Қоғам

Мүгедектер жаттығу орталығына қалай жетеді?

Бір жыл бұрын елордада елімізде теңдесі жоқ Паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылды. Қазіргі күні аталмыш нысан жұмысына қатысты бірқатар түйткілдер анықталып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатына мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан орталықтың қызмет көрсету сапасына байланысты арыз-шағымдар келіп түскен. Кеше мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында осы мәселе қаралып, жауапты орган басшыларының есептері тыңдалды.

Алдымен баяндама жасаған Қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Аржан Бұғыбаев Паралимпиадалық жаттығу орталығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынғанын айтып, орталық қызметін пайдаланушылардың саны күннен-күнге артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, өткен айда нысанға 3 мыңға жуық келу тіркелген. Ал жарты жылда қызметті пайдалану 13 мыңнан асып кеткен. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбие­ленушілері, «Шарапат», «Нұрлы жүрек» орталықтарының емделушілері, тағы осы сияқты арнаулы мекемелерде емделетіндер орталық қызметіне жүгінген.Орталыққа баратындар негізінен тренажер залына көбірек барғанды қалайды. Сондай-ақ, отырып волейбол ойнау, пара-таэквондо, пара-үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысатын біраз адам бар. Кейінгі кезде йогамен айналысатындардың саны да артқан.
Алайда аталмыш орталыққа жету мүмкіндігі шектеулі жандарға қиындық тудырады. Орталық Қараөткел-3 кентінде орналасқан. Қаланың бір шетінде тұратын мүгедектер оған бару үшін қаншама уақыт жоғалтады. Нысанға қатынайтын автобустар да аз. Тиісті біліктілігі бар жаттықтырушылар мен нұсқаушылардан да тапшылық сезіліп отыр. Отырыста осы туралы айтылып, қалалық мәслихат депутаттары мен жиналысқа қатысқан мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, орталыққа арнайы авто­бустарды жіберу, нысандардың қолжетімділігіне қатысты карта жасау сынды ұсыныстар қолдау тапты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button