Қала мен Сала

Газдандыру барысы қалай?

Елордада «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін өткен жылыту мау­сымынан бастап бірқатар елді мекенде газдандыру жұмысы жүріп жатыр.

[smartslider3 slider=3562]

Бүгінгі таңда Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Қалған екі аудан – Есіл және Байқоңыр бойынша газ тарату желілерінің құрылыс жұмысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр.

Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Ол қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл мәселені қала басшысы да қатаң қадағалап отыр. Жақында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесуде Алтай Көлгінов осы бағыттағы жұмыс қарқынын төмендетпеу қажеттігін тапсырған болатын. Елорда әкімінің айтуынша, қазіргі күні бас қалада 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарт алды, сонымен қатар 3,6 мыңнан астам үй, яғни тұрғындардың 25 пайыздан астамы газға қосылды.

Қала әкімдігінің басшылығымен атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы кезде газдандырылған үйлер саны күн сайын артып келеді. 2020 жылғы жағдай бойынша 6 мың үй газға қол жеткізсе, 2021 жылы 14 мыңнан астам үй, оның ішінде 1800 отбасы, ал биыл 3,6 мыңнан астам отбасы газбен жабдықтауға қосылды. Олардың 5166-сы техникалық шартқа ие болды.

Есіл және Сарыарқа аудандары бойынша, атап айтсақ, Ильинка немесе Үркер, Өндіріс, Пригородный, Телман елді мекендерінде, сол сияқты «Family Village», «Garden Village» шағын аудандарында газ тарату желілерінің құрылыс жұмысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Бұл тұрғын алаптарда қазір газ құбыры салынуда. Келер жылы бұл елді мекендерде орамішілік желілер салынады.

Шараның игілігін көргендер көп. Солардың бірі – Балтабек Думанұлы. Ол биыл әкімдіктің қолдауымен үйіне газ тартып алды. Қуанышында шек жоқ.

«Әсіресе, балаларға жақсы болды. Қыста көмір тасып, аязды күні бүрсеңдеп, далаға шығып, отын кіргізіп, одан қалса пеш жағып, күл шығарумен әуре болушы еді. Биыл қиналмаймыз. Әкімдіктің қолдауымен газға қол жеткіздік. Тұрмысымыз жеңілдеді. Осы жұмысты қолға алған қала басшылығына айтар алғысым шексіз. Бұл – біз үшін үлкен жеңілдік» деді елордалық ардагер.

Сонымен бірге Шұбар шағын ауданында жобалау жұмысы жалғасуда. Бұдан басқа, 1-ЖЭО және 2-ЖЭО-нің 13 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. Бүгінде 3-ЖЭО құрылысы қайта басталды, жаңа құрылыс аудандарын жылумен қамтамасыз ету үшін үш жергілікті газ қазандығының жобалау жұмысы жүріп жатыр. Қаланы толық газдандыру 2023 жылы аяқталады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button