Қала мен Сала

Балаңыз оқуға дайын ба?

Астанада мектеп жәрмеңкесі ашылды

Тамыз басталысымен мектепке дайындық басталады. Жаңа оқу жылы жақындады – мектеп формасын тіктіру, оқу құралдарын алу үшін ата-аналар мен балалар арзандау деп базар жағалайды. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары үшін жағымды жаңалық бар: жуырда «Астана­лық базар» сауда үйі жанындағы ашық алаңда мектеп жәрмеңкесі ашылды.

[smartslider3 slider=3635]

Ата-ана да балаларын мектепке дайындау қамына кірісіп кеткенін байқадық. Әзірге адам көп емес, кезек жоқ, таңдау бар. Киімнің сапасына қарай бағасы белгіленген. Мәселен, қыз балаға форма 5500 теңгеден жоғары, фартукті 2000-2500 теңге аралығында (былтыр 1500 теңге) алуға болады. Ұл балалар костюмінің бағасы – 20000 теңге (былтыр 8000-10000 мың теңге). Жейделер – 4500 аралығы (былтыр 2000-3500 теңге). Ал галстук – 1000 теңге (былтыр 400-600 теңге). Спорт костюмдерін 4 мыңнан 9 мың теңгеге дейін алуға болады. Кеңсе тауарлары біраз қымбаттаған: күнделіктің бағасы былтыр 350 теңгеден болса, биыл 700 теңге. 1 дәптер 40 теңгеден (бұрын 10 теңге), бір жерден барлық кеңсе тауарларын, оқу құралдарын алатын болса, жеңілдік жасап, дәптерді 30 теңгеден алуға болады. Сөмкелер былтыр 3500-ден басталатын, биыл 5000-нан бастап алуға болады. Ресей рюкзактары – 9-10 мың теңге аралығында. Бір оқушыға оқу құралдарын алу кемінде 30 мыңға түседі. Қыз бала 15 мың теңгеге киінсе, ұл бала 30 мыңға мектепке баруға дайын болады. Мұның бәрі – Бішкектен, Қытайдан келген тауарлар, ресейлік, түркиялық киімдер бағасы бұдан әлдеқайда жоғары.

Сатып алушылар баға қалтаны қағатынын айтады. Әсіресе мектепке бірнеше баласы баратындарға қиын. Кеңсе тауарлары да қымбаттаған. Сөмкелерге де баға әртүрлі. Ата-ана мүмкіндігіне қарай алып жатыр. Сатушылардың айтуынша, бір баланы мектепке дайындау үшін биыл орташа есеппен 50-60 мың теңге (былтыр 30-40 мың теңге) керек екенін айтады.

Гүлнар Халманбетова – бес жылдан бері мектеп базарында сауда-саттық жасап келе жатқан жеке кәсіпкер.

– Менің сауда нүктеме келушілер үшін қыркүйекке дейін жеңілдік бар, сондай-ақ көпбалалы аналар үшін жеңілдік қарастырылған. Ұл балаға костюм-шалбар алса, галстукты, қыз балаларға фартукты тегін беремін. Бізде форма мен мектеп костюмінің кең таңдауы бар. Әсіресе өлшемі мен пішімі, сапасына деген сұранысқа ие модельдер, бағасы да қолжетімді.

– Бес баланың анасымын, үшеуі ересек, мектепке баратын үш баламды жыл сайын ерте қамданып, керек-жарағын даярлаймын. Биыл костюм, форма таңдаудан бастап отырмыз. Жергілікті кәсіпкерлердің көпбалалы аналар үшін жеңілдік қарастырып жатқанына өте қуаныштымыз. Көпбалалы отбасы ретінде аудандық білім беру бөлімі де көмек беріп жатады, дегенмен де өз күшімізбен басты керек-жарақты алып дайындаламыз, – дейді көпбалалы ана Риза Көпжасарова.

Балаларын мектепке сақадай сай етіп даярлау – ата-ана үшін жауапты іс. Бірі қалтасына қарай көсілсе, енді бірі өз қалауына қарай дайындалады. Жыл сайын дәстүрге айналған республикалық «Мектепке жол» акциясының шарапаты да көптеген отбасыға көмегін беріп, септігін тигізіп жатады.

Тағы бір жақсы жаңалық – 17-21 тамыз аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында «Kids EXPO. Балалар әлемі» балаларға арналған тауарлар жәрмеңкесі өтеді.

Бұл жәрмеңкеде ата-ана балаға қажеттінің бәрін: кеңсе тауарлары мен мектеп формасын, ойыншықтар мен дамыту ойындарын, киім мен аяқ киім сатып ала алады. Барлығы бір жерде және қолжетімді бағамен сатылады. Сондай-ақ мұнда ата-ана мен балаларды қызықты шеберлік сыныптары, аниматорлармен ойындар, спорт ойындары және ауқымды мәдени бағдарлама күтеді. Қапы қалмаңыздар!

Гүлшат  САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button