Мәселе

Көмір неге жетпей жатыр?

Елордада биыл 12 жерде көмір сатылады. Көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында көмір сатушы компаниялармен алдын ала келісім жасасқан қала әкімдігі қыркүйек айында бас қала тұрғындарына көмірді ертерек сатып алуды ескерткен еді. Бұл хабарландырудың БАҚ беттерінде жарияланып, жұрт құлағына жеткеніне де бір айға таяды. Бірақ содан бері бір ай уақыт өтсе де, елордада тұрғындарының көбі әлі көмір сатып ала алмай жүр.

[smartslider3 slider=452]

Біз кездескен көмір сатушылар «вагонмен әкелген көмір әп-сәтте таусылып, жұртқа жеткізе алмай жатырмыз» деген уәж айтса, көмір сататын орындардың алдында кезек күтіп тұрған тұтынушылар қалада көмір сатып алудың қиындап кеткенін жеткізді. «Кеше кеште келгеміз. Түнімен кезеке тұрып, бүгін таңертең сағат 10-да бір КамАЗ көмірді әзер алдық. Оның үстіне, бір адамға 5 тоннадан артық сатпайды екен» дейді Қоянды ауылының тұрғыны Адалбек. «Көмір алуға жексенбі күні түсте келіп кезекке тұрғанмын, түнде көлігіммен сол арада қонып шықтым. Міне, сағат 11-ден асты. Көмір әлі келген жоқ. Көмір тиеген вагондар қашан келетіні белгісіз» дейді дүйсенбі күні сағат 4-те бізге хабарласқан Шаризада есімді азамат.
Біз де елорда әкімдігі таратқан ақпарат бойынша, көмір сататын бірнеше орынға бардық. Көбінде көмір жоқ. Сосын 109 нөмірі бойынша құрылған «жедел желіге» хабарлассақ, «А.Жұбанов көшесіндегі көмір сату орында 104 тонна, Ж.Жабаев көшесіндегі көмір сату орында 400 тонна Шұбаркөл көмірі бар» деген мәлімет берді. Барсақ, жоқ. Соған қарағанда астанада көмір жетіспей жатқанынан тиісті орындар хабарсыз секілді. Керек десеңіз, сатушылар көмірдің қашан келетінін өздері де білмейді. «Біз тапсырыс бердік, бірақ ол қашан әкелінетінін біз де кесіп айта алмаймыз. Сондықтан ертең келіп көріңіз» деп шығарып салды. Тек бас қалада ғана емес, шаһар төңірегіндегі аудан-ауылдардың тұрғындары да көмір іздеп шапқылап жүр. Бір қызығы, Нұр-Сұлтанда Шұбаркөл көмірінің бағасы 13500 теңге болса, Нұр-Сұлтаннан 30 шақырым жердегі Софиевка ауылында аталған көмірдің бір тоннасы 23000 теңге деп тұр.
Елордада көмірдің жетіспей жатқанына елдегі дизель тапшылығы мен оның бағасының қымбаттығы әсер еткені көрініп тұр. Өйткені жанармай қымбаттағалы биыл бас қаламызда үлкен-үлкен жүк көліктермен көмір әкелетіндер мүлде азайып, негізінен, вагондар арқылы ғана тасымалданып жатыр. Сосын да жылда көмір таситын КамАЗдарға үйінде отырып алдын ала тапсырыс беріп, есік алдына әкелтіп түсіріп алатын тұрғындар вагондармен әкелінген көмірлер төгілетін орындарды жағалап, кезекке тұрып жүр. Яғни, астанамызда көмір жеткізу мен қауырт кезеңдегі сұраныстың сәйкеспеуінен көмірдің тапшылығы туындап отыр. Өйткені көмірге бай елдің бас қаласы қара отыннан таршылық көретін басқа себеп жоқ. Соңғы жылдары елімізде көмір өндірісі азая бастағанмен, жыл сайын өндіретін көмір ішкі нарықта жетіп артылады. Демек, көмір бағасының шарықтап кетуінің алдын алуға ден қоюмен қатар, көмір сататын орындарда көмірмен қамтамасыз етуге баса назар аудармаса, жұрттың қыстық отын дайындаудан қиналатын түрі бар.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button