Қала мен Сала

Көрнекті қайраткерге ескерткіш орнату ұсынылды

Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың жаңа, бесінші ауданы мен бірқатар жобалық көшеге берілген атаулар бекітілді. Жаңа аудан Нұра аталады. Әл-Фараби даңғылы мен Мәншүк Мәметова көшесі сол жағалауға көшіріледі. Қазақтың батыр қызы атындағы бұрынғы көше енді Қарамерген атауын иеленеді. Ал Мағжан Жұмабаев даңғылы мен оның жалғасы – №23-16 көше біріктіріледі.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысқан жиында аталмыш атаулармен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен ­Есіркеп таныстырды. Мәслихат депутаты Гүлжамал Жапарова ұсыныстар айтты.

Ол осының алдындағы сессия­да Тоқтар Әубәкіровтің атына лайықты көше беруді ұсынған еді. Аталған қысқа көше «Железнодорожный» тұрғын алабында орналасқан. Депутат бұл мәселені қайта көтерді.

– Тоқтар Әубәкіров Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған «Тарихи тұлғалар» тізіміне енбеген екен. Біз министрлікке ұсыныс жасасақ қайтеді, – деді депутат.

Оған жауап берген қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қазіргі заңнамаға сәйкес тірі адамға көше берілмейтінін, бұл мәселе тұлға дүниеден өткеннен бес жыл өткен соң ғана қарастырылатынын айтып, түсіндірді. Тоқтар Әубәкіров халық батыры болған соң, кезінде құрмет ретінде көше берілгенін, мәслихатта сол көшені көшіру мәселесін қарастыратынын айтты.

Гүлжамал Жапарова елордада Жұмабай Шаяхметовтің ескерткіші жоғын айта келе, орнатуды ұсынды.

– Бұл тарихи тұлға ғой. ­Жұмабай Шаяхметов ең күрделі кезеңдері елдің экономикасын көтерді. 1946 жылдан 1954 жылға дейін ол, Сталин айт­қандай, тұңғыш ұлттық хатшы болды. Оны «Шығыс қыраны» деп атайтын. Бұл кісі ел, жер үшін өмірін қиды. Алғашқы ядролық сынақ болған күні, 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонына барды. Ақыры елу жасынан енді асқанда ми ісігі ауруына шалдықты. Осындай ірі тұлға ескерткішке әбден лайық, – деді депутат.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бұл мәселені қалалық Мәдениет басқармасымен талқылау керегін атап өтті.

– Біз республикалық оно­мастика комиссиясына әртүрлі үш құжат жібердік. Соның екеуіне, бірнеше көше мен аудан атауына қатысты жауап келді. Комиссия отырысы әлі өтпегендіктен, тағы бір құжат сонда қалды, – деді Ерлан ­Каналимов.

Сессияда кадр өзгерістеріне байланысты Астана қаласы әкімдігінің дербес құрамы бекітіліп, қаланың басқару тәсіміне өзгерістер енгізілді. Тиісті баяндаманы қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанасыл Шәукентаев жасады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button