Sport

Бас жүлденің барлығы неге бізге бұйырды?

«Қазанат» атшабарында теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты, аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаты аяқталды. Бұл жарыс Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қос жарыстың да алтын жүлделерін Қазақстан спортшылары жеңіп алды. Теңге ілуден тек Қырғызстан командасының өкілі қола жүлде иеленсе, аударыспақтың бес салмағы бойынша Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан балуандары бірнеше күміс және қола жүлделерді қанжығаларына байлады.

Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы жекпе-жегінде жаңа есім жарқырап шықты. Ақтөбелік жас балуан Арман Сағынбаев қарсыластарының барлығын бет қаратпай ұтып, түйе балуаны атанды.
Теңге ілуден 9 мемлекет спортшыларының арасынан ақтық сынға санау­лы саңлақтар суырылып шықты. Ал жүлделердің екеуін қазақстандық шеберлер ұтып алды. Алтын медаль мен 1500000 теңге сыйлық жас саңлақ Мағжан Сапарбекке бұйырды. Күміс жүлде мен 750000 теңге сыйлықты Ғалымжан Ізжанов иеленді. Қола жүлде мен 500000 теңге сыйлықты Қырғызстан спортшысы Амантур Минуур уулы қанжығасына байлады.
Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының жаңалығы Арман Сағынбаев болды. Азияның абсолютті салмақтағы бәсекесінде ақтөбелік бапкер Абат Аймағанбетовтің шәкірті Арман Сағынбаев түйе балуан атанды.
Астанада өткен Азия чемпионаттарын ЮНЕС­КО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің өкілдері арнайы келіп тамашалауының өзі көп жайтты аңғартса керек.
Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатының жеңімпаздарын ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорт және ойындар комитетінің төрағасы Халил Ахмед Хан, комитеттің хатшысы Шамми Рана және комитеттің үйлестірушісі Марселлин Дэлли мырзалар, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы марапаттап, жүлдегерлерге арнап құттықтау сөз сөйледі.
Ұлттық спорттың жан­күйерлері жақсы білсе керек, бұған дейін аударыспақтан І Азия чемпионаты 2014 жылы Астанада, ІІ Азия чемпионаты 2016 жылы Қытай Халық Рес­публикасының Іле-Қазақ автономиялы облысында өткен-ді. Екі чемпионатта да барлық салмақтың бас жүлделерін қазақ балуандары еншілеген болатын. Бұл жолы да біздің жігіттер бес салмақ бойынша тағы да алтын медальді кеуделерінде жарқыратты. Ұлттық құрама командасының бас бапкері Қуанышбек Құрамаевтың, аға жаттықтырушы Жанбатыр Бекмұсаевтың, жаттықтырушы Абат Аймағанбетов­тің баптаған шәкірттері нағыз бабында екендігін тағы бір дәлелдеп берді. Аса ауыр салмақтағы Біржан Қосалиев, ауыр салмақтағы Сырым Ізбасаров, 80 келідегі Есімхан Рахматілла, 70 келідегі Шыңғысхан Ержанов, 60 келідегі Азамат Серғазин ел сенімін ақтап шықты. Бесеуі де өз салмақтарында қарсыластарын қапы қалдырып, Азия чемпиондары атанды.
Мына бір ойымызды осы тұста айтып өткен орынды санап отырмыз. Мәселен, теңге ілуде тек қырғызстандық шебер ғана қола жүлдеге қол жеткізді. Оның өзі екінші күні аударыспақта 80 келі салмақта күміс жүлдегер атанған – Амантур Минуур уулы. Яғни Қырғызстан командасында өз елінде теңге ілуден үздік атанған, арнайы даярланған спортшы болған жоқ. Бәсеке барысында байқалып тұрды, біздің Мағжан Сапарбек пен Ғалымжан Ізжановтан басқа 150 метрді 13-14 секундта жұлдыздай ағып өтіп, 4-5 теңгені аспанға лақтырып, жанкүйер айызын қандыр­ған спортшы мүлде болған жоқ. Тіпті теңге ілу былай тұрсын, көпшілігінің қолдары қара жерге жетпей жұртты күлдірді.
Ал аударыспақ сайысында жеті команда спортшылары ғана жүлделі болды. Бас жүлдеге бес салмақ бойынша Қазақстан балуандарынан басқасы қол жеткізе алмады. Түркия мен Ресей балуандары елдеріне жүлдесіз оралды. Неге? Неге бас жүлденің барлығы Қазақстанда қалды? Өйткені Азия чемпионаттарына өзге мемлекеттер Қазақстан командасы сияқты тыңғылықты даярлық жасаған жоқ. Бірер ай бұрын өткізілуге тиіс жү­йелі оқу-жаттығу жиынын өткізбеді.
Оның үстіне, теңге ілуге де, аударыспақ сайысына да арнайы үйретілген ат қажет. Ал Азия чемпионаттарына сегіз мемлекет те атсыз келіп қатысты. Сондықтан шетелдік спортшылар аударыспақ пен теңге ілуге еш бейімі жоқ, тақымдары үйренбеген ат үстінде қайдан табысты өнер көрсетсін? Міне, «Неге бас жүлденің барлығы Қазақстанда қалды?» деген жоғарыдағы сауалдың бір жауабы – осы.
Ал егер өзге мемлекеттер де Қазақстан командасы сияқты чемпионат алдында жүйелі оқу-жаттығу жиынын өткізіп, өздері үйреткен есті аттарымен сайыс­қа түсер болса, мұндай ха­лықаралық жарыста бас жүлделерді уыстап алмас па еді?!
Сонымен, қалың жанкү­йер үшінші Азия чемпионатын тамашалады. Ұйым­дас­тыруда еш мін жоқ. Қалың көпшілік екі күн бойы ұлттық спортқа жанкүйерлік танытты. Бірақ арада өткен төрт-бес жылда еш өзгеріс жоқ сияқты. Шетелдік ұлттық ойын спортшыларының деңгейі әлі бір қалыпта тұр. Қазақстандық командаға шынайы лайық қарсылас байқалар емес. Мүмкін, осы жолғы жеңілістің ащы дәмі көпшілігіне ой салар деп үміттенеміз. Әйтпесе, мұндай баяу қарқын ұлттық ойын бәсекелерінің қадамына тұсау болуы да мүмкін.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button