Үйренетін үрдістер

«КӨШЕ КІТАПХАНАЛАРЫ» КЕРЕК

АҚШ-тың Калифорния штатында білім алып жүрген жас жазушы Лира Қоныс әлеуметтік желі арқылы көршісі ашқан «көше кітапханасының» суреттерін жариялаған. Кітапхана иесі оқымысты кісі екен. Профессор деген атағы бар.
Лира назарымызға ұсынған суреттер бізге біраз ой салды.

«Бақ ішінен кітапхана ашсам деп едім…»

Осыдан он үш жыл бұрын «Жас алаш» газетінде істеп жүргенімізде редакцияға бір кісі келген. Ол да профессор. Үйінде елу мыңнан астам кітабы бар екен. Өзі Алматының тау жағында тұрады. «Аристон мен Сократ құсап, бақ ішінен кітапхана ашпақ ойым бар…» деді әлгі атамыз. Үйіне барып көрдік. Расында, қаланың оңашалау жерінде үлкен үйі бар екен. Ескілеу. Бірақ ең кең бөлмесі кітапқа толы. Сондағы көрініс әлі күнге көз алдымда. Атайдың кемпірі таудан арқалап отын тасып келе жатты. Тұрмыстары төмен. Әлгі апай: «Үйдің жағдайына қарайласпайды. Кітап, кітап деп жүгіріп жүр. Ал менің жүрісім мынау. Ішерге асты да, отынды да өз мойныма алып» деп, кәдімгідей мұңын шақты… Профессордың мақсаты, өзіндегі пәлен жылдан бері жиналған кітаптарды шашауын шығарып, шашпай, бір жүйемен кітапханаға айналдыру екен. «Бау-бақшада отырып кітап оқығаннан артық ләззат жоқ. Сол себепті, дәл осы үйімнен кітапхана ашқым келді. Ойымды айтып, талай азаматтың алдына бардым. Хат та жаздым. Құптағанмен, ешқайсысының уәдесі нәтижелі болмай отыр» деді ақсақал.

Хош. Газетке жазудан басқа қолымыздан не келеді? Жарияладық. Көмектесем дейтіндер болса, құлаққағыс еттік…

Содан бері он үш жыл өтті. Бірақ бақ ішінен кітапхана ашылыпты дегенді естімедік.

Енді ойлаймын: сол кісі аман ба екен? Кітаптарын қайтты екен? Жиған дүниесін қайда қоярын білмей, сабылып әлі жүрген жоқ па?..

Кітап біткен Құран емес

Несін жасырайын, жуырда үлкен бір қаламгер, қайраткер ағамыздың үйінде болдым. Бірақ сарайдай жарқыраған, кең үйде тұрса да, кітап сөрелері жоқ.

Бір анығы, көпшілік ағаларымыз кітаптарын қазір кітапханаларға өткізіп тастағанды дұрыс санайды.

Тағы бір қаламгер аға сұхбатқа барғанымызда үйінде кітап қоятын орын жоқ екенін  айтып жатты. Сол себепті, бүгінгі дәрежеге жеткенше жиғаны мен түйгенін іріктеуден өткізіп, жертөлеге шығарып тастапты. Қайда қойып, кімге тапсырарын білмей отырғанға ұқсайды.

Рас, кітап біткен Құран емес. Кітапты да адам жазады. Оқырманын таппай, отбасының қарапайым фотоальбомы секілді, бірен-саран үйдің бір бұрышында қалатындары да болады.

Марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыздай, үйін кітаптарға толтырып, оның каталогын жасап, кітап жинаудың үлкен мәдениетін сақтай білетін қаламгерлер қайда?

Айтпақшы, тағы бір ағамыздан сұхбат алғанда, үйінде кітап көп екенін көргенбіз. Ағамыз ертеректе басылған, сирек, құнды кітаптарды ең жоғарғы сөреге қойып, қастерлеп-ақ ұстайды екен. Алайда, «кейбір ағаларымыздың кітаптарын үлкенге деген құрметпен ғана ұстап отырғанын» жасырмады.

«Керек тастың ауырлығы жоқ» дейді халық. Кітаптың да адамға ауырлық етпейтіні анық еді.

Әйтсе де, сұрыптай білу, өзіңе қажетін ала білу әркімнің өз еншісіндегі шаруа.

