Елорда күні

Астана жайлы қалаға айналды

Урбанистика орталығы қаланың жайлы және тұрақты дамуы үшін жұмыс жүргізеді. Біз үшін қаламыздың «бақытты» және «саламатты» болуы да маңызды. Сол себепті соңғы жылдары елордада 700-ден астам қоғамдық және аула кеңістігі салынды. Осы және басқа да жобалар бойынша жұмыстың бәрін «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» стратегиялық жоспарының аясында жүзеге асырамыз.

[smartslider3 slider=3412]

 

Қала әкімдігі көгалдандыру және абаттандыруға да баса көңіл бөледі. Мәселен, әрбір ауданда 50-60-тан астам аула абаттандырылады. Биыл шамамен 224 аула мен 24 қоғамдық кеңістікті салу жоспарланған. Олардың көбі қала күні қарсаңында ашылады. Айталық, қала әкімдігі алдындағы алаң абаттандырылып, ол жер қалалықтар отбасымен келіп жиналатын, демалатын орынға айналды. Елордада бос жатқан кеңістіктің бәрін, мысалы көпірлер астына дейін абаттандыру қарқынды үрдіс алды. Бұл орындар қазір салауатты өмір салтын насихаттайтын кеңістіктер десе болады. Осылайша астанамыз өмір сүру үшін қызықты қалаға айналып барады.

Алдағы 10 жылда қаламыз бұдан әрі де гүлденіп, дами түседі. Қазіргі таңда барлық парк кластерін Есіл өзені арқылы біріктіру көзделуде, парктер велосипед және жаяу жүргіншілер жолдары арқылы бір-бірімен жалғанатын болады. Қаламыз қазір полицентрис­тік үлгі бойынша дамуда, яғни әрбір тұрғын ауданда инфрақұрылымы, мектебі, балабақшасы, емханасы қадамдық қолжетімділікте болады. Мұның бәрі қала халқының мектеп пен балабақша, т. б. іздеп басқа ауданға сапырылысуының, сөйтіп кептеліс тудыруының алдын алады. Қазір көші-қон деңгейі өте жоғары, елорда халқы жылына 55 мың адамға толығып отырады. Оның 25 мыңы демографиялық жолмен толығады. Урбанизация қарқыны да күшті. Мұның бәрі қалада жүйелі түрде шешімін қажет ететін мәселелер туындатуда.

Сонымен қатар қазір қаланың мобильділігіне баса көңіл бөлінуде. Кешенді көлік үлгілері әзірленіп жатыр. Қоғамдық көліктің жаңа түрі – LRT көлік желісі бойынша құрылыс жалғасады. Сондықтан қазіргі негізгі міндет – қалалықтардың көлік қызметін пайдалануда бірнеше таңдауының болуына жұмыс істеу. Қалада жеке көліктер көбейіп кеткендіктен, қазір қоғамдық көлік желісін дамытуға көңіл бөлінуде. Елорданы климаттық ерекшелігі және келбеті жағынан Норвегия астанасы Ослоға, Канаданың, Финляндияның кейбір қалаларына ұқсатуға болады. Қаламызды тактикалық және стратегия­лық бағытта дамытудамыз. Тактикалық шараларға қазір бәріңіз көріп жүрген жұмыс жатса, стратегиялық дамыту жұмысына қаланы газдандыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету жатады.

Елнар БАЗЫКЕН,

Нұр-Сұлтан қаласы

Урбанистика

орталығының басшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button