ЖаңалықтарМәслихат

Қала бюджеті көбейеді

Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында қала әкімінің орынбасары Андрей Лукин мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы «Астана қаласының 2016-2018 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы ұсыныс жасады. 

Қала әкімінің орынбасары А.Лукин елорданың экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі көрсеткіштерінің дамуына байланысты қала бюджетін қосымша 12 млрд 223 млн теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Бұл қаражат еліміздің бас қаласын дамытуға бағытталған міндеттерді жүзеге асыруға жұмсалып, қаржы операторлары болып табылатын басқармаларға бөлінетінін айтты.
Қаржының келесі бір бөлігі Есіл өзенінің жағалауын абаттандыруға, бірқатар әлеуметтік маңызы бар ғимараттарды күрделі жөндеуге жұмсалмақ. Қаланың көлік инфрақұрылымдарын дамытуға, жолдарды жөндеуге және әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға да бюджеттен қаржы бөлінбек. Қосымша бөлінетін қаражаттың келесі бір бөлігі – жеке иеліктердегі жер телімдерін мемлекет қажеттілігіне алу үшін қарастырылып отыр.
Қаржы бөлінетін бұдан басқа да салаларды саралай келе баяндамашы Андрей Лукин аталған өзгерістерді қамтығанда 2016 жылғы Астана бюджеті 352 млрд 776 млн теңгені құрайтынын айтты.
Сессияның күн тәртібіне қарай Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов Астана қаласы мәслихатының 2012 жылдың 6 маусымдағы «Астана қаласының әлеуметтік маңызды бағыттарының тізбесін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені депутаттар тал­қысына салды. Сонымен қатар, бас­қарма басшысы астаналық және қала маңы бағдарларына жолаушылар мен жүкті автомобиль көлігімен тұрақты тасымалдау тарифтерін келісу туралы баяндады.
Осы сессияның жұмысы барысында Астана қаласында жер учаскелерін беру жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді.
Сессия жұмысының соңында күн тәртібіне қойылған шешімдерді негізге ала отырып, мәслихат депутаттары қолдайтындарын білдіріп, дауыс берді.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button