Ең өкініштісі, сол кітап дейтін «сабырлы ұстаздың» өзін ауырсынып жататын жағдайымыз бар қазір. Басында үйі жоқ, көшіп-қонған жастардың жайын түсінуге болады. Ал үлкен тұлғаларымыз ше?

«Орын жетіспейді». Бұл орынның емес, ниеттің тарылғанынан емес пе? Ал өздері кітап жазатын, бірақ үйінде кітап ұстамайтын ағаларымызды қалай аямайсың? Бұл – кемеңгер тұлға Әбіш Кекілбаев айтқан «рухани ықпалдастықтың әлсіреуінің» кілтипаны емес пе? Жазушының кітаптарын балалары, немерелері оқымайтын күйге түсіп жатқанымыз рас па?..

Жо-жоқ, бір сәттік үмітсіздіктен туған ой еді мұнымыз.

Басқа қалса да, оқудан кітап қалады дегенге сенуге болмас. Бір кездердегідей «мода» болып, әкімнен қойшыға дейін газет-журнал, кітап алып, жата-жастанып оқитын  заман өтсе де, кітап оқитындар жоғалмайды. Саралануы, іріктелуі, сиреуі мүмкін. Тіпті, оқылатын кітап түрлері де өзгере беруі кәдік. Бірақ, кітап рухани дүниенің ең құнарлы, ең дәстүрлі азығы ретінде қалады (Адамзаттың көлік мініп, ұшаққа отырып жатқан заманында да атқа мінудің арман болып, тіпті кей жерде қатынас құралы болып қала беретіні секілді…)

Техника-технологиясы шарықтап, «заманнан озған» батыс елдерінде көше кітапханалары ашылып, оның өміршеңдік танытып отырғаны да осыны көрсетеді.

Көше кітапханалары қалай пайда болды?

1895 жылы Тодд Бола, Рик Брукс есімді оқымыстылар Америкада баспа өнімдері мен әдебиетті кең насихаттау үшін  көше кітапханаларын жасамақ болыпты. Сөйтіп, штаттың ірі қалаларының әр жеріне кітап қоятын жәшіктер орнатып шығады. Оны өздері «Little Free Library» деп атайды. Халықты тегін сауаттандыру мақсатында жасалған бастама білімді, зиялы адамдар тарапынан қолдау табады. Соның нәтижесінде бес жылдың ішінде штатта алты мыңнан астам шағын кітап жәшіктері пайда болады. Көше кітапханасын ашатындар келе-келе «кітапты ал, кітапты қайтар» деген ұранмен насихат жұмысын жүргізеді.

Лира Қоныстың айтуынша, калифорниялық көршісі сол көше кітапханаларын үйлестіріп отырған демеушілердің бірі екен. Ал көше кітапханалары расында да қарапайым халыққа игілігін тигізіп жатқан көрінеді.

«Көбі көшедегі кітап сөресінен таңдаған кітабын алып кетеді. Орнына өзі оқып болған басқа дүниені қояды. Басында бұл «кітапханалар» еріккеннің ермегі деп ойлайтынмын. Қазір пайдасы тигенін көріп отырмын» депті Лира.

* * *

Адамзат қоғамында білім мен мәдениеттің, ой-сананың, ақыл дәрежесінің бірдей болуы әсте мүмкін емес. Қай қоғамда да заманнан оза туғандар болады. Кемеңгерлікпен көптен өзгешеленген тұлғалар да туады. Олардың әңгімелесерге кісі таппай, жалғызсырайтыны өтірік емес-ау…

Әйтсе де, сен оқығанды өзгенің де білгені, білім деңгейі мен мағлұмат алар қайнар көзіңнің ортақ болғаны жалғыздықты жеңілдететін жолдардың бірі шығыр, бәлкім. Қалай десек те, рухани азығын бөлісіп жеп, замандастарының өзімен қатарласа шапқанын кемел адамның қалайтыны анық.

Ендеше, біз де бір-бірімізге сенім артып, қоғам мәдениетін өсірсек екен.

Үйге сыймаған кітапты дәстүрлі кітапханаларға ғана емес, көшедегі кітап жәшіктеріне салып қояр жағдайға жетсек, жаман болмас.

 

Нәзира БАЙЫРБЕК 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button