздің өткен санында)

Райхан ИМАХАНБЕТ, Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал»

оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығы директоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button