Денсаулық

Дәрігер сынға түскен жыл

Әлемді тосыннан келіп әбігерге салған мылтықсыз майдан – коронавируспен күресте алғы шепте әскерилер емес, дәрігерлер жүрді.

Қауіпке қарамай қатерлі дертпен күресу – елді жаудан қорғағандай ерлікпен пара-пар іс.  Себебі тойымсыз тәжтажал аранынан адамдарды аман алып қалу үшін медицина өкілдері бар қаруы – білімі мен қажыр-қайратын басты жауы – вирустың күшін бәсеңдетуге жұмсады. Сол жанкешті күрес­тің 9 айдан бергі жауынгері және әлі де «қызыл аймақта» ең ауыр науқастардың жанында жүрген дәрігерлердің бірі – жоғары санатты пульмонолог маман Мейіржан Әбішев.
Осы аралықтағы ерен еңбегі үшін ол бір жылдың ішінде «Халық алғысын» да алып, «Құрметке» де бөленді. Адам жанын Алладан кейінгі аман сақтаушы ақ халатты жандарға бұлай асқан құрмет білдіру тіршілік үшін күрестің биылғы салмағы қаншалықты ауыр болғанын көрсетсе керек. Жаңа түрдегі індет тікелей өкпені зақымдайтындықтан, «кеуде медицинасы» деген қосалқы атауға ие пульмонолог мамандарға сұраныс күшейіп, көп күш соларға түсті. Осы қарбалас басталып жатқанда, елордадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек ететін пульмонология саласында 20 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Мейіржан Әбішевке сәуір айында аурухананың сол кездегі басшысы, осы дерттен көз жұмған Иван Ли маңызды тапсырма жүктеді.
– Бас дәрігерім ар жағы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен басында теміржол ауруханасындағы провизорға барып көмектесу керек деді. Артынан 2-3 күн ішінде шешім өзгеріп, көктемде 15 күнде салынған жаңа инфекциялық ауруханаға субинтенсивті бөлімшенің жан сақтау бөліміне пульмонология спецификасын білетін мамандар жасақтау туралы тапсырма берді. Осы тұста айта кету керек, қол астымда дәрігерлерім – Гүлжан Ба­йырбекова, Аида Пішенбаева, Асия Тоқсарина, Салтанат Қаржауова, Әлия Шәкірова, Баян Бектасова, Сапаргүл Әбілдәқызы, аға медбике Марал Сүлейменова, медбикелер Сәуле Омарова, Сәуле Мұқашева, резиденттер Жанерке Әшірбек, Әйгерім Ідірісова деген қызметкерлермен жаңа ауруханаға барып, бөлімше аштық, – дейді дәрігер.
Бастапқыда дерт жұқтыр­ғандарды емдеу хаттамасы да бөлек болды, аурулар көп түсіп жатты, науқастардың көптігінен 200 кереуеттің бәрі үнемі толық болыпты. Оларды хаттама бойынша ұзақ емдеген, 15-20 күн, 1-4 ай жатқандар да болған. «Вирус жұқтырғандарды емдеуге өте көп қаржы кетті. Маусымның ортасында аурулар саны одан сайын көбейді. Науқасқа да, дәрігерге де асқан шыдамдылық керек болды. Пациенттер тез жазылып шыққысы келетін, кейбір кісілер бәрін мүлдем басқаша түсінетін. Оттегі берсе болды, жазылам немесе вирусқа қарсы препаратты берсе шауып кетем деп ойлады» деп еске алады ол.
Жаңа бөлімшеде 20 төсек-­орынға 35 штат бөлінді. Себебі ең қиын кездерде бөлімше ішінде 4 постқа дейін қойылды. Мұндағы науқастар – өздігінен дәретханаға, жуынуға бара алмайтын ауыр халдегі пациенттер. Олардың барлық күтімін сол посттардағы медицина мамандары жасайды. Осындай мүшкіл күйдегі адамдардың жағдайын әрбір сағат, әр сәт сайын бақылап, бабын жасаған дәрігерлердің еңбегі шынында да ұшан-теңіз.
– Пульмонолог болмаса да, осы жұмысты жасауға көніп келген жас мамандар расында өте қабілетті болып шықты. Олар біз берген эстафетаны іліп әкетіп, үйреткенімізді бірден қағып алды. Науқастардың жағдайына өте жоғары жауапкершілікпен қарады. Олардың талдауын алу, құжаттарын жүргізу, тексеру, сәт сайын бойында басқа қандай аурулар асқынуы мүмкін екенін ұдайы бақылап отыру керек. Бұл жерде әрбір науқастың денсаулығын өз алдына бөлек қарастыра отырып емдеу қажет. Сондықтан дертпен күресте тек менің жеке үлесімді ғана емес, барлық әріптестерді бірдей атап өткен жөн, – дейді М.Тілеубайұлы.
Оның айтуынша, елордада Ирина Мукатова, Баян Айнабекова, Наталья Латыпова сынды мықты профессорлар коронавируспен күресте жақсы бағыт-бағдар көрсеткен. Олар берген респираторлық білімнің арқасында жұмыс әлдеқайда жеңіл жүрген.
