Қала мен Сала

Экзоқаңқамен оңалтады

25 жастағы елордалық кәсіпкер Бақдәулет Туғанбай науқастардың аяқ қозғалысын оңалту мақсатында қолданылатын экзоқаңқа өндірісін дамытуда. Ол биыл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі арқылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысып, грант иегері атанды

[smartslider3 slider=3677]

Мамандығы инженер-конструктор Бақдәулет жүріп-тұруы қиынға соғатын адамдар үшін экзоқаңқа жасап, құрастырумен айналысады. Оны жасап шығару туралы ой нарықтағы сұраныстан туындаған. Себебі қазақстандықтар шетелдік, көбіне ресейлік немесе қытайлық темір құрылғыларды сатып алады екен. Шетелде арзан болғандықтан, нау­қастар көбіне медициналық ұйымдар арқылы тапсырыс береді. Осыдан кейін жас кәсіпкерге неге отандық өндіріс ашып, экзоқаңқаларды қолжетімді етіп жасамасқа деген ой келген. Бұған дейін үш жыл бионикалық қол протезін жасайтын компанияда жұмыс істеген ол сол жерде жинақтаған тәжірибесінің арқасында жаңа жобаны ойлап тапқан. Енді, міне, қала әкімдігі арқылы мемлекеттік бағдарламамен 5 млн теңгенің грантын жеңіп алып, медициналық құрылғы жасау кәсібін бастап отыр.

– Еліміздегі мүгедек жандар үшін экзоқаңқаның қолжетімді болғанын қалаймын. Бұл экзоқаңқа – отандық өнім. Мүмкіндігі шектеулі жандардың аяқтан тұрып кетуіне, оларды оңалтуға көмектеседі, сонымен қатар түрлі апаттан зардап шеккен, инфаркт алған, жүрек талмасынан сал болып қалғандарды қайта қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Медициналық құрылғы – әсіресе инфарктан кейінгі оңалтуды қажет ететіндер үшін таптырмас құрал, – деп атап өтті елордалық кәсіпкер.

Бақдәулет бастаған кәсібінің аясын одан әрі кеңейтуді қалайды. Алайда өндірісті бұдан да ауқымды етіп дамыту үшін ақпараттық қолдау жетпей жатқан көрінеді. Тек елордада қалып қоймай, еліміздің өзге де өңірлеріне, шетелдік нарыққа шығуды көздейді. Алдағы уақытта өндірістегі мамандардың санын көбейтіп, экзоқаңқаларды көптеп жасап шығару ойында бар.

Оның биыл мамыр айын­да құрылған жеке кәсіпкер­лігі жаңа механизмдер жасап шығарумен айналысатын MBionics холдингімен әріптестікте жұмыс істейді.

– Жалпы бір механизмді жасауға 1 ай уақыт кетеді. Құрылғылар тапсырыспен ғана, яғни әр пациенттің жеке өзіне шақталып жасалады. Біз экзоқаңқаны жасау және құрастырумен айналысамыз, қалған жарнама беру, насихаттау жұмысымен холдинг шұғылданады. Мемлекет берген грантқа 2 станок сатып алдық, – дейді Б.Туғанбай.

Айтуынша, құрылғыларды жасауда медициналық білімнің жетіспеушілігі қиындық келтіреді екен. Себебі механизм науқастар үшін пайдалы әрі ыңғайлы болуы керек. Соған қарамастан шағын кәсіпкерліктегі инженер-конструктор, электроншы, дәнекерлеуші, токарь, фрезер станогының операторы, дизайнер, бағдарламашы сынды мамандар жан-жақты іздене отырып, өнімді сапалы түрде дайындауда..

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button