Білім

Ұлттық сыйлық иегері

«Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» депті Мағжан. Мұғалім болу жүрегіңді қатыгездікпен кірлетпей, сөзіңде қасиетті, ісіңде адалдықты, жүзіңде жылылықты сақтай білу. Бір кездері осы бір баға жетпес мамандықтың қадірін қашырып, беделін түсіріп алдық. Биылдың ең маңызды жаңалығы мұғалімдерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың көбейгендігі екені даусыз. Біз бүгін еліміздегі ең үздік елордалық мұғалім – «Қазақстан мұғалімі-2020» ұлттық сыйлығының иегері, Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебі химия пәнінің мұғалімі, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының Қазақстандағы елшісі Динара Бейсембаева туралы айтпақпыз.

Динара Тоқтарқанқызының ұстаздық жолдағы еңбек өтілі – 15 жыл. Ол Семей мемлекеттік педагогикалық институтын биология және химия мұғалімі мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, алғашқы еңбек жолын өңірдегі «Жас ұлан» әскери мектебінде бастады. Алдындағы оқушы мен сабақ беретін пәнін шексіз жақсы көру мұғалімнің өмірлік мақсатына айналып кеткен. «Шығыс Қазақстан облысының кішкентай ғана Шар қаласында туып өстім. Бала күнімнен биология пәнінің мұғалімі болуды армандайтынмын. Өйткені маған жәндіктер мен өсімдіктерді сырттай бақылау, үйдегі құстар мен төрт түлікке қарау ұнайтын. Студент кезімде жыл сайын жазда қарағайлы орманда өтетін тәжірибе жұмыстарымызды асыға күтетінмін. Табиғат аясында өзімді осы ортаның қорғаушысы сезіндім» деп Динара Бейсембаева өткен күндерін есіне алды.
Абай Құнанбайұлының «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген сөзі біздің кейіпкеріміздің өзіне ғана емес, тәлім беріп, жол нұсқаған өмірлік ұстаздарына да қатысты айтылғандай. Себебі Динара Тоқтарқанқызының бүгінгі жетістігі – педагогикалық жолды таңдауға көмектескен Сәуле Жілкібаева мен Олег Пилгук сынды оқытушыларының арқасы. Дегенмен ұстаздарынан озған шәкірттің осал емес екені де анық. Қазір ол НЗМ-де химияны ағылшын тілінде оқыта отырып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға белсене қатысып жүр. Сондай-ақ дарынды балаларға арналған білім беру қажеттіліктері бағдарламасын жасауға қатысты. Оның оқушылары – халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Қайырымды ұстаз осы байқаудан иеленген ақшалай жүлдесінің 1,5 млн теңгесін ауыл мектебіне арнады. Ол жақында ғана Қарағанды облысына қарасты Ахмет ауылындағы орта мектептің химия кабинетіне зертханалық құрал-жабдықтар алып берді. Өзі де ауыл мектебінен түлеп ұшқандықтан, мұндай мектептердің жағдайымен жіті таныспын дейді қолы ашық мұғалім. «Жаһандық сыйлықтың басты қағидаты – қоғамға қызмет ету. Байқау шарты бойынша сауалнама толтыру кезеңінде-ақ жүлде қорын қайда жаратар едіңіз деген сұраққа ауыл мектебіне қолдау көрсетер едім деп жауап бергенмін. Коронавирус біздің елімізде әлі де ғалымдардың, биотехнологтар мен химиктердің аз екенін көрсетіп берді. Сондықтан ауыл мектептерінде ғылыммен айналысуға тамшыдай болса да септігім тисе – азаматтық борышымның өтелгені» деді ол.
Динара Бейсембаева болашақта ауылдағы әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. «Сандық ғылым – үйде» элективті курсының авторы ретінде ол химия және биология пәндерінің мұғалімдерімен тәжірибесін бөліспек. Сондай-ақ зерттеуді сандық форматта ұйымдастыру бойынша элективті курс бағдарламасын әзірлеуде.
Иә, ұстаз – ұлт болашағының айнасы. Отаны үшін шын күйініп, оқушысы үшін шырылдап жүретін Динара Тоқтарқанқызы сияқты білім саласының бетке ұстарлары көбейсе, ұлт болашағының да жарқын болары сөзсіз.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button