– Қазір аурулар саны азайды. Бірақ күніне 10 науқас түссе, соның бесеуі ауыр жағдайда келеді. Жастары ұлғайған, қосалқы аурулары барлар көп. Орта жаста болса да, бойларында семіздік, жүрек-қан тамыры, қант диабеті сияқты қосымша аурулары кездеседі. Бір басында 2-3 ауруы бар. Біз олардың ағзаларының барлық қызметін бақылап отырамыз. Кейбірін жасанды оттегіге қосып қоямыз. Күнделікті анализдерін қарап, өзгерістеріне көңіл бөлеміз. Аяқ асты ауруы асқынса, біреуінде бүйрек, екіншісінде бауыр жетіспеу­шілігі туындауы мүмкін. Қан қысымын күніне бірнеше рет, зәрін күн сайын және қан құрамындағы оттегіні бірінші кезекте бақылап отырамыз. Мен де өзге әріптестерім секілді өз қызметіме оралғым келеді. Бірақ мында көбірек керек екенімді білемін, – дейді дәрігер.
Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Құрмет» ордені және «Халық алғысы» медалін оған осы айда қала әкімі Алтай Көлгінов табыстады. Еңбегіне қарай марапаты зор Мейіржан дәрігердің жары да – пульмонолог маман. Ол екінші қызын биыл сәуірде дүниеге әкелгенде, қастарында бір жұма ғана болған әкесі коронавируспен күреске жұмылдырылды.
– Шілденің басында қатты ауырдық. Сол кезде ауруханада 60 пайыз дәрігер еңбекке жарамсыздығы бойынша демалысқа шығып, стационарға жатты. Сонда іште тек 2-3 дәрігер қалдық. Шаршасақ та істей бердік, өйткені басқа адам жоқ. Әлсіреп жүрсек те обход жасаймыз. Мүлдем дәрігер тапшы кез еді. Сондықтан жұмыс істей жүріп емделдік. Қазір бойымда вирусқа қарсы антидене бар. Қанымды ай сайын «Олимпке» барып тексертіп, антидене мөлшерін қарап отырамын. Ол төмендеп кетсе өте қауіпті, – дейді Мейіржан Әбішев.
Семейдегі Үржар ауданының Тасбұлақ ауылында 1974 жылы дүниеге келген ол – әкесі Тілеубайдың сегіз баласының кенжесі. Дәрігерлік білімі болмаса да, әкесі емдік шөптердің шипасы мен қасиетін өте жақсы білетін. Балаларының ақ халатты маманға айналуын армандап, ұл-қыздарының бойында мәртебелі кәсіпке деген құштарлықты бала кезден оятты.
– Әкем кішкентай кезімнен мені ауыл сыртына жетектеп апарып, түрлі емдік шөптермен таныстыратын. Өзі білімге, оқуға құштар жан еді. Жер-­ананы қадірлеп, табиғатқа өте жақын болды. Әрбір шөптің дәрілік қасиетін жақсы айыра білетін. Олардың емдік күші сабағында, тамырында, жидегінде ме, әлде жапырағында ма – соны талдап, жіктей білген. Санамызға дәрігер болу туралы ойды әбден құйып тастағаннан болар, бірінші сыныпқа барғанда, алғашқы ұстазым Бикамал апайдың «Кім болғың келеді?» деген сұрағына сенімді түрде «Дәрігер боламын!» деп жауап бергенім әлі есімде. Міне, содан бері бала арманым мені ешқашан адастырған емес, – дейді дәрігер бала кезін еске алып.
Осы арманның жетегінде мектеп бітіре салысымен ол кейіннен академияға айналған Семейдегі медициналық институтқа оқуға түсіп, оны 7 жыл бакалавр және интернатуралық деңгейде 1999 жылы тәмамдап шығады. Еңбек жолын Курчатов жабық әскери қалашығында терапевт дәрігер болып бастайды. 2-3 жылдан кейін қосымша пульмонология мамандығы бойынша оқып, жаңа бағытта жұмыс істеуге көшеді. 2006 жылы астанада пульмонолог мамандардың тапшылығына байланысты елордаға келіп, теміржол ауруханасында пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі болады. Бұл елордада құрылыс дүмпу алған кез еді.
– Сол кезде 50 кереуеттік бөлімшеде 70-80 науқас жататын. Науқастар қыста да, жазда да толастамады. Біз қала бо­йынша жалғыз пульмонология бөлімшесі болдық. Сондықтан жүктеменің көптігінен жылдың 24/7 режимінде жұмыс істедік. Құрылысшылар жас балалар ғой, шаршаған кезде суық жерге жата қалып ұйық­тайды, содан жиі ауырып қалады, – дейді ол.
Бөлімше меңгерушісі бола жүріп, ол өзінің кәсіби біліктілігін дәлелдеді, артынан ерген жастарға тәлімгер болды. Пациенттер мен ұжым тарапынан ол туралы тек мақтау сөз ғана естуге болады. Астана респираторлы медицина ассоциациясының мүшесі, денсаулық сақтау ісінің үздігі жиырма жылдық тәжірибесінде бронх-өкпе патологиясын диагностикалау мен емдеудің барлық әдістерін меңгерген.